Қырғызстанда президент Жапаров ұсынған жаңа Конституция жобасына қарсы митинг өтті. Шеруге шыққандар «заңсыз» парламенттің таратылуын талап етті. Бұған дейін халықаралық ұйымдар мен сарапшылар да бұл жобаны сынға алған.
Өзгерістер енгізілген конституцияда елдегі сөз еркіндігі мен демократияға қауіп төндіретін бірқатар тармақтар бар. Айталық, заңдық нормада анық бекітілмеген «елдің имандылығына, қырғыздың ұлттық салт-санасына қайшы іс-шараларға шектеу қойылады» деген тармақтар кездеседі. Бұны кейбір қырғыз саясаткерлері билік басындағылардың демократия мен сөз бостандығын шектеуге мақсатында қосқан күмәнді ережелер деп санайды.
Сонымен қатар, жобада президенттің өкілеті едәуір ұлғайған: ол атқару билігіне жетекшілік етіп, министрлер кабинетінің құрамы мен құрылымын анықтайды, президент әкімшілігі мен қауіпсіздік кеңесін жасақтап, оны басқарады. Егер конституция заңдық күшіне енсе, президент бас прокурор, ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, жоғарғы және конституциялық сот, судьяларды да тағайындау құқығына ие. Өз бетінше референдум де белгілей алады. Заң шығару бастамасын көтере алады.
Қырғызстандағы саяси жағдайларды бағамдаған тәуелсіз сарапшылар бұл өзгерістердің елді одан бетер тығырыққа тірейтінін айтады. Сондай-ақ, 30 жыл біртіндеп болса да алға ілерілеп келе жатқан қырғыз демократиясы дағдарыстан кейін кері кетсе бұл аймақтағы демократиялық процестерге кері әсерін тигізеді деп санайды. Себебі, маңындағы авторитарлық режимдер ендігі жерде қырғызды мысал етіп, елдегі азаматтық қоғамның прогресін кері шегіндіруі мүмкін деген болжамдар бар.