АҚШ «Ашық аспан» туралы келісімшартқа қайта оралуды жоспарлап жатыр. Бұл туралы Мемлекеттік департаменттің өкілі Нед Прайс мәлімдеді.
Былтыр қарашада экс-президент Дональд Трамп АҚШ-тың келісімнен шығу себебін Ресейдің құжат шарттарын сақтамауымен байланыстырған. Ал АҚШ мемлекеттік департаменті Ресейдің Абхазия және Оңтүстік Осетиямен (Ресей оларды тәуелсіз мемлекеттер деп атаса, Америка мен көптеген елдер Грузияның аумағы деп санайды) шекарасы маңында әуе кеңістігін бақылауға рұқсат бермегенін айтқан. Бұған қоса, Украинаның аумағы саналатын Қырымда ұшақтарға арналған жанар-жағар май станциясын орналастырғанын хабарлаған.
Шешімді Вашингтонның НАТО бойынша бірқатар одақтастары мысалы, Германия қолдамаған. АҚШ-тың өзінде бірқатар сарапшылар мен саясаткерлер Ресей келісімді бұзса да, АҚШ одан шықпауы тиіс деп санады. Қазіргі президент Джо Байден де келісімді қайтару керек деп мәлімдеді.
АҚШ пен Ресей орта және қысқа қашықтықта ұшатын зымырандар туралы келісімшартты тоқтатқан. Стратегиялық шабуылдаушы қарулар (СНВ-1) туралы 2021 жылға дейін күші бар келісім мәселесінде де белгісіздік байқалған. Байден бұл келісімнің мерзімін ұзартуды қолдады.
«Ашық аспан» туралы келісімшартқа 1992 жылы Хельсинкиде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше 23 мемлекеттің өкілдері қол қойды. Құжаттың қабылдануына Мәскеу белсенді атсалысқан.
Қазіргі уақытта бұл ұйымда 34 мемлекет бар. Келісім бойынша ұйымға мүше мемлекеттерге бақылаушы есебінде әскери іс-әрекеттерді бақылау үшін бір-бірінің аумақтары арқылы ұшуға рұқсат берілген. Кейіннен Ресейдің құжаттағы талаптарды бұзғаны анықталып, 2017 жылы Уашингтон ресейлік бақылаушы рейстерге бірқатар шектеулер енгізген.