Әлемдегі әр қайсы елдің өзіндік ұлттық мүдделері, даму бағыты мен мақсаттары, түрлі стратегиялары болғанына қарамастан, олар қазір бәріне ортақ бір халықаралық ситуация астында тұр. Ол болса – әлемнің бірінші және екінші экономикасын иелеген, сондай-ақ қуатты армиялары бар АҚШ пен Қытайдың қайшылығы. Кез-келген ел өзінің мүддесін алға жылжыту үшін осы бір ірі экономикасы бар елдермен қарым-қатынас орнатуға, сауда-экономикалық байланыстарды дамытып, инвестициялар тартуға тырысады. Бірақ, олардың арасындағы теке-тірес жағдайынан айналып өту қиынға соғуда.

Қалыптасқан жағдай әлем елдерінің, әсіресе орташа және нашар дамыған елдердің көп векторлы саясат ұстануына қиындықтар алып келуде. Тіпті, кейібір елдер, көбінесе Қытайдың экономикалық ықпалындағы елдер үшін АҚШ пен Қытайдың бірін таңдауға тура келіп жатқан жағдай да бар. Мұндай таңдау жасау тәуелділікке алып келе ме деген алаңдаушылық сол елдегі саясаткерлердің басын қатыруда. Бұндай қатынас барған сайын дами түссе әлемді көп үйектіліктен екі үйекке жіктеп тастауы мүмкін деген көзқарастар пайда болуда. Әрине, қоғамының әр саласы дамыған, азаматтарының өмір сүру деңгейі жоғары, адамдардың құқықтары қамтамасыз етілген Батыс елдерін таңдау арқылы үйектің «жарқын жағында» болу қиын еместей көрінеді. Бірақ, Қытайдың соңғы әрекеттері кейбір елдердің таңдау жасауын қиындата түсетіндей. Тап қазіргі жағдайда жан алқымнан алып тұрған мұндай жағдай жоқ. Дегенмен, барған сайын бейтарап қалуға мүмкіндік бермейтін, таңдау жасау қиынға соғатын бұл қайшылықтың проблемасы күшейе түсетіндей.

Адам құқығын қорғау, демократияны қолдау бойынша Америка Құрама Штаттары әлемге үлгі және көшбасшысы ретінде танылып келді. Бұл қатарда Британия, Франция секілді Еуропа елдері де АҚШ-пен бір санатта тұрғаны белгілі. АҚШ пен Қытай-дың қайшылығы экономикалық мүдделерден алқып шыққаннан тартып Батыс елдері Қытайдағы адам құқығының бұзылуы бойынша дәлелдерді алға тарта отырып, Бейжіңнің халықаралық имиджін барынша төмендетті. Қытай билігін адам құқығын, азаматтардың діни наным-сенім бостандығын құрметтемейтін, ұлттық дәстүрлерін бұзуға тырысатын тіпті қытай емес ұлттарға геноцид жасайтынын билік ретінде әшкереледі. Әлем елдері таңдау жасарда әрине өркениетті елдердің жағында болуға тырысады, халықаралық имиджі төмендереген, демократия мен адам құқықтары жөніндегі бағасы тым нашар Қытаймен жақтас болу Батыс елдерінің қарсы алдынан шығумен бірдей саналмақ. Әлем экономикасының басым көбін иеленген бұл елдерге қарсы тарапта болу кез-келген ел үшін де оңай болмақ емес.

Бірақ, Қытай АҚШ-тың тап осы талмау жерінен соққы беруді ойластырып жатқаны белгілі болды. Құрама Штаттардың Қытайдағы адам құқығы мен демократия жағдайын сынға алып келгені секілді ендігі жерде Қытай АҚШ-тағы адам құқықтарының бұзылуы фактілерін жіпке тізгендей көрсетіп, Америка құндылығына айналған осы бір демократия және адам құқығы мәселесін АҚШ-тың өзіне қарсы қолдануға тарыспақ. Қытайдың бұл қадамы алдағы уақыттағы халықар қатынастардың жаңа қалыбын белгілігендей болды. Яғни, Бейжің «адам құқығын алға тартып тек АҚШ пен Еуропа елдері ғана айыптай алмайды. Керек болса, біз де олардағы адам құқығының бұзылуы, демократияға қайшы әрекеттерді ашып көрсете аламыз» деген жаңа халықаралық жағдайды қалыптастырғалы отыр.

Қытай 2020 жылғы АҚШ-тағы адам құқықтарының бұзылу фактілерін жинақтай отырып, жаңа мәлімдеме жасамақ. Бұл мәлімдеме АҚШ-тағы кейбір нәсілшілдік фактілерді де өз ішінде қамтуы мүмкін. Сондай-ақ, Бейжіңнің мәлімдемесі қатқыл болады деп күтіліп отыр. Кейбір тәуелсіз сарапшылар, Бейжіңнің бұл қадамы АҚШ пен Қытайдың қайшылығын жаңа деңгейге көтеруі мүмкін деп санайды. Сондай-ақ, бұл жағдай АҚШ пен Еуропа елдерінің адам құқығы мен демократия жөніндегі монополистік орындарына да кері әсері етуі мүмкін деп санайды.

“The Qazaq Times”