Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, елде 11 наурыз күні коронавирус жұққан 899 адам, ал 10-ы коронавирус пневмониясына шалдыққан 65 адам тіркелді. Қазір елде 18,5 мың адам (U07.1 немесе КВИ+ бойынша 14 050, U07.2 немесе КВИ- бойынша 4508) ауырып жатыр.

#U07.1 Коронавирус ПТР тесті арқылы табылған жаңа кейстердің ең көбі – Алматы қаласы (237), астана (112), Алматы (76), БҚО (71), Қарағанды (68) өңірлерінде. Өткен тәулікте аурудан айыққан 653 адам үйіне жіберілген. Бұдан өзге сәрсенбі, анығы наурыздың 10-ы жиыны 7 адам: Павлодар мен Ақтөбе  облыстарында екі-екіден, Атырау,БҚО және астанада қайтыс болған.

#U07.2 10 наурыз ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін коронавирус пневмониясына шалдыққан 65 науқас және 2 өлім жағдайы тіркелді.

Пневмония анықталған науқстардың ең көбі – Алматы (14), астана (9), Ақмола және Жамбыл (әрқайсында 7-ден), Шымкент пен  Қарағанды (әрқайсында бес-бестен) облысына тиеслі. Сонымен қоса, БҚО және Павлодар өңірлерінде бір-бір адам көз жұмған. Пневмониядан айыққандар саны 176-ға артты.

#Жалпы Наурыз келгелі Алматы қаласында тәулігіне жүзден кем емес жағдай тіркеліп, осы айдағы ең жоғары көрсеткішке жетіп отыр. Наурыз айының алғашқы декадасында 1428 науқас, яғни елдегі барлық науқастың бестен бірі қалада тіркелген. Одан кейінгі қатарда – астана (929) және Павлодар (712), Ақмола (659) облыстары.

Наурыз айының алғашқы онкүндігінде 8,6 мыңнан астам (КВИ+ 8238, КВИ- 387) кейс анықталған.

Елде қаңтар айының екінші мен ақпан айының алғашқы жартысында науқастар қатары күрт көбейген. Ақпан айының екінші жартысында біршама кеміген еді, кейінгі кезде қайда арта бастады. Сонда да көрсеткіш құбылмалы. Мәселен, коронавирус пен осыған ұқсас пневмонияны қоса есептегенде өткен  жұма 884, сенбі 819, жексенбі 657, осы дүйсенбі 575, сейсенбі 741, сәрсенбіде 817 науқас анықталған. Күн санап қарқыны кеміп жатқандай болып көрінгенімен, бұл демалыс әрі мереке күндеріне байланысты алдамшы динамика. Бұған кейінгі күндердегі жағдайдан көз жеткізуге болады.

ДенМин-нің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 18 558 науқастың 4713-і ауруханада, 13 845-і амбулаторлық бақылауда. Ахуалы нашар 231 науқастың жағдайы қиын, ондағы 47 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 45 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Осылайша әзірге вирустың таралу қатері жағынан БҚО, Ақмола, Павлодар, Атырау, Қарағанды облыстары «сары», ал Алматы қаласы мен астана «қызыл аймаққа» енді.

Былтыр қыс түсер тұста бас мемлекеттік санитар-дәрігер Ерлан Қиясов Қазақстанда кезекті толқынының шарықтау кезеңі қаңтар-ақпан айларына, ал министр Алексей Цой наурыз айының соңына қарай тұспа-тұс келетінін мәлімдеген. Осы айдың басында Цойдың бірінші вице-министрі Марат Шоранов сәуір айында 20 мыңға тарта адам COVID-19 дертін жұқтыруы мүмкін деген. Дегенмен өткен айларда кемінде 20 мың жағдай тіркелгені себепті бұл цифр Қазақстанға айтарлықтай жаңалық емес.

Жалпы өткен қыста 88 мыңға тарта, жаңа жыл басталғалы Қазақстанда 70 мыңға жуық адамнан ауру анықталған. Тоқсан күнге созылған қыс мезгілінде ауырғандардың 81 мыңнан астамы коронавирус, қалған 6,8 мыңы пневмония пациенттері. Желтоқсан және ақпан айлары аралығындағы барлық көрсеткіштерді мезгілге арналған қорытынды материалдан біле аласыз.

Осыған дейін ақпарат министрлігінің coronavirus2020.kz сайты мен Денсаулық сақтау министрлігінің медиа ресурстарында жарияланған деректер бірнеше айдан бері қате беріліп келгені жайлы материалдар жариялап, ақпарат құралдарына ескерткенбіз.
(!) Пандемия модераторы – министрлік тек сенбі-жексенбіде ғана емес, мереке күндері де статистиканы толықтай жүргізуге қауқарсыз. Мәселен, желтоқсан айының 1, 16, 17, 18-і және 19-ына, 1-4, 7 қаңтар, 8 наурызға тиесілі деректер еселеп кеміген. Күздің ортасында сол кездегі ДенМин-нің ресми-ерікті өкілі Бағдат Қожахметов екінші толқында демалыс күніне қарамастан статистиканы толық көлемде жүргізуге уәде берген еді. Бірақ іс жүзінде олай болмай шықты. 

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 221 мыңнан, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 49,5 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 271 мыңға жеткен. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 4550-і (КВИ+ / U07.1 – 2837, КВИ- / U07.2 – 652, ілеспе аурулардан – 1061) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 1061 адамды жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған. Ескерер жайт, министрлік КВИ- статистикасын есепке алмас бұрын жылдағыдан үш есеге өскен пневмонияның 256 мың жағдайынан (қаңтар-шілде аралығындағы) коронавирустық түрін анықтап-зерттеуден бас тартқан. Сарапшылар осы кейсті зерделеген жағдайда шынайы есеп қазіргіден әлдеқайда көп боларын алға тартады. Демек жоғарыдағы сан да нақты болмауы мүмкін.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 50-орында тұр.

Өткен қыс мезгілінде редакция президент Тоқаев бірнеше рет сынаса да өзгере қоймаған ресми статистикадағы кемшіліктерді түзетуге мұрындық болды. Министрлік өкілдері және есеп жүргізуші мамандарымен апталап айтысуға тура келді.

Осы уақытқа дейін КВИ+ диагнозы бойынша жаңа анықталған науқастар аймақтардағы көрсеткіші күнделікті, ал КВИ- дерегі тек жиынтық мәнде беріліп келген.
Министрлік редакция талабынан кейін статистикадағы кемшілікті мойындап, 26 желтоқсаннан бері ресми хабарламада пневмонияның бір тәулікке кешігіп жарияланатынын растап мерзімін көрсететін болды. 2 ақпаннан коронавирус пневмониясы анықталған науқастардың аймақтардағы көрсеткіші қоса күнделікті беріле бастады. Ал ақпанның 18-і коронавирус пен оның пневмониясынан қайтыс болғандардың есебін күн сайын жариялауға көшті. Бірақ соңғы статистикада мерзім жағынан қайшылық байқалды. Редакция мұны да министрлікке бірнеше мәрте ескертуге мәжбүр болды. Осылайша КВИ+ пен КВИ- дигнозынан көз жұмғандардың тіркелген күні ертеңіне емес, бір күннен кейін жарияланып келгені белгілі болды. Қате дегеніміз – ақпарат құралдары күнделікті статистиканың нақты болмауынан коронавирустан қайтқандарды өткен күнге теліп хабарлауға мәжбүр болған. 26 ақпан осы уақытқа дейін коронавирустың расталған түрінен «өткен күні» қайтыс болды делінген қате ақпарат түзетіліп,  «алдыңғы тәулік» ретінде көрсетіле бастады. Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстан Үкіметі тек ПТР арқылы расталған деректерді уақытылы жариялайды, ал қалған негізгі көрсеткіштер (яғни, пневмонияға шалдыққандар, коронавирус пен пневмониядан қайтыс болған адамдар саны – QT) бір тәулікке кешігіп беріледі. Бұған денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйенің жетілмеуі себеп.

Ведомствоаралық комиссияның 9 наурыздағы ресми мәліметіне қарағанда, Қазақстанда 33 мың адам коронавирусқа қарсы  ресейлік «Sputnik V» вакцинасының алғашқы дозасын салдырған.

"The Qazaq Times"