Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 14 наурыз күні коронавирус жұққан 1011 адам, ал 13-і коронавирус пневмониясына шалдыққан 9 адам тіркелді. Қазір елде 19 мыңнан аса адам (U07.1 немесе КВИ+ бойынша 15 043, U07.2 немесе КВИ- бойынша 4086) ауырып жатыр.
#U07.1 Коронавирус ПТР тесті арқылы табылған жаңа кейстердің ең көбі – Алматы қаласы (342), астана (157), Алматы (92), Қарағанды (84), Ақмола (61) өңірлерінде. Өткен тәулікте аурудан айыққан 683 адам үйіне жіберілген. Бұдан өзге сенбі, анығы наурыздың 13-і жиыны 5 адам: Алматы (3) мен Шымкент (1) қалалары және Қарағанды (1) облысында қайтыс болған.
#U07.2 13 наурыз ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 9 науқас және 2 өлім жағдайы тіркелді.
Пневмония анықталған науқстардың ең көбі – Жамбыл (6) және Алматы (2) облыстары мен Шымкентке (1) тиеслі. Сонымен қоса, Жамбыл және Қостанай өңірлерінде бір-бір адам көз жұмған. Пневмониядан айыққандар саны 174-ке артты.
#Жалпы ДенМин-нің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 19 129 науқастың 5285-і ауруханада, 13 844-і амбулаторлық бақылауда. Ахуалы нашар 231 науқастың жағдайы қиын, ондағы 51 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 38 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Осылайша әзірге вирустың таралу қатері жағынан БҚО, Ақмола, Павлодар, Қарағанды облыстары «сары», ал Алматы қаласы мен астана «қызыл аймақта» тұр.
Алматы қаласында наурыз айының алғашқы декадасында тәулігіне жүзден кем емес, 11-інен бері бұл сан еселеніп өсуде. Кейінгі екі аптада қалада 2,5 мыңнан астам науқас тіркеліп үлгерді. Сондай-ақ, сырқаттар көбейген аймақтар қатарында астана (1536) және Павлодар (916), Ақмола (897) облыстары бар.
Наурыз айының алғашқы онкүндігінде 12 мыңға таяу (КВИ+ 11 300, КВИ- 503) кейс анықталған. Кейбір сарапшылар халықаралық әуе рейстерін жиі қабылдайтын Алматы қаласындағы жағдайдың бірден ушығуын шетелден жаңа штамм келген болуы мүмкін деген долбармен байланыстырады. Бірақ министрлік пен жергілікті билік бұл болжамға қатысты қандайда бір ресми мәлімдеме жасамады.
Елде қаңтар айының екінші мен ақпан айының алғашқы жартысында науқастар қатары күрт көбейген. Ақпан айының екінші жартысында біршама кеміген еді, кейінгі кезде қайда арта бастады. Сонда да көрсеткіш құбылмалы. Мәселен, коронавирус пен осыған ұқсас пневмонияны қоса есептегенде өткен сейсенбі 741, сәрсенбі 817, бейсенбі 954, жұма 1054, сенбіде 1058 науқас анықталған.
Былтыр қыс түсер тұста бас мемлекеттік санитар-дәрігер Ерлан Қиясов Қазақстанда кезекті толқынының шарықтау кезеңі қаңтар-ақпан айларына, ал министр Алексей Цой наурыз айының соңына қарай тұспа-тұс келетінін мәлімдеген. Осы айдың басында Цойдың бірінші вице-министрі Марат Шоранов сәуір айында 20 мыңға тарта адам COVID-19 дертін жұқтыруы мүмкін деген. Дегенмен өткен айларда кемінде 20 мың жағдай тіркелгені себепті бұл цифр Қазақстанға айтарлықтай жаңалық емес.
Жалпы өткен қыста 88 мыңға тарта, жаңа жыл басталғалы Қазақстанда 70 мыңға жуық адамнан ауру анықталған. Тоқсан күнге созылған қыс мезгілінде ауырғандардың 81 мыңнан астамы коронавирус, қалған 6,8 мыңы пневмония пациенттері. Желтоқсан және ақпан айлары аралығындағы барлық көрсеткіштерді мезгілге арналған қорытынды материалдан біле аласыз.
Осыған дейін ақпарат министрлігінің coronavirus2020.kz сайты мен Денсаулық сақтау министрлігінің медиа ресурстарында жарияланған деректер бірнеше айдан бері қате беріліп келгені жайлы материалдар жариялап, ақпарат құралдарына ескерткенбіз.
(!) Пандемия модераторы – министрлік тек сенбі-жексенбіде ғана емес, мереке күндері де статистиканы толықтай жүргізуге қауқарсыз. Мәселен, желтоқсан айының 1, 16, 17, 18-і және 19-ына, 1-4, 7 қаңтар, 8 наурызға тиесілі деректер еселеп кеміген. Күздің ортасында сол кездегі ДенМин-нің ресми-ерікті өкілі Бағдат Қожахметов екінші толқында демалыс күніне қарамастан статистиканы толық көлемде жүргізуге уәде берген еді. Бірақ іс жүзінде олай болмай шықты.
Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 225 мыңға, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 50 мыңға жуықтаған. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 274,5 мыңға жеткен. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.
Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 4572-сі (КВИ+ / U07.1 – 2856, КВИ- / U07.2 – 655, ілеспе аурулардан – 1061) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 1061 адамды жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған. Ескерер жайт, министрлік КВИ- статистикасын есепке алмас бұрын жылдағыдан үш есеге өскен пневмонияның 256 мың жағдайынан (қаңтар-шілде аралығындағы) коронавирустық түрін анықтап-зерттеуден бас тартқан. Сарапшылар осы кейсті зерделеген жағдайда шынайы есеп қазіргіден әлдеқайда көп боларын алға тартады. Демек жоғарыдағы сан да нақты болмауы мүмкін.
Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 51-орында тұр.
Өткен қыс мезгілінде редакция президент Тоқаев бірнеше рет сынаса да өзгере қоймаған ресми статистикадағы кемшіліктерді түзетуге мұрындық болды. Министрлік өкілдері және есеп жүргізуші мамандарымен апталап айтысуға тура келді.
Осы уақытқа дейін КВИ+ диагнозы бойынша жаңа анықталған науқастар аймақтардағы көрсеткіші күнделікті, ал КВИ- дерегі тек жиынтық мәнде беріліп келген.
Министрлік редакция талабынан кейін статистикадағы кемшілікті мойындап, 26 желтоқсаннан бері ресми хабарламада пневмонияның бір тәулікке кешігіп жарияланатынын растап мерзімін көрсететін болды. 2 ақпаннан коронавирус пневмониясы анықталған науқастардың аймақтардағы көрсеткіші қоса күнделікті беріле бастады. Ал ақпанның 18-і коронавирус пен оның пневмониясынан қайтыс болғандардың есебін күн сайын жариялауға көшті. Бірақ соңғы статистикада мерзім жағынан қайшылық байқалды. Редакция мұны да министрлікке бірнеше мәрте ескертуге мәжбүр болды. Осылайша КВИ+ пен КВИ- дигнозынан көз жұмғандардың тіркелген күні ертеңіне емес, бір күннен кейін жарияланып келгені белгілі болды. Қате дегеніміз – ақпарат құралдары күнделікті статистиканың нақты болмауынан коронавирустан қайтқандарды өткен күнге теліп хабарлауға мәжбүр болған. 26 ақпан осы уақытқа дейін коронавирустың расталған түрінен «өткен күні» қайтыс болды делінген қате ақпарат түзетіліп, «алдыңғы тәулік» ретінде көрсетіле бастады. Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстан Үкіметі тек ПТР арқылы расталған деректерді уақытылы жариялайды, ал қалған негізгі көрсеткіштер (яғни, пневмонияға шалдыққандар, коронавирус пен пневмониядан қайтыс болған адамдар саны – QT) бір тәулікке кешігіп беріледі. Бұған денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйенің жетілмеуі себеп.
Үкіметтің 16 наурыздағы ресми мәліметіне қарағанда, Қазақстанда 76 мың адам коронавирусқа қарсы ресейлік «Sputnik V» вакцинасының алғашқы дозасын алған.