Әр елдің стратегтері, сарапшылары соңғы кезде болып жатқан Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы өзгерістерге баса назар аударып отыр. Сондықтан да бұл тақырыпқа мүмкіндігінше күн сайын соғып отыруға тура келеді. Кеше, Пентагон USS Nimitz авиа-тасымал кемесін және оның шабуыл тобын Үнді-Тынық мұхиты аймағына жібергенін мәлімдеді. Осымен АҚШ-тың үшінші алып кемесі Қытайға жақын теңіз-мұхитқа кірді. Осының өзі мүдделі елдердің стратегтеріне өңірдегі жағдайды бағамдауға жеткілікті.
Өңірдегі қазіргі жағдайды қысқаша былай тізбелеуге болады: Бейжің Тайуанға (Тайвань) әскери, дипломатиялық, экономикалық қысымын күшейтті, әскери үшақтарымен Тайуан кеңістігіне қауіп төндіруде; Мьянмада билік әскерилердің қолына өтті; Вьетнамда билік ауысты; Аустралия өңірдегі ықпалын арттыру үшін аймақ елдерімен түрлі бағдарламаларды жүзеге асыруға талпынып жатыр; Жапония Тынық мұхитының батысында еуропалық теңіз державаларымен әскери жаттығуларға дайындалуда; Қытайдан шегінген ірі компаниялар Шығыс Оңтүсткі Азия елдеріне орналасуда, бұл өңірдің жаһандық экономикалық маңызын күшеюде; Өңірге Қытай мен АҚШ өз ықпалын орнатуға талас жүріп жатыр.
Байден үкіметі Қытайдың сын-қатеріне қарсы тұру үшін одақтастарымен тығыс жұмыс істейтінін байқатты. Қызметке кірісе салысымен Пентагон мен АҚШ Мем. департаменттің жаңа жетекшілері Остин мен Блинкен өзінің Аустралия, Жапония, Корея және Үндістандағы әріптестерімен өңірдегі стратегиялық қадамдар туралы сөзді пісіріп алғаны кезекті АҚШ қадамдарынан байқалуда. Өңірдегі болып жатқан өзгерістердің де түбі АҚШ-тағы билік алмасуға барып тіреліп жатқаны анық.
АҚШ пен Жапония қорғаныс министрлерінің сөйлесуінде Сенкаку аралдары (Қытай Дяоүйдау деп атайды) екі елдің ортақ қорғауында болатынын айтқан. Ал, Блинген қызметіне кіріскен алғашқы күніа-қ Филиппин СІМ басшысымен сөйлескенде Филиппиннің қарулы күштері, үкіметтік кемелері мен ұшақтары Тынық мұхитында қарулы шабуылға ұшыраған жағдайда АҚШ пен Филиппин арасындағы өзара қорғаныс шарты нақты қолданысқа түсетінін, бұған тіпті Қытай таласып отырған Оңтүстік Қытай теңізі де кіретінін айтқан.
Бұдан кейін Қытай шенеуніктерінің сөзі сәл жұмсарғандай болды. Айталық, дүйсенбіде ҚКП Орт.Ком Сыртқы істер жөніндегі саяси бюросының мүшесі Яң Жиешы сөзінде: «Қытай АҚШ-пен қайшылықсыз, соғыссыз, өзара сыйласымды және табысты ынтымақтастық жасауға дайын», – деп білдірді. Бірақ, сонымен қатар АҚШ-қа Тайуан мен Оңтүстік Қытай теңізі сияқты Қытайдың егемендігі мен территориялық тұтастығына қатысты мәселелер «қол тигізбеу» туралы ескертті.
Бұдан бір күн өткеннен кейін АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі: «Біз Қытайдың агрессиялық және мәжбүрлеу әрекеттеріне қарсы тұрамыз, негізгі әскери артықшылықтарымызды шоғырландырамыз, демократиялық құндылықтарды қорғаймыз, озық технологияларды зерттеуге және дамытуға қаражат саламыз, сондай-ақ маңызды ынтымақтастық жобаларын қалпына келтіреміз», – деп ашық айтты.