Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов 2017 жылғы 12 сәуірде Манфред Грунд бастаған ГФР Бундестагының «Германия – Орталық Азия» парламенттік топ делегациясын қабылдады. Бұл туралы ведомствоның ресми сайты хабарлады.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың және «ЭКСПО-2017» көрмесіне Германияның қатысуы, ҚР азаматтары үшін Шенген елдеріне бару үшін визалық тәртіпті жеңілдету, ҚР мен ЕО арасындағы кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімнің ратификациялауы бойынша мәселелері талқыланды.

Қ. Әбдірахманов Қазақстан мен Германия арасында дипломатиялық қатынастар орнаған кезеңнен бастап 25 жыл ішінде елдеріміз арасында екіжақты ынтымақтастықтың жоғарғы даму деңгейіне жеткенін, ауқымды шарттық – құқықтық базасының құрылғанын, қомақты көлемде диалогтық алаңдар мен өзара іс-қимыл тетіктердің істеп тұрғанын атап өтті. Министр өзара әрекет етуді дамытуда парламенттік дипломатияның маңызды рөлін баса атап, сондай-ақ неміс тарапын Қазақстандағы соңғы конституциялық реформаның мәні туралы хабардар етті.

Неміс делегациясымен кездесу барысынан. Фото: mfa.kz

Өз кезегінде, М. Грунд Қазақстанмен парламентаралық ынтымақтастық мәселелерімен 20 жылдан астам айналысу барысында еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық табысты дамуын қызығушылықпен байқағанын айтты.

Тараптар әріптестіктің «де-факто» стратегиялық деңгейін белгіледі. Қазіргі таңда Қазақстан экономикасының шетелдік инвесторларының арасында Еуропа елдері ішінен Германия басты ондыққа және мемлекетіміздің сауда әріптестігінің басты бестігіне кіреді.

2016 жылы сауда айналымы 1,7 млрд. АҚШ долл. құрады. Қазақстан мен Германия арасындағы Шикізат, өнеркәсіп және технологиялық салалардағы әріптестік туралы келісімнің бірлесе іске асырылуы екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуында маңызды рөл атқарады.

2012 жылдан бастап Қазақстанда қосарлы кәсіптік-техникалық білім беру саласында «Назарбаев-Меркель» бастамасы бойынша германдық модель енгізілуде.

Алматыда орналасқан Қазақ-неміс университеті, Гёте атындағы институттың және Неміс академиялық алмасулар қызметінің (DAAD) Қазақстандағы өкілдіктері білім беру саласындағы ынтымақтастықтың басқа жемісті үлгісі болып табылады. Сонымен қатар, Германияда білім алатын қазақстандық студенттер санының көбеюіне байланысты, 2009 ж. ГФР-да «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының өкілдігі ашылды.

Кездесу барысында, Қ. Әбдірахманов Қазақстан мен екі ел арасындағы, сондай-ақ Еуропалық одақпен жалпы адами байланыстарын әрі қарай кеңейту тақырыбын жеке атап, Қазақстан өз тарапынан салмақты қадам басуда екенін атап өтті...

Герман делегациясының Парламенттің қос палаталарының төрағаларымен, ҚР Инвестициялар және даму министрілігінің және «Астана ЭКСПО-2017» АҚ басшылығымен кездесулері жоспарлануда.

“The Qazaq Times”