Қасым-Жомат Тоқаев пен Владимир Путин телефон арқылы сөйлесті. Бұл жолы тараптар өз үкіметтерінің пандемияға қарсы күресіне оң баға беріп, ресейлік вакцинаны Қазақстанға жеткізу туралы келісімге келген. Өз үндеуінде «Қазақстан медицинасы пандемияға дайын болмағанын» ашық мойындаған екінші президенттің Путинмен әңгімесінде үкімет жұмысын жоғары бағаға лайық деп тануы саясаттағы парадокстардың бір парасы сынды.
Ақорданың хабарлауынша, Путин Тоқаевтың Еуразиялық интеграцияны нығайту бойынша жоспарларына қолдау білдірген. Сонымен қатар, тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылаған.
Бір қызығы, қос президент те ресми сөйлесу кезінде Ресей мен Қазақстанның коронавирусқа қарсы күрес шараларына ризалығын білдірген. Алайда, «отшашу дауынан» кейін 8 шілдеде Тоқаев ел медицинасының пандемияға дайын болмағанын мойындаған болатын. Сол күні екінші президент Қазақстандағы ахуалдың күрт нашарлауына «экс-министр қызметіндегі қателіктер, халықтың сақтық шараларын сақтамауы» себеп бол ғанын айтып, 13 шілдені Ұлттық аза күні деп жариялаған.
Пандемия басталғанда Қазақстандағы ахуал нашарлады. Денсаулық сақтау министрлігі пневмония диагнозы қойылған науқастардың біразынан коронавирус дерегі анықталған жоқ десе де, оларды да COVID-19 хаттамасымен емдеді. Ал ауруханаларда науқастарға орын, дәріханаларда қажетті препараттар тапшылығы жағдайдың ушығуына әкеп соққан.
11 тамызда Владимир Путин Ресейдің әлемде бірінші болып коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны тіркегенін хабарлаған еді. Путин сөзінде екпенің өте тиімді жұмыс істейтінін, тұрақты иммундық жүйені қалыптастыратынын және барлық қажетті тексерулерден өткенін атап өтті. Бірақ кейбір батыс сарапшылары мен жергілікті мамандар сынақтан толық өтпеген вакцинаның қауіпсіздігіне күмән келтірген болатын. Сонымен қатар Reuters агенттігі препарат вирустың мутациялануына жол ашуы мүмкін деген. Бірақ Ресей тарапы бұл дабылды жоққа шығарды.
Путиннің бұл жаңалығынан кейін Қазақстан президенті Тоқаев құттықтау жеделхатын жолдап, сол уақытта сынақтан әлі өтпеген «күмәнді» вакцинаны алу туралы келісімге келген.
Қазақстан президентінің пандемия мен вакцина жөнінде мәлімдемелері бірінші рет сынға ұшырап отырған жоқ. Бұған дейін Үкімет отырысында Тоқаев «сынақтан сәтті өткен жағдайда, отандық вакцинаны қабылдаймын» деген. Бірақ ДенМин Қазақстанда 18 жасқа толмаған балалар мен 65 жастан асқандарға «вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы мәлімет жоқ болғандықтан», екпе салынбайтынын хабарлады. Яғни 67 жастағы екінші президентке екпе салынбайды. «Қазақстандық екпені салдырамын» деп сендірген президенттің бұл мәлімдемесі мен ДенМин хабараламасындағы қайшылық халықтың вакцинацияға деген күдігін одан ары күшейткені рас.
Қазақстан ресейлік вакцинаны ресми тіркеуден өткізбей тұрып-ақ сала бастады. Жаппай вакцина егу 1 ақпанда басталып кетті. Үкімет жыл соңына дейін 6 миллион адамға вакцина салуды жоспарлап отыр. Ал сәуірден бастап қазақстандық QazCovid-In вакцинасы егілетіні, осы екпе 1-2 сынақ кезеңінде 96 пайыз тиімділік көрсеткені хабарланды. Қазір QazCovid-In сынақтың үшінші кезеңінен өтіп жатыр.
10 ақпанда денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда 13 301 адамға ресейлік «Спутник V» вакцинасы салынғанын айтты. Осылайша, Қазақстан «Спутник V» екпесін қолдануды мақұлдаған 27-ел атанды. Қазірге дейін бұл екпені Ресейден өзге Беларусь, Аргентина, Сербия, Алжир, Парагвай, Түркіменстан, Венгрия, БАЭ, Иран секілді елдер мақұлдаған.