Жақында Женевада өткен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі 46 сессиясы халықаралық қауымдастық пен Батыс елдерінің Ресейдегі адам құқығы мәселесіне, саяси тұтқындар мен үкіметтің қуғын-сүргін әрекеттеріне баса назар аударып отырғанын көрсетті. Шетелдік сарапшылардың пікірінше, Путин режимі ішкі саяси қуғын-сүргінді күшейте түскен кезде халықаралық қауымдастықтың қолдауы аса қажетті деп санайды. Осының бәрі алдағы уақытта Ресейге бағытталғна қысымның ауырлай түсетінінен дерек береді.
45 елдің Ресейге шүйлігуі
Женевадағы отырыста 45 ел Ресейге қарсы бірлескен мәлімдеме жасады. Оның ең алдымен Путин билігінен оппозиция жетекшісі Навальный мен өзге де белсенділерді тез арада босатуды талап еткен. Бірлескен мәлімдеме Ресей үкіметінің, әсіресе сот жүйесінің белсенділерге қатысты шешімдерінің дерліктей саяси астары бар екенін, бұл Ресейдің халықаралық міндеттемелерін бұзғанын көрсетеді деген қорытындыны алға тартады. Бұған қоса, 45 ел Навальныйдың улану оқиғасын тексеруді талап еткен.
Аталған елдер арасында, бұрынғы Кеңестік елдер қатарынан Грузия мен Украина бар, одан тыс АҚШ, Канада, Аустралия және Жапония секілді ықпалды елдер де бар. Мәлімдеме арасында, Навальныйдің улану ісін толық тесеру талабы да бар.
Ресейге деген әлем назары
Оппозиция жетекшісі Навальныйдің улануы және ол қамалғаннан кейінгі наразылық шараларына деген Кремльдің реакциясы әлемнің назарын аударды. Путин режимі ресейліктердің саяси талаптары, олардың талап-тілектері мен азаматтық құқықтарын ескерусіз өз дегенін күшпен болсын жасайтынын аңғартуы ішкі-сыртқы наразылықты күшейтті. Женева отырысы қарсаңында Еуропа Кеңесіндегі 47 СІМ бас қосқан Министрлер кеңесі де Ресейден Навальныйді тез арада босатып, оның улануына қатысты істі терегеуді талап етті.
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі де наурыз айының бас шенінде осыған ұқсас мәлімдеме жасаған еді. Онда оппозиция жетекшісінің улануына Ресей билігі тікелей жауапты екенін айтқан. Әрі бұны үкіметті сынағандарға қарсы ескерту деп бағалаған. Әрине, Навальный ісі бойынша Ресей санкциясыз да қалған жоқ.
Сыртқы теке-тірес ішкі репрессияны күшейтті
Өткен сенбіде де Мәскеуде 200-ге жуық оппозициялық белсендіні полиция қамауға алды. Олар демократиялық бірлескен отырыс өткізуге жиналған болатын. Қамалғандар көп өтпей босатылғанымен, билік бұндай отырыс өткізуге жол бермейтін сыңай танытты. Олардың арасында бұрынғы шенеуніктер де бар және көбі Путин билігінің сойылы тигендер.
Қазіргі Путин билігінің мінез-құлқына қарағанда, Батыс елдерімен ымырасыз теке-тіреске кіріскенін байқаймыз. Кремль бұл ұстанымында Батыс құндылығын алға тартқан ресейліктерді де аймаймын деген ескертуін жасап отыр. Ресейлік саясаттанушы Морозов осыған дейін бұны сыртқы терке-тірестің ішкі репрессияны күшейтуі деп дәл бағалаған еді. Ол Путиннің оппозицияны елден аластағысы келетінін де айтқан.
Ресейдегі оппозициялық белсенділер де, шетелдік саясаттанушылар да Путин режимінің қуғын-сүргіні күшейген тұста, халықаралық қауымдастық пен адам құқығын қорғау ұйымдарының қолдауы аса маңызды деген уәж айтады. Себебі, осыған дейін ереуілдерде ұсталған адамдар рекордтық санға жетіп болды. Бұл Ресейдің билік жүйесінің де сипатын өзгерткендей болды. Әрине, Навальный ісі бойынша Ресейге қарсы Батыстың шарасы Кремль тарапынан ішкі ісіне араласу қатары айыпталды. Путин осыны желеу ете отырып, елдегі азаматтардың құқығын ескеурді де ұмытқандай.