Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммиті аяқталды. Қазақстан қабылдаған кезекті саммиттен-ақ аталмыш кеңестің кеңею мүмкіндігі бар екені байқалады. Айталық, Түркіменстан үміткер ретінде қатысып, бақылаушы ретінде қатысқан Венгрия мен Украинаның да ұйымға деген қызығушылығын танытты. Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, ұйым Түркияның Орталық Азиядағы ықпалын арттырып жатыр.
Түркі тілдес мемлекеттердің кеңесіндегі елдердің геосаяси алуандығына қарамастан болашақта іргелі ұйым болады деп санайтын сарапшылардың пікірі бізге таныс. Ұйымның басты артықшылықтарының бірі оның Еуразияны қамтыған географиялық ерекшелігінде. Түркия мен ұйымға қызығушылық танытып отырған Венгрия екеуі де НАТО құрамында болса, Украина мен Әзібайжанның Батыспен интеграциясы қарқынды дамып келеді. Ал, алдағы уақытта бұл ұйым парсы тілді Тәжікстаннан тыс барлық Орталық Азияны қамтуы мүмкін.
Сырт көз сыншы-сарапшылар Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінде Түркия мен Қазақстан ең негізгі мүшелер деп есептейді. Түркия өзінің саяси-экономикалық ықпалымен ұйымда көшбасшылық орынды көздейді. Дегенмен, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйымға құрметті төрағалығы мен барлау және қауіпсіздік органдарымен тығыз байланыстағы қазақстандық дипломат Бағдат Әміреевтің бас хатшы болуы Қазақстанның кеңестегі ықпал-орнын білдіреді деп санайды.
Қалай болмасын, кезекті саммитте бірқатар ауқымды бастамалар ортаға салынды. Айталық, Назарбаев пен Ердоған ынтымақтастық кеңестің белсенділігін оятып, ресми халықаралық ұйым етуге шақырды. Ал, президент Тоқаев түркі мемлекеттерінің инвестициялар мен интеграция қорын, білім қорын құруға, Түркістанда түркі мемлекеттерінің арнайы экономикалық аймағын ашуға, түркі өркениетін модернизациялау процесін бастап, түркі мемлекеттерін дамытуды ұсынды. Өзбек басшысы Мизиеев Орталық Азиядағы көлік және инфрақұрылым құрылысын дамытуды және Орталық Азияның Түркия мен Әзірбайжан арқылы Еуропаға кіруіне мүмкіндік беру үшін Түркі ұлттық даму банкін құруды ұсынды. Ең қызығы және назар аудартқаны Ердоғанның саммитке қатысқан елдердің басшыларын Әзірбайжанның Армениядан қайтарып алған территориясына бірге баруға шақыруы болды. Былайша айтқанда түрік президенті Армениямен Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымында мүше елдерді Әзірбайжанды қолдауға шақырды.
Әрине, Таулы Қарабақ соғысы өңірдегі геосаяси жағдайға бірқатар өзгерістерді алып келді. Соның ең елеулісі Ресей ықпалындағы Оңтүстік Кавказ аймағына түрік ықпалы мен күшінің кіруі. Бұрын Мәскеу шешімі маңызды болған осы сезімтал аймақта енді Анкара шешімі де өз маңызын көрсетіп отыр. Оңтүстік Кавказда ықпалын орнатқан Түркияның ендігі нысанасы Орталық Азия болатынын көптеген отандық және шетелдік сарапшылар айтып өткен.
Көп уақыттан бері Ресей Орталық Азия еддеріндегі өз ықпалын ұстап тұру үшін Ұжымдық Қауіпсіздік Шарт ұйымын, ал Қытай өз ықпалын және мүддесін қорғап тұру үшін Шаңхай ынтымақтастық қауіпсіздік ұйымы арқылы ұмытылыс жасап келген. Ал, Түркияға да болашақта Ресей мен Қытай ықпалындағы аймақта өз ықпалын арттыру үшін осыларға ұқсас халықаралық ұйымды қажет етеді. Бұл тұрғыдан келгенде Түркі тілді мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін Түркияға таптырмас мүмкіндіктерді бере алмақ.