Қазақстан өзін Орталық Азиядағы көшбасшы көрсетуге тырысып келді. Бұл аймаққа бағытталған инвестициялық ағымдарды бірінші болып қабылдауға мүмкіндік берді. Соның арасында Қытай инвестициясы да бар. Ал, соңғы кездегі ішкі-сыртқы факторлар бұл қалыптасқан жағдайға жаңа өзгерістер алып келіп жатқандай. Айталық, Өзбекстанның бірқатар реформалық қадамдармен шетелдік инвестицияларға бейімдік танытуы Орталық Азияда жаңа бәсекелестік атмосферасын қалыптастырды. Біз төменде бұған дейін Орталық Азияда Қазақстанды басты орынға қойып келген Қытайдың Өзбекстанға көңіл бұруын және оған әсер еткен факторлар туралы талдап көрмекпіз.
Қытай назарын Өзбекстанға аудартқан факторлар
Қытайдың Орталық Азия саясатында көп жыдан бері Қазақстан шүбәсіз басты орында тұрды. Қытай билігі өзінің мемлекеттік ақпарат арналары арқылы қытайлық бизнес өкілдеріне Қазақстандағы инвестицияға деген ашықтықты, дамуға деген талпынысты белгілі деңгейде дәріптегенін мойындауға болады. Яғни, Қытай үкіметі өзіндегі бизнес өкілдеріне Қазақстандағы инвестициялық ортасын дәріптеу арқылы өзінің сауда-экономикалық қарым-қатынасын тереңдетуді, содан ары өзінің ұлттық мүдделеріне тиімді жол іздегені даусыз.
Ал, жоғарыда айтып өткеніміздей кейбір ішкі және сыртқы факторлар Қытайдың назарын Қазақстаннан көрі Өзбекстанға көбірек аударып кеткенін шетелдік экономика сарапшылары көбірек айтып келеді. Отандық сарапшылар қатарында Әділ Кәукенов те өзінің мем.БАҚ-ына берген пікірлерінің бірінде Қытайдың Қазақстандағы инвестициясы барған сайын қысқарып, керісінше Өзбекстанда артып келе жатқанын алға тартқан. Бірінші кезекте сөз етілетіні әрине, 30 миллионнан астам халықтың нарғы мен 18 миллиондық нарықтың айырмашылығы. Бұл өз алдына, ал инвесторлар үшін инвестициялық атмосфера ең маңызды. Сондықтан да, Шавкат Мирзиевтың реформалық қадамдары Қытайдың назарын өзіне аударған факторлардың бірі ретінде аталады.
Өзбекстандағы реформалық қадамдарға қарамастан ондағы инвестиция атмосферасы әлі де әлі де Қазақстанның деңгейіне жете қойған жоқ. Сүйте тұра Қытайды Қазақстаннан гөрі Өзбекстанға көңіл бұруының себебі не де? Ішкі факторлардың қатарына Қазақстанда соңғы жылдары күшейіп тұрған «синофобияны» атауға болады. Қазіргі Қазақстандағы анти-қытайлық көзқарасты өткен ғасырда Кеңес одағы нәсихаттаған анти-қытайлық көзқараспен салыстыруға келмейді. Қазіргі анти-қытайлық насихаттың қайнары бір Мәскеуден ғана болып отырған жоқ. Бүгінгі Қытай мен Батыс арасындағы қайшылықтарға байланысты Батыс тараптан да келген ақпараттық дауылдардың ықпалы да бар. (Ескерте кетейік, бұл сөздер арқылы біз Қытайдың түбірлі қаупін жоққа шығарып отырғамыз жоқ).
Қытайдың Орталық Азиядағы экономикалық белсенділігін Қазақстаннан Өзбекстанға қарай ойыстыруына тағы бір себеп Бейжіңнің стратегиялық қадамы десе де болады. Қытай өзінің «Бір белдеу, бір жол» жобасының барған сайын тығырыққа тірелгенін анық біледі. Ол Батыс елдерімен мүдделік қайшылығы кезінде өзінің экономикалық дәліздерінің түрлі жағдаймен жабылып қалатынын сезді. Оның жанды мысалы Мьянмада болды. Мьянмадағы әскери төңкерістен кейін орнаған тұрақсыздық Қытайдың оңтүстік тараптар Үнді-Тынық мұхитқа шығатын ең қысқа дәлізін жауып, сол аймақтағы инвестициясына қауіп төндірді. Ал, Батыс Қытай мен Батыс Еуропаны жалғайтын құрлық жолдары бір ғана Қазақстанда болуы Қытай үшін белгілі деңгейде тәуелділікке алып келетіні шұбасыз. Сондықтан өңірдегі экономикалық дәліздерді көбейту арқылы Қытай өзінің аталмыш жобасының түпкі мақсатына жетуді көздейтіні анық.
Бұл мақсатта Қытай Өзбекстандағы реформаны дер кезінде пайдалануға тырысты және «Бір белдеу, бір жол» жобасының негізінде Өзбекстандағы инфрақұрылымдардың дамуына да мүдделі болды. Осы жалпы қозғалыстарды алып қарағанда Қытай Қазақстандағы инвестицияны толық қысқартып оның ортын бір ғана Өзбекстанмен толықтырғысы келеді деп айтуға келмейді. Бұл арада біз Қытай керісінше, екі елдегі өз инвестициясының көлемін барынша теңестіруге тырысып жатқанын көріп отырғандаймыз.
Өзбекстанның оянуы
Өзбекстан мен Қытай және Қырғызстан ортасында теміржол жобасы қазір қызу талқы үстінде. Бұл жоба іске асатын болса Қытайдың Қорғас арқылы Орталық Азияға кіретін экономикалық дәлізінің оңтүстік бағыттағы баламасына айналуы мүмкін. Бұл өңірдегі экономикалық дәліздердің көбеюіне Қытай ғана емес, Өзбекстанның өзі де мүдделі болып отыр. Осыдан бұрын Өзбекстан премьер министрі көршілес елдерді аралап Орталық Азияны Оңтүстік Азияға – Ауғанстан мен Пәкістанға тұтастыратын экономикалық дәліз жобасын жүзеге асыруды насихаттап кетті. Бұл жоба жүзеге асса Өзбекстан Орталық Азия ғана емес тұтас Орталық және Оңтүстік Азияның орталық тұтастырушысына айналады. Осының өзі-ақ Өзбекстанды өңірдегі көшбасшыға айналдыруға үлкен жол ашары даусыз.
Осының бәрін біз Өзбекстанның оянуы деп қарасақ, онда Өзбекстанның оянуына ықпал еткен қазіргі жағдайларды да атай кетейік. Біріншіден, Ауғанстан мәселесі мен өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселесінің өзектілене түсуі Өзбекстанның маңыздылығын арттырды. Өңірдегі халық саны ең көп елдегі тұрақтылық пен дамуға Қытай ғана емес алыс Америка Құрама Штаттары да мүдделі болды. Уашингтон соңғы жылдары Ауғанстан мәселесін шешуде Тәшкенттің рөлін арттырды. Екіншіден, билік алмасудан кейін бұған дейін қалыптасқан жағдай елде шартсыз реформаларды талап етті. Бұл реформалық қадамдардың қаншалық ұзаққа барып, қаншалық нәтижелі олары әзірге анық емес болса да, Орталық Азияда бәсекелестік жағдайды қалыптастыра алды.