esҚытайдың ең сенімді одақтасы саналатын Пәкістан осы дүйсенбіде мәлімдеме таратып, Араб теңізінің солтүстігінде әскери жаттығу үшін 45 елдің әскери кемелерін қабылдайтынын айтты. Бұл елдердің арасында, АҚШ, Қытай және Ресей де бар. Осылайша, Ресей соңғы он жылдықта алғаш рет НАТО мүшелерімен әскери жаттығуға қатыспақ.

Пәкістан үкіметі екі жылда бір рет өткізілетін «Бейбітшілік үшін ынтымақ» (AMAN) көпұлтты оқу-жаттығуларының мақсаты – халықаралық ынтымақтастықты дамыту және теңіз қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қатер төндіретін қарақшылық, терроризм және басқа да қылмыстық әрекеттерге қарсы тұру деп көрсеткен. Сондай-ақ, ресми мәлімдемеде: «Қатысушы елдер әскери жаттығуларға құрлық және әуе техникаларын, арнайы жасақтар мен теңіз командаларын әкеледі», – делінген.

«Бейбітшілік үшін ынтымақ» жаттығуына Ұлыбритания, Түркия, АҚШ қатарлы НАТО елдеріне қоса, Бангладеш, Шри-Ланка, Индонезия және Африка Одағындағы елдері қатысады.

Ресей соңғы рет НАТО елдерімен 2011 жылы Испанияға жақын теңізде Bold Monarch атты бірлескен жаттығуға қатысқан. 2014 жылы Қырым мәселесінен кейін НАТО мен Ресей қатынасы шиеленісіп кетті.

Қытай-Пәкістан қатынасы

Пәкістан экономикалық, инфрақұрылымдық дамуында Қытайдың қолдауына көбірек сүйенеді. Пәкістан теңіз флотының қолбасшысы және контр-адмирал Навид Ашраф әскери жаттығуға қатысты мәлімдемесінде, бірлескен жаттығу Пәкістан ғана емес дамуы мен ұлттық қауіпсіздігі теңізге тығыз байланысты барлық елдердің қажеттіліген туғанын айта келіп: «Пәкістанның сауда және инфрақұрылымды дамыту жобалары мұхитқа өте тәуелді, бұл «теңіз тұрақтылығын» біздің ұлттық қауіпсіздігіміздің маңызды күн тәртібіне айналдырады», – деген.

Бірнеше миллиард АҚШ доллары құнына ие «Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізі» (CPEC) жобасы Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» атты жаһандық экономикалқы жобаларының бір бөлігі саналады. Бұл жоба Қытай мен Пәкістан арасындағы экономикалық қатынастарды қоюлатты. Оған қоса екі ел дәстүрлі түрде әскери одақтас саналады.

Екі ел арасындағы әскери ынтымақтастықтың күшейіп келе жатқанын Пәкістанның адмиралы Амджад Хан Ниази Қытайдың Global Times газетіне берген сұхбатында да растаған болатын. Ол: «F-22P фрегаттарын, басқарылатын ракеталық шабуылдаушы қайықтарын, тікұшақтарын және ең жетілдірілген зерттеу кемелерін сатып алу арқылы екі елдің әскери-теңіз күштері ынтымақтастығы нығайды», – деген еді. Ол сондай-ақ Пәкістан Әскери-теңіз күштері Қытаймен «Хангор» класты сегіз сүңгуір қайық, төрт 054A / P фрегаты және орташа биіктікте ұзаққа шыдай алатын жауынгерлік дрондар жасау туралы келісімге қол қойғанын растаған.

Қытайлық вакцина

Дүйсенбі күні Пәкістан армиясы Қытай Халық азаттық армиясы жолдаған коронавирусқа қарсы вакцинаны қабылдап алды. Әрине, Пәкістан қарулы күштері ресми мәлімдеме арқылы Қытай Халықтық-азаттық армиясына алғысын білдірді. Осылайша Қытай алғаш рет шетелдік армияны вакциянамен қамдап отыр.

Қытайдың мұхиттардағы маңызды экономикалық аймақтарға шығатын бірінші дәлізі Мьянмада әскери төңкеріс болып, белгелі деңгейде саяси тұрақсыздық орнады. Кейбір тәуелсіз сарапшылар бұның артында Қытайдың жаһандық ықпалына тосқауыл қойғысы келетін Батыстық мүдделі топтар тұр деп санайды. Кімдерден болмасын бұл өзгеріс Қытайдың екінші (Пәкістан дәлізі), Үшінші (Қазақстан) дәліздеріндегі белсенділігін арттыруы мүмкін.

“The Qazaq Times”