НАТО кеше, 17 ақпан күні өзінің кезекті қорғаныс министрлер кеңесін өткізді. Жиналыста 30-дан астам мүшесі бар әлемдегі ең үлкен қорғаныс бағытындағы ұйымның алдағы басты проблемалары талқыланды. Байден үкіметі бұл жиынға алғаш рет қатысты. Пентагонның ресми өкілі хабарлағанда, НАТО жиынында Қытайдың сын-қатерлеріне қалай төтеп беру мәселесі де қаралған.
Пентагон НАТО-ның соңғы екі жылдағы Қытай қатеріне қарсы әрекеттерін жоғары бағалап отыр. Бірақ, жаңа стратегияларды жүзеге асыру үшін әлі де көп жұмыс істеу керек деп санайды. Пентагон өкілі сөзінде: «Геосаяси жағдайлардың өзгерісіне байланысты НАТО Қытай мәселесін бірінші күнтәртіпке қоюы тиіс», – деген.
НАТО мүшелерінің қорғаныс министрлері қатысатын жиында Қытай тақырыбының кең көлемді талқыланатынын ұйымның бас хатшысы бұған дейін де хабарлаған еді. Йенс Столтенберг оның себебін Қытай мен Ресей ережелерге негізделген халықаралық тәртіпке қауіп төндіріп отыр деп түсіндірген еді. Сондай-ақ, ұйымның бас хатшысы Ресей мен Қытайдың авторитарлық қуғын-сүргінді ашық жасап отырғанын айыптады. Ол НАТО әскери мәселелерді ғана емес, экономика мен технология сияқты қауіпсіздікке айқын әсер ететін көптеген мәселелерді талқылауы керек екенін де сөз еткен.
НАТО бас хатшысының сөзінің ауанына қарағанда, бұдан кейін ықпалды ұйымның қимыл ауқымы кеңеймек. Қорғаныс саласымен шектелмей, экономика, сауда және халықаралық қатынастарда Ресей мен Қытайдың ықпалдарына қарсы әрекет етуі мүмкін. Оның үстіне НАТО өзінің саясаты өзгергені де байқалады, яғни, бұдан кейін НАТО «Кеңірек консультациялар» деген әдіспен жұмыс істемек. Бұны Йенс Столтенберг ашалап түсіндіріп кеткен. Былайша айтқанда, Қытай мен Ресейдің ықтимал қауіп-қатеріне қарсы әрекет етуде өз серіктерімен анағыұрлым тығыс кеңесіп шешетін болады.
НАТО ұйымын президент Трамп көбірек сынға алған болатын. Ол бұл ұйымды «ескірген одақ» деп те айтқаны бар. Оған қоса Трамп ұйымға бөлінетін қаржылардың әр елге бірдей емес екеніне наразылығын да білдірген болатын. Байден билігі кезекті кеңеске алғаш рет қатысты, оның командасынан Пентагон тізгінін қолына ұстаған Ллойд Остин НАТО кеңесінде әріптестерімен жолықты. АҚШ пен НАТО мәлімдемелеріне қарап, Трамп кезіндегідей емес ынтымақтастық тереңдей түсуі мүмкін деп болжауға болады. Бұған қоса НАТО алдағы уақытта Ресейді ғана емес Қытай мәселесін де басты тақырыпқа қойып, Қытай ықпалына қарсы әрекет ете бастайтыны байқалады.