Қостанай облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясында депутаттар қазіргі президент Тоқаевтың бастамасын қолдап, шаһардағы басты көшелердің біріне экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы атауын берді.
Өңірлік «Костанайские новости» басылымның хабарлауынша, қаладағы ең басты көше атауын Назарбаевтың есімімен ауыстыру ұсынысын қарапайым азаматтар берген.
Бұл туралы Қостанай облыстық тілдерді басқару басқармасының директоры Гүлжан Мендекинова:
– Қалалар мен аудандардағы негізгі көшелерге Назарбаев атын беру бастамасы көтерілген. Эстафетаны біздің өңір де қабылдады. Облыстың ірі кәсіпорындары, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары, қалалық автомобиль көлігі колледжінің ұжымы, жеке азаматтардан ұсыныс түсті. Қоғамдық тыңдауға 250-ден астам адам қатысты, – деді.
Республикалық ономастикалық комиссия Қостанайдағы Юрий Гагарин көшесінің атауын Нұрсұлтан Назарбаев даңғылына ауыстыру, ал Гвардейская көшесіне Юрий Гагарин есімін беру ұсынысын қарастырып, мақұлдағандығы туралы шешім шығарған.
Кезектен тыс өткізілген Мәслихат сессиясында бұл шешімді депутаттар әдеттегідей бірауыздан қолдап дауыс берген. Тілдерді дамыту басқармасы директорының сөзінше, ескі атаумен жазылған көше тақталарын жаңартуға қаражат бюджеттен емес, демеушілердің есебінен жүргізіледі.
Республикалық көлемдегі «құрметшілік эстафетасы» туралы осыған дейін 20 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенттігі лауазымына ант беру рәсімінде «Қалалардың орталық көшелеріне Нұрсұлтан Назарбаев есімін беру қажет деп санаймын» деп ұсынысын білдірген еді. Мұны аймақтардағы әкімдіктер ұсынысты бұйрықтай қадірлеп, іле-ашала қолға алды. Нәтижесінде түгелдерлік облыс орталықтары мен ірі мегаполистерде Назарбаев даңғылдары пайда болды. Азаматтық қоғам өкілдері мен қоғам белсенділері қуықтай көшеге Алашорда басшысы Ә.Бөкейханның есімін беріп, декоммунизациялауға жататын «басы артық» атаулардан арылуда қол байлайтын құжаттық-қаржылық мәселелерді «алға тартқыш» жергілікті әкімдіктерді қатаң сынға алған болатын.
Жиырма жылдық тарихы бар, тершең мехнатпен, құйылған миллирдтаған қаржымен брендке айналған Астана атауы «Нұр-Сұлтан» деп өзгертілген кезде ел ішінде қарсылық көңіл-күй жүргеніне қарамастан, ұлық-шенділер мен зиялылар шоғыры бас изесіп, «табылған шешімге» қолдау білдіріп жатты. Жазушы Несіпбек Дәутай «Астанамыз қазақтың маңдайына біткен тұлғаның есімімен аталғаны құптарлық іс» десе, белгілі ақын Аққұштап Бақтыгереева «Сын сағаттардан сүрінбей өткен шыдамыңыз бен парасатыңызға куәміз, ризамыз» деп, бұл шешімге оң қарайтынын білдірген еді. Сонымен қатар қоғамдық пікірталас қызған тұста Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет «Елбасымыздың өзі бас сәулетшісі болған Астана қаласына Нұр-Сұлтан аты берілу жөніндегі шешімді өз тарапымнан толықтай қолдаймын!» деп ағынан жарылған-ды.