БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі Ресей, Беларусь, Қытай және Мьянмада қалыптасқан жағдайлы басты назарда ұстауы керек. Бұл туралы Ұлыбритания СІМ басшысы Доминик Рааб Женевадағы кеңестің 46-шы сессиясында мәлімдеді.

Раабтың мәлімдемесіне сәйкес, аталған елдерде адам құқықтары жүйелі түрде бұзылады. Сол себепті бұл халықаралық қоғамдастықтың келісілген әрекеттерін талап етеді. БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің кезекті сессиясы 22 ақпан мен 23 наурыз аралығында өтеді.

Қытай мен Мьянма

Ұлыбртитанияның Сыртқы істер министрі Доминик Рааб Қытай мен Мьянмаға да тоқталып өтті. Ол мәлімдемесінде Шыңжаңдағы ахуалды Қытай билігінің ушықтырып жібергенін және халықаралық нормаларды өреске һл бұзып отырғаны айтылды.

Шыңжаңдағы аз санды ұлттарға жасалған қысымдар мен Бейжіңнің адам құқықтарын ауыр дәрежеде бұзу әрекеттері көптеген елдерде талқыланып келді. 2018 жылдың тамызында БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссар басқармасының өкілдері Шыңжаңдағы түзету лагерлерінде 1 млн-ға жуық мұсылманжардың заңсыз ұсталғанын және адам құқықтарының тапталғанын мәлімдеді. Басқарма бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп, осы аймаққа бақылаушылар жіберуді ұсынды.

Қытай билігі Шыңжаңда пенитенциарлық мекемелердің ауқымды желісін құру туралы ақпаратты бірнеше рет жоққа шығарды. Сонымен қатар, 2018 жылдың соңында олар өңірде білім беру және кәсіптік даярлау орталықтары жұмыс істейтінін хабарлаған. Қытай шенеуніктерінің мәлімдеуінше, онда терроризм мен экстремизм идеяларының ықпалына түскен, қытай тілін, жазу негіздерін, коммуникативтік дағдыларды және ҚХР заңнамасының негіздерін оқитын адамдар бар. Бұл орталықтардағы адамдардың нақты санын Қытай билігі жасырын ұстап отыр.

Бұған дейін АҚШ-тың экс-мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қытайдың Шыңжаңдағы әрекетін геноцид деп таныды. Кейіннен Қытай СІМ америкалық шенеуніктерге санкция енгізетінін айтқан.

Ұлыбритания тарабы Мьянмадағы жағдайға да тоқталып өтті.  Доминик Рааб Мьянмадағы әскери төңкеріс аяқталған жағдайда елде сайлау өтуі тиіс дейді.

1 ақпанда Мьянма әскерилері елде төңкеріс жасап, биліктегі Аун Сан Су Чжи мен бірнеше саясаткерді үйқамаққа алған. Әскерилер былтыр қарашада өткен парламент сайлауының нәтижесімен келіспеген еді. Былтырғы сайлауда Аунг Сан Су Чжи басқаратын Демократияшылардың ұлттық лигасы партиясы жеңімпаз деп танылған. Әскерилер сайлау әділ өтпеді деп санайды.

2019 жылы Африкадағы Гамбия елі Мьянманы «рохинджа мұсылмандарына геноцид жасады» деп айыптап, Гаагадағы сотқа шағымданды. БҰҰ Халықаралық трибуналы Екінші дүниежүзілік соғыстан бері әлемдегі үш оқиғаны – 1970 жылы Камбоджадағы мемлекеттік терроризмді, 1994 жылғы Руандадағы оқиғаны, 1995 Босниядағы Сребреница қырғынын – геноцид деп таныған.

Ресейдегі адам құқықтары мәселесі

Алексей Навальныйдың билік тарапынан қысымға ұшырауын айтқан Ұлыбритания министрі Кеңестің басқа мүшелерін Кремльдің адам құқықтары бойынша халықаралық міндеттемелеріне сәйкес келетіндігін қарастыруға шақырды.

Мәскеудің Симоновский соты 2 ақпанда Навлаьныйдың 3,5 жылдық шартты мерзімін белгіледі. Ол жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейді. Бұған дейін Ресей СІМ-нің ресми өкілі Мария Захарова Ресей Батыс елдеріне ресми жауап беретінін айтқан.

2 ақпанда Мәскеу қалалық сотында Навальныйдың «Ив Роше» ісіндегі шартты мерзімін ауыстырды. Навальный жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейді. Шешім күшіне енгенге дейін ол тергеу изоляторында қалады. Үкім шыққаннан кейін батыс елдері Ресей билігінің бұл әрекетін «еркіндік құқығы мен заң үстемдігіне жасалған ауыр соққы» деп сынға алып, Навальныйды бостауды талап етті. Батыс елдерінің Навальныйды босату туралы дабылына Кремльдің атынан жауап берген Ресей СІМ-нің ресми өкілі Мария Захарова «негізсіз шешім» деп қысқа қайырды.

6 ақпанда Ресей Еуроодақтың үш дипломатын «заңсыз шараларға қатысты» деп айыптап, елден шығарған болатын. Енді Ресейге жауап ретінде Германия, Швеция және Польша үш ресейлік дипломатты «нон грата» деп жариялады. Германия үкіметі бұл қадамын «Мәскеудің негізсіз әрекетіне жауап» деп мәлімдеді. Сонымен қатар, Батыс елдері Кремльден Алексей Навальныйды босатуды талап етті.

Беларусь ахуалы

Беларусьтегі жағдайға тоқталған Британдық министр өткен жылы елде болған сайлауды жалған деп атады, «Лукашенконың митингке шыққандарды аяусыз қысымға алуы елдегі ірі дағдарысқа әкелді» деді.

«БҰҰ-ның Кеңесі Беларусьтегі адам құқықтарының бұзылуы, наразы топты азаптау, қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер үшін жан-жақты тергеуді жалғастыруға міндетті. Ұлыбритания Беларусь халқы өзінің демократиялық құқықтары мен негізгі бостандықтарын қолданбайынша, Беларусь билігі БҰҰ тарапынан жіті назарға алынуы тиіс деп санайды», – деді.

9 тамыз Беларусьте президенттік сайлау өтті. Сол күні ОСК Александр Лукашенконың 80,10% дауыс жинап, жеңіске жеткенін хабарлады. Сайлау нәтижелерін мойындаудан бас тартқан Светлана Тихановская кандидат ретінде 10,12% дауыс жинаған. Дауыс беру қорытындылары шығарылғаннан кейін елде жаппай наразылық акциялары басталды. Ірі қақтығыстар кезінде полиция шеруге шыққандарға қарсы оқ атып, күшпен басып-жаншуға тырысты. Қазір Беларусьте жергілікті наразылық акциялары әлі де жалғасуда.

17 ақпанда Беларусьте полиция ондаған журналист пен құқық қорғаушыларға тінту жүргізген болатын. Тінту елдің барлық облыс орталықтарында – Минск, Брест, Гомель және басқа аймақтарда таңертең басталған. Нәтижесінде, белгісіз себептермен екі адам қамауға алынған. Минскіде олар Беларусь журналистер қауымдастығының басшылығына да тінту жүргізді. Кейіннен полиция ұйымның кеңсесіне де барды. Бұл тәуелсіз ұйым 1995 жылы Беларусь журналистерінің ресми Одағына қарсы құрылған.

Гомельде сегіз тәуелсіз журналист пен құқық қорғаушылар, Могилевте екі журналист және «Весна» рталығының екі аймақтық қызметкерін тексерді. Сарапшылар Беларусь билігінің бұл қадамын «сөз бостандығына қайшылық және диктатураның айқын көрінісі» деп санайды.

"The Qazaq Times"