Кейінгі кезде салық органдарының «саяси астарлы қысымына» ұшырадық деген MediaNet Халықаралық журналистика орталығына қатысты әкімшілік іс тоқтатылды.
Бұл жөнінде орталық директоры Әділ Жалилов мәлімдеді. Ұйым салық қызметі өкілдерінің заңсыз әрекетіне байланысты шағым бойынша соты жалғастырады.
«Біз саналы ақылдың үстемдік құрғанына ризамыз. Бізді жауапқа тартуға тырысқан бұл заң – абсурд. Бұл Ресейдің шетелдік агенттер туралы заңына ұқсайды, 1937 жылғы репрессияның көлеңкесі. Тап осы жағдайда мемлекеттің кері қайтарғанына қуаныштымыз, енді тәуелсіз ұйымдарға қатысты барлық істер тоқтауы керек. Сонымен қоса, салық органдарының әрекетсіздігі туралы шағым бойынша сотқа жүгінуді жалғастырамыз. Ең болмағанда, заңның сақталуы үшін соңына дейін баруымыз тиіс», – дейді Жалилов Vlast.kz редакциясына берген пікірінде.
Ол сөз арасында салық органдарына «жоғарыдан» тапсырма берілгенін айтап өтті :
«Шындап келгенде, салық органдарын түсінемін. Өйткені жоғарыдан осындай пәрмен берілген. Олар таққан айыптың соншалық абсурд екенін, көптеген заң бұзушылықтарға барғанын өздері түсінетіні анық білініп тұр. Меніңше, салық органдары «абсурд әкімшілік істің» ауыртпалығынан құтылғанына қуанған да болар. «Суық ақыл» жеңер деп үміттенемін. Бізді қолдаған барлық журналистер мен халықаралық ұйымдарға зор алғыс білдіреміз», – деп түйіндеді.
Осымен қатар, MediaNet орталығы мен оған қарасты Factcheck.kz сайты арнайы мәлімдеме таратты:
«Бүгін MediaNet Халықаралық журналистика орталығына қатысты қозғалған әкімшілік іс жүргізу тоқтағанын қуанышпен хабарлаймыз! Өздеріңіз білетіндей о баста Заң мен әділдіктің біз жақта екеніне сенімді болдық. MediaNet – барлық Заңдарды сақтайтын ұйым. Біз өзіміздің тәуелсіздігіміз бен демократиялық құндылықтарымызға адалмыз және адал болып қала береміз. Бізді қолдап, қолтығымыздан демеген баршаңызға алғысымыз шексіз!»
Қаңтар айының соңында адам құқықтарын қорғаумен және азаматтық іспен айналысатын жеті бірдей қоғамдық ұйым салық қызметінің тарапынан қысым жасалғанын жариялаған. Сайлау қарсаңы мен жыл басында ұйымдарға кейінгі бірнеше жылдағы салық есебінің 17 және 18 формаларын толтыру кезінде бұзушылықтар болғаны жайлы хабарлама жіберілген. Салдарынан үкіметтік емес ұйымдарға, соның қатарында «Эхо» мен «Халықаралық құқықтық бастама» ұйымының әрқайсына 400 АЕК (1 166 800 теңге) көлемінде айыппұл салынып, үш айға қызметі тоқтатылған. Тағы бірі Қазақстандағы Адам құқығы және заңдылықты сақтау халықаралық бюросына 800 АЕК (2 333 600 теңге) мөлшерінде айыппұл кесіліп, қызметі 3 айға тоқтады. Сайлау барысын бақылайтын «Еркіндік қанаты» ұйымына 100 АЕК (277 800 теңге) шамасында айыппұл салынған. Осылайша төрт қана бейүкіметтік ұйымға кесілген айыппұл көлемі 5 миллион теңгеге жуықтаған.
«Биліктің тықыры таяғанын» дабыл қаға ескерткен MediaNet халықаралық журналистика орталығы мен Орталық Азиядағы фактілерді тексеру бойынша алғашқы ресурс Factcheck.kz сайтына да 5,5 миллион теңге айыппұл салу және бірнеше айға жұмысын шектеу қаупі төнген. Қоғамдық ұйымдардың қысымға сайлау қарсаңында ұшырағанын айтқан ақпарат құралы мұны «саяси қысым» деп бағалаған.