Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі QT редакциясының сұрауынан кейін коронавирус статистикасына қатысты тағы бір кемшілігін түзетті. Министрлік дерегіне қарағанда, осы уақытқа дейін коронавирустың расталған түрінен «өткен күні» қайтыс болды делінген ақпарат қате берілген. Дұрысы – «алдыңғы тәулікте» деп көрсетілуі керек.

Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстан Үкіметі тек ПТР арқылы расталған деректерді уақытылы жариялайды, ал қалған негізгі көрсеткіштер (яғни, пневмонияға шалдыққандар, коронавирус пен пневмониядан қайтыс болған адамдар саны – QT) бір тәулікке кешігіп беріледі. Бұған денсаулық сақтау саласындағы ақпараттық жүйенің жетілмеуі себеп.

Осы уақытқа дейін КВИ+ диагнозы бойынша жаңа анықталған науқастар аймақтардағы көрсеткіші күнделікті, ал КВИ- дерегі тек жиынтық мәнде беріліп келген.

Министрлік редакция талабынан кейін статистикадағы кемшілікті мойындап, 26 желтоқсаннан бері ресми хабарламада пневмонияның бір тәулікке кешігіп жарияланатынын растап мерзімін көрсететін болды. 2 ақпаннан коронавирус пневмониясы анықталған науқастардың аймақтардағы көрсеткіші қоса күнделікті беріле бастады. Ал ақпанның 18-і коронавирус пен оның пневмониясынан қайтыс болғандардың есебін күн сайын жариялауға көшті. Бірақ соңғы статистикада мерзім жағынан қайшылық байқалды. Редакция мұны да министрлікке бірнеше мәрте ескертуге мәжбүр болды. Осылайша КВИ+ пен КВИ- дигнозынан көз жұмғандардың тіркелген күні ертеңіне емес, бір күннен кейін жарияланып келгені белгілі болды. Қате дегеніміз – ақпарат құралдары күнделікті статистиканың нақты болмауынан коронавирустан қайтқандарды өткен күнге теліп хабарлауға мәжбүр болған.

QT ескерту-талабынан кейін министрліктің ресми хабарламасына КВИ- және КВИ+ диагноздары тұсына "*" белгісі арқылы мерзімі нақтыланды. Инфо-фото: ҚР ДСМ

Пандемия күндерегі

25 ақпан коронавирус жұққан 855 адам, ал 24 ақпан коронавирус пневмониясына шалдыққан 51 адам тіркелді. Қазір елде 20 мыңнан аса адам (U07.1 немесе КВИ+ бойынша 13 358, U07.2 немесе КВИ- бойынша 6919) ауырып жатыр.

#U07.1 Коронавирус ПТР тесті арқылы табылған жаңа кейстердің ең көбі – астана (135), Алматы қаласы (110), Павлодар (78), БҚО (75), Ақмола (74), Алматы (72) өңірлерінде. Өткен тәулікте аурудан айыққан 746 адам үйіне жіберілген. Сондай-ақ сәрсенбіде жиыны 12 адам: астана (4), БҚО (2), Ақтөбе, Алматы, Атырау, ШҚО, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласында бір-бірден қайтыс болған.

Кейінгі жарты айда Алматы вирус жұққандар саны жағынан өңірлер арасында алғашқы қатарлардан көрінді. Дегенмен қаладағы эпиджағдай «жасыл деңгейде» деп санайтын бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин 13 ақпан карантин шарасын жеңілдедетін жаңа қаулы шығарды. Құжатқа сәйкес, қоғамдық тамақтану орындары түн жарымға дейін, базар-сауда орындары апта бойы, сауна-бассейн және санаторийлерге, бильярд, боулинг, ойынханаларға, аймақтар арасында қатынайтын автобустарға жұмыс істеуге рұқсат етілді.

#U07.2  Сәрсенбі күні, яғни ақпанның 24-і коронавирус пневмониясына жататын 51 науқас және бір өлім жағдайы тіркелген. Пневмония анықталған науқстардың ең көбі – әдеттегідей Жамбыл (19), Ақтөбе (6), ШҚО мен Қарағанды (әрқайсы 5-тен), Ақмола (3) облыстарына тиесілі. Сонымен қоса, Павлодар облысында бір адам көз жұмған.

#Жалпы  Екінші толқындағы күнделікті көрсеткіш құбылмалы. Қаңтар айының екінші және ақпан айының алғашқы жартысында тәулігіне ұдайы мың шақты жағдай анықталса, кейінгі кезде қайта біршама азайып, енді қайта екпін ала бастады. Мәселен, коронавирус пен осыған ұқсас пневмонияны қоса есептегенде дүйсенбі 748, сейсенбі 827, сәрсенбі 846 науқас анықталған.

ДенМин-нің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 20 277 науқастың 4452-і ауруханада, 15 825-і амбулаторлық бақылауда. Ахуалы нашар 254 науқастың жағдайы қиын, ондағы 53 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 41 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Былтыр желтоқсан айының алғашқы жартысында 13 254, биылғы қаңтар айының бірінші жартысында 12 537, қалған жартысында 21 919 адам  және ақпан айының дәл осы уақытында 16 091 науқас тіркелген. Жалпы 2021 жыл басталғалы Қазақстанда 59 мың адамнан ауру анықталған. Жыл басынан бері Павлодар (8,3 мың), Ақмола (6,4 мың) облыстары, Алматы қаласы (6,6 мың)  және астанада (6,4 мың) жағдай ушыққан. Ал Қызылорда (442), Маңғыстау (554), Түркістан (625), Ақтөбе (635) өңірлері мен Шымкент (742) қаласында ахуал тұрақты.

Әзірге вирус таралу қатері жағынан БҚО, Ақмола, Палодар, Қостанай облыстары мен астана – сары аймақта тұр.

Осыған дейін ақпарат министрлігінің coronavirus2020.kz сайты мен Денсаулық сақтау министрлігінің медиа ресурстарында жарияланған деректер бірнеше айдан бері қате беріліп келгені жайлы материалдар жариялап, ақпарат құралдарына ескерткенбіз.

(!) Пандемия модераторы министрлік тек сенбі-жексенбіде ғана емес, мереке күндері де статистиканы толықтай жүргізуге қауқарсыз. Мәселен, желтоқсан айының 1, 16, 17, 18-і және 19-ына, 1-4, 7 қаңтарға тиесілі деректер еселеп кеміген. Күздің ортасында сол кездегі ДенМин-нің ресми-ерікті өкілі Бағдат Қожахметов екінші толқында демалыс күніне қарамастан статистиканы толық көлемде жүргізуге уәде берген еді. Бірақ іс жүзінде олай болмай шықты. 

The Qazaq Times редакциясы төмендегі кестені ресми мәліметтің реттелген нұсқасы деп санайды.

Осы қыстың басында бас мемлекеттік санитар-дәрігер Ерлан Қиясов Қазақстанда кезекті толқынының шарықтау кезеңі қаңтар-ақпан айларына, ал министр Алексей Цой наурыз айының соңына қарай тұспа-тұс келетінін мәлімдеген.

13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 211 мыңнан, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 49 мыңнан асқан. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 259 мыңға, ал Ұлттық статистикада 260 мыңға жеткен. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 4414-і (КВИ+ / U07.1 – 2733, КВИ- / U07.2 – 620, ілеспе аурулардан – 1061) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 1061 адамды жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 50-орында тұр.

"The Qazaq Times"