Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын ел астанасы Пиоңяңда (Пхеньян) эвакуация жасап, бүкіл ел көлемінде соғыс режиміне дайындауға бұйрық берді. Сонымен бірге, Солтүстік Корея 15 сәуір күні елдің құрушысы Ким Ир Сеннің туылған күніне орай ел көлемінде мерекелік шараға дайындалып жатыр. Оңтүстік Корея ақпарат құралдары терістік көршілерінің жерасты тұрақтарына тасаланып жатқанын хабарлайды. Сол елдегі шетелдік журналистерге алдағы үлкен бір оқиғаға дайын болуды тапсырған. Армияға соғыс режиміне өту бұйырылып, елдің әр жерінде соғыс дабылы қағылған. Бұл туралы Түркия теле-радио орталығының ресми сайты, Корея және Ресей ақпарат құралдарына сілтеме жасап хабарлаған болатын.
Бүгінгі Корей түбегінің шиеленісі соғысқа бет бұруда
Корей түбегі жағдайы күннен күнге шиеленісіп келеді. Солтүстік Корея ядролық қарудан бас тартпай қасарысса, АҚШ әскери әрекеттермен дөңайбат танытуда. Жапон, Қытай, Оңтүстік және Солтүстік Корея, АҚШ, Ресей мүдделері тоғысып жатқан Солтүстік Шығыс Азияның алдағы жағдайы не болмақ? Америка алда қандай қадамдар жасауы мүмкін? Сүрия жағдайы Солтүстік Кореяда қайталануы мүмкін бе ?
9 сәуір күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Тиллерсон журналистерді қабылдағанда, алдағы уақытта Трамп үкіметінің С.Кореяға қандай әрекеттер қолданатыны туралы тіс жарып ештеңе айтпады. Десе де, ол: «Егер С.Корея ядролық сынақтарды тоқтатар болса, онда АҚШ келіссөз жүргізуді қолдайды», – деді. Ал содан бір күн бұрын Тиллерсон Сүрияға жасалған шабуыл кезінде: «Бұл осы секілді өзге елдерге жасалған ескерту, егер халықаралық нормаларды бұзушылар болса, осындай жауап алады», – деген болатын. Бұл жердегі өзге елдер дегенде меңзегені ҚХДР екені айдан анық секілді. Анығында Трамп үкіметі одан бұрын да ескертулер жасап келген болатын.
Көз алдағы жағдайда мына бір элементтерді ескермей болмайды – Солтүстік Кореяның БҰҰ Қарарын елемегені рас. Баллистикалық зымырандар мен ядролық сынақтардың көбеюі АҚШ пен оның одақтастарын алаңдататын ең басты қауіп. Екінші жағынан АҚШ билігі Трамптың билікке келуі «Америка бірінші» идеясын оятып, әлемнің әр тұсында АҚШ беделі мен ықпалын арттыруға әрекеттеніп отыр. Солтүстік Кореяға батыл әскери шаралар қабылдауы да соның басты дәлелі. Одан сырт, АҚШ-Оңтүстік Корея арасында ұзақ уақыттан бері Солтүстік Кореяға қарсы әскери әрекеттердің жоспарлары бар. Бұл Трамптың өзіне деген сенімін арттырып отыр.
Солтүстік Корея екінші Сүрия бола ма?
Оңтүстік Кореядағы «Асан» саясатты зерттеу институты өткен жылдың соңында қортынды жасап, Респонденттердің 43,2 пайызы дағдарысты шешу үшін Солтүстік Кореяға шабуыл жасау керек деп қарайтынын айтқан еді. Күш қолдануға қарсы тұратындар бұрынғыға қарағанда 9 пайызға көбейген. Әскери іс-қимылдың туылу мүмкіндігі соңғы 30 жылдағы ең жоғары шекке жетті деп көрсетеді аталған институт.
Ал кей сарапшылар Солтүстік Кореяға қарсы үлкен қадам жасау үшін АҚШ-қа аса сақтықтың қажет екенін ескертеді. Себебі, Солтүстік Корея Сүрияға ұқсамайды. Егер Сүриядағыдай зымыран шабуылы С. Кореяға жасалатын болса, онда оның зардабын мөлшерлеудің өзі қауіпті деп отыр. Әлемде С.Корея шын мәнісінде ядролық қаруға ие ел деп есептелінеді. Бұл аталған елді Сүриядан биіктетіп тұрғаны анық. Оған қоса елде оппозициялық күш жоқ болуы себепті Солтүстік Корея өзіне жасалған шабуылды тұтас ел болып қабыл алады. Сондықтан Америкаға әлі де салмақтырақ ойлануы керек дейді. АҚШ авиаматкасының С.Корея іргесіне келуі үрейлендіруден көрі, әскери шабуылға көбірек ұқсайды. Ал, КХДР бұған шын-өтірігі белгісіз еш қорықпайтынын айтты. Олар да қатаң шара қолданып, АҚШ-қа пәрменді жауап береміз деп отыр.
Осы жерде Солтүстік Кореяның ұлттық идеологиясын да ескермей болмайды. Тұтастай қатаң режимге бағындырылған терістік корейлерде соғыс шығынын есептеу, шын мәнісіндегі соғыс жеңісіне деген таным басқаша. Мұндай танымды «жабайы соғыс танымы» деуге болады. Яғни, соғыс зардабымен есептеспеу, тек қарсы жағын жойып жіберу үшін соғыс жүргізу. Екінші дүние соғысы кезінде Кеңес одағы тап осындай соғыс жүргізген болатын. Соғыс шығыны мен оның елге тигізген зардабының қасында, Берлинге басып кіру сынды жеңіс түкке де тұрмайды. Ал бүгін АҚШ соғыс ашар болса, Терістік Корея да шамасын салыстырып жатпай-ақ, соқыр соғысты ғана талдап шығады.
Қалай болған күнде де Корей түбегіндегі қатердің артуымен бірге, әлемге де ядролық соғыстың қаупі күшейіп келеді. Солтүстік Корея екінші Сүрия болмасы анық. Бірақ, Корей түбегіндегі соғыс білтесі тұтанса, оның шарпитын аумағы Сүрия мәселесінен әлдеқайда кең болмақ. Мәселе үлкен деңгейдегі соғыс әлемнің қай өңірінде болса да, түпкі мүддесі алпауыттарға барып тірелетінінде. Ядролық соғыс әлем алпауыттарын еріксіз үлкен алаңға алып кіреді. Бұл соғыста жеңуші болмайды, ал жеңілуші адамзат қоғамы болады.
“The Qazaq Times”