Алдағы халықтық мейрам Наурыз тойы қарсаңында Алматы қаласында карантин қатая түспек.

Сәрсенбі күні  Алматы қаласы мен астананың коронавирустың таралу қатері жағынан «қызыл аймаққа» қайта енгені хабарланды.

10 наурыз күні Алматы қаласындағы ахуал жайлы брифингте дерттің  аужайы сөз болды.

– Күн райы жылынған сайын қала тұрғындары бір-бірімен көбірек араласа бастады. Қала маңындағы тұрғындардың да ары-бері қозғалысы артты. Қоғамдық көлік пен адам көп жиналатын жерлерге жұрт көптеп жинала бастады, — деді Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық департамент жетекшісінің орынбасары Әсел Қалықова.

Бекшиннің орынбасары инфекцияны жұқтырғандардың көбеюіне отбасылық және салтанатты шаралардың жиілеуі, 1-5 сынып оқушыларының сабаққа бара бастауы, қоғамдық қарым-қатынастың артуы сияқты алғышарттар ісер еткенін атап өтті. Маманның сөзінше, бұдан өзге бойынан коронавирус табылған науқастар да оқшаулау режимін жиі бұза бастаған.

Ресми өкілдің мәлімдемесіне сенсек, кейінгі кезде шетелден ПТР тестінің қорытынсыз келетін жолаушы қатары көбейген. 6-8 наурыз аралығында Алматыға әртүрлі елдерден тесті жоқ 700 адам келген. Қалаға көбіне БАӘ, Түркия, Египеттен адамдар келеді.

Алматы қаласы «қызыл аймаққа» енгендіктен қалада қосымша карантин шаралары енгізіледі. Мұның бәрі 10 наурызда қол қойылатын бас санитар дәрігердің жаңа қаулысында айтылмақ. Бұған дейін Наурыз мейрамы кезінде  қоғамдық шара өткізуге тыйым салынған еді.

Осыған дейін Алматыда коронавирус жұққан 26 274 және пневмонияға шалдыққан 5393 адам тіркелген.

Былтыр 13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 220 мыңнан, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 49,5 мыңнан асқан. ДДСҰ дерекқоры мен Ұлттық статистикада Қазақстанда ауырғандар саны 269,6 мыңға жеткен. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 4529-ы (КВИ+ / U07.1 – 2821, КВИ- / U07.2 – 647, ілеспе аурулардан – 1061) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 1061 адамды жалпы статистикаға енгізбейді.

Былтыр қыс түсер тұста бас мемлекеттік санитар-дәрігер Ерлан Қиясов Қазақстанда кезекті толқынының шарықтау кезеңі қаңтар-ақпан айларына, ал министр Алексей Цой наурыз айының соңына қарай тұспа-тұс келетінін мәлімдеген. Осы айдың басында Цойдың бірінші вице-министрі Марат Шоранов сәуір айында 20 мыңға тарта адам COVID-19 дертін жұқтыруы мүмкін деген.

Жалпы өткен қыста 88 мыңға тарта, жаңа жыл басталғалы Қазақстанда 65 мыңнан аса адамнан ауру анықталған. Тоқсан күнге созылған қыс мезгілінде ауырғандардың 81 мыңнан астамы коронавирус, қалған 6,8 мыңы пневмония пациенттері. Желтоқсан және ақпан айлары аралығындағы барлық көрсеткіштерді мезгілге арналған қорытынды материалдан біле аласыз.

"The Qazaq Times"