Жексенбіде, Қытай мен Үндістанның армиялары Гималай тауының батысындағы даулы аймақтан шегініп шықты. Бұл туралы «Рейтер» агенттігі хабарлады. Ақпарат агенттігінің бағалауынша көлді аймақтан армиялардың шегінуі екі ел шекарасындағы өзге әскери аңдысқан нүктелердегі жағдайды жеңілдете түсті.
Былтыр сәуірден бері қарай екі елдің армиясы бір-біріне сес көрсетіп он мыңдаған әскерлерін шекараға топтаған болатын. Гималайдың биік үстіртіндегі Бангоң мұзды көлінің маңында тараптар әскери аңдысу күйін жылға жуық ұстап тұрды. Қыс ортасындағы аязды қолайсыз ауа райына қарамастан тараптар шегініс жасамаған. Бірақ, үстіртті аймақта он мыңдаған әскерді ұстап тұру екі елдің қорғаныс саласына да ауыр салмақ болған еді.
Үнді-қытай әскери шенділері арасында 9 мәрте келіссөз өтті. Соның тек ең соңғысында ғана тараптар әскерлерін кері қайтару келісіміне қол жеткізе алды. Ақпанның бас шенінде келіссөзден кейін тараптар ауыр әскери техникаларды, танктер мен артиллерияны қарсыласу аймағынан шығаруға келіскен. Бұл армиялардың кері шегінуіне жол ашты. Ал, өткен сенбі күні қос тараптың өңірдегі командирлері кездесіп, әскерлерді шығару туралы талқылаған.
Бірлескен баспасөз жиынында тараптар Бангоң көлі маңынан әскерлерді шығаруды қос тарап та жақсылыққа жорыпты. Дегенмен, Үндістан мен Қытайдың Гималайды бойлай әлі де толық бекітілмеген шекара нүктелерінде әлі де қақтығыстың бұлты толық сейіліп кетпеді. Былтыр маусымда Галбан алқабындағы қақтығыста Үндістан тарабынан 20 сарбаз қаза тапқаны айтылған. Қақытғыста Қытай қанша адамының көз жұмғанын жасырып келді. Тек өткен апта да ғана қақтығыста 4 әскері көз жұмды деп мәлімдеді.