Жыл басталғалы бері анықталған науқастар 50 мыңнан асты. 16 ақпан коронавирус жұққан 796 адам, ал 15 ақпан коронавирус пневмониясына шалдыққан 66 адам тіркелді. Қазір елде 22 мыңнан астам адам (U07.1 немесе КВИ+ бойынша 13 486, U07.2 немесе КВИ- бойынша 8449) ауырып жатыр. 

#U07.1 Коронавирус ПТР тесті арқылы табылған жаңа кейстердің ең көбі – астана (100), Павлодар (99), Алматы қаласы (91), Ақмола (79), Қостанай (70) өңірлерінде. Өткен тәулікте аурудан айыққан 1051 адам үйіне жіберілген, сондай-ақ 12 адам өмірден өткен.

Кейінгі аптада Алматыда вирус жұққандар саны елдегі өңірлер арасында алғашқы қатарлардан көрінді. Дегенмен қаладағы эпиджағдай «жасыл деңгейде» деп санайтын бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин 13 ақпан карантин шарасын жеңілдедетін жаңа қаулы шығарды. Құжатқа сәйкес, қоғамдық тамақтану орындары түн жарымға дейін, базар-сауда орындары апта бойы, сауна-бассейн және санаторийлерге, аймақтар арасында қатынайтын автобустарға жұмыс істеуге рұқсат етілді.

#U07.2  Дүйсенбі күні, яғни ақпанның 15-і коронавирус пневмониясына жататын 66 науқас және 2 өлім жағдайы тіркелген.

Пневмония анықталған науқстардың ең көбі – Жамбыл (10), Ақмола (9), ШҚО (8), Алматы, Қарағанда мен Қостанай (әрқайсында 6-дан) облыстарына, Шымкент және астанаға (әрқайсында 4-тен) тиесілі. Ақпараты бір тәулікке кешігіп берілетін пневмониядан айыққандар саны 235-ке артты.

#Жалпы  Екінші толқындағы күнделікті көрсеткіш құбылмалы. Қаңтар айының ортасынан бері тәулігіне ұдайы мыңнан кем емес және сол шамалас жағдай анықталса, өткен сенбіден қайта кеми бастады. Мәселен, коронавирус пен осыған ұқсас пневмонияны қоса есептегенде өткен жұма 997, сенбі 856, жексенбі 778, дүйсенбі 752 науқас анықталған.

ДенМин-нің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 22 295 науқастың 4927-сі ауруханада, 17 368-і амбулаторлық бақылауда. Ахуалы нашар 249 науқастың жағдайы қиын, ондағы 45 адамның хәлі өте ауыр. Бұдан өзге 40 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.

Былтыр желтоқсан айының алғашқы жартысында 13 254, екінші жартысында 13 353; биылғы қаңтар айының І жартысында 12 537, қалған жартысында 21 919 адам  және ақпан айының алғашқы жартысында 16 091 науқас тіркелген. Жалпы 2021 жыл басталғалы Қазақстанда 50 547 адамнан ауру анықталған. Бір жарым айда Павлодар (7,3 мың), Ақмола (5,7 мың) облыстары, Алматы қаласы (5,6 мың)  және астанада (5,4 мың) жағдай ушыққан. Ал Қызылорда (344), Ақтөбе (498), Маңғыстау (505), Түркістан (577) өңірлері мен Шымкент (647) қаласында ахуал тұрақты.

Әзірге вирус таралу қатері жағынан Павлодар облысы – қызыл; БҚО, СҚО, Ақмола, Қостанай облыстары мен астана – сары аймақта тұр.

Ақпарат министрлігінің coronavirus2020.kz сайты мен Денсаулық сақтау министрлігінің медиа ресурстарында жарияланған деректер бірнеше айдан бері қате беріліп келгені жайлы материалдар жариялап, ақпарат құралдарына ескерткенбіз. 26 желтоқсаннан бастап министрлік кемшілігін мойындап, ресми хабарламаның формасын өгертті. Статистиканың пневмонияға қатысты мерзімін көрсетіп жариялауға көшті.

(!) Пандемия модераторы министрлік тек сенбі-жексенбіде ғана емес, мереке күндері де статистиканы толықтай жүргізуге қауқарсыз. Мәселен, желтоқсан айының 1, 16, 17, 18-і және 19-ына, 1-4, 7 қаңтарға тиесілі деректер еселеп кеміген. Күздің ортасында сол кездегі ДенМин-нің ресми-ерікті өкілі Бағдат Қожахметов екінші толқында демалыс күніне қарамастан статистиканы толық көлемде жүргізуге уәде берген еді. Бірақ іс жүзінде олай болмай шықты. 

The Qazaq Times редакциясы төмендегі кестені ресми мәліметтің реттелген нұсқасы деп санайды.

Осы қыстың басында бас мемлекеттік санитар-дәрігер Ерлан Қиясов Қазақстанда кезекті толқынының шарықтау кезеңі қаңтар-ақпан айларына, ал министр Алексей Цой наурыз айының соңына қарай тұспа-тұс келетінін мәлімдеген.

13 наурыздан бері COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар қатары 204 мыңнан асса, 1 тамыздан бергі коронавирус пневмониясы 49 мыңға жуықтаған. ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 252 мыңға, ал Ұлттық статистикада 253 мыңға жақындаған. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептейді. Осы уақытқа дейін КВИ+ диагнозы бойынша жаңа анықталған науқастар аймақтардағы көрсеткіші күнделікті, ал КВИ- дерегі тек жиынтық мәнде беріліп келген. QT бірнеше ай бойы министрлікке осы мәселені көтеріп, ондаған сұрау жолдаған. Ақпанның 3-інен ғана коронавирус пневмониясының күн сайынғы аймақтық есебі жариялана бастады.

Пандемия басталғалы жалпы вирус жұққандардың 4329-ы (КВИ+ / U07.1 – 2664, КВИ- / U07.2 – 604, ілеспе аурулардан – 1061) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 1061 адамды жалпы статистикаға енгізбейді. Бұған қарсы сарапшылардың сөзіне қарағанда, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.

Қоғамда былтырғы 256 мың пневмония жағдайын есепке қоспай, жалпы статистиканы «маусым-шілде қырғынан» кейін жүргізе бастаған Үкіметтің есебіне күмәнмен қарайтындар көбейген.

Қазақстан вирус таралуы бойынша әлемде Worldometers дерекқоры, Джонс Хопкинс университеті және ДДСҰ тізіміндегі 221 ел мен аймақтың арасында 50-орында тұр.

"The Qazaq Times"