Сыртқы істер министрлігі Еуропарламенттің Қазақстанға қатысты қабылдаған сыни қарарына ресми жауап берді. Ведомство санкция сарыны сезілетін батыс сынын «үстірт әрі әділетсіз» деп санайды.
Министрліктің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мемлекеттік ақпарат құралы «ҚазАқпаратқа» берген сұхбатында резолюцияда қамтылған адам құқықтары мәселелерін терістеп, шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді. Оның айтуынша, қарар теріс пиғылдағы саясаткерлердің ұсынысымен әзірленген.
«Біздің көзқарасымыз бойынша, резолюция мәтіні елдегі шынайы жағдайды бұрмалап көрсеткен және оны теріс ұстанымдағы саясаткерлер деструктивті орталардың жалған ақпараттары негізінде ұсынған. Қазақстан мақсатты әрі жүйелі түрде адам құқығы бойынша өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асырып келеді. Президент Тоқаев өзі жариялаған «Еститін мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, ауқымды саяси реформаларды бастады. Еуроодаққа мүше елдердің мемлекет басшысы бастаған реформаларды қолдағанын ескере отырып, Еуропарламент қабылдаған аталмыш құжат пен оған пайдаланылған ақпараттардың сенімділігі түсінбестік тудырады», – деді Смадияров.
Министрлік өкілі қарар қабылданарда Қазақстандағы оң өзгерістерді елеп-ескеріп, жылы лепес білдірген еуродепутаттарға «ризашылық білдірді».
«Біз Еуропарламентпен «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» парламентаралық ынтымақтастық комитеті аясында жұмысты жалғастыруға дайынбыз және диалогтың адал әрі сыйластықта болуы өте маңызды», – деді ол.
Смадияров көктемгі карантин кезінде қоғам қызу араласуынсыз асығыс қабылданған бейбіт жиындар өткізу, сайлау және саяси партиялар туралы заңдарды «адам құқықтары саласындағы қазақстандық заңнаманы халықаралық стандарттарға келтіру процесіндегі маңызды қадам» деп бағалады.
Министрлік Тоқаев ұсынған реформаларды «іске асыру – азаматтық қоғамның саяси өмірге араласуын одан әрі кеңейтуге, парламентаризмді, көппартиялықты (Қазақстанда биылғы сайлау қарсаңы тұрмақ кейінгі бірнеше жылда бірде-бір саяси партия тіркелмеген – QT) дамытуға, тұтастай алғанда елді демократияландыруға ықпал ететін болады» деп есептейді.
Осыған дейін өткен бейсенбіде Еуропарламент қабырғасында Қазақстандағы адам құқығына қатысты «қордаланған мәселелер» жөнінде арнайы қарар қабылданған. 20 талаптан тұратын құжатта еуродепутаттар елде тәуелсіз ұйымдар мен белсенділердің қудаланып, қамалып, қысым көріп жатқанын сынаған. Кейбір қоғам белсенділерінің (Дулат Ағаділ, Ева Божена Копач, Аманбике Хайрулла, Серік Ораз және Ғарифулла Ембергенов – қарардан) «ықтимал саяси себептен» қаза болғанын, олардың өлімін «ашық әрі әділ тексерілуіне билік кедергі жасап отырғанын» айыптаған.
Malim.kz редакциясының жазуынша, Қазақстан мәселесі қаралған сессияда фин еуродепутаты Хейди Хаутала елде жүріп жатқан саяси қудалаулар мен қамауларға Тоқаев жауапты екенін ескертіп, билік өкілдерін жауапқа тартып, санкция салатын уақыт жеткенін айтқан.
«Президент Тоқаев азаматтық қоғам өкілдерін қудалауға, жаппай қамаулар мен оппозиция мүшелерін басып-жаншуға тікелей жауапты. Қазақстан билігін жауапқа тартатын уақыт жетті. Бізде адам құқығына қатысты жаһандық санкция режимі бар. Соны қолданайық», – деп мәлімдеген депутат.
Қазақстанда кейінгі жылдары белсенділер мен тәуелсіз ұйымдарды қудалау күшейген. Былтыр қараша айында, парламент сайлауының қарсаңында «Адам құқықтарын қорғау бюросы», «Халықаралық құқықтық бастама», «Медианет халықаралық журналистика орталығы», «Эхо», «Еркіндік қанаты» тәрізді азаматтық қоғам ұйымдары салықтық тексеруге алынып, бірнешеуіне сот айыппұл салып, кейбірінің жұмысын үш айға тоқтатқан. Құқық қорғаушылар мен ұйым өкілдері мұны «саяси астарлы қысым» екенін айтқан. Дегенмен қоғамда зор дау тудырған жағдайдан кейін салық органдары шешімдердің күшін жойған.