Мәскеудің Симоновский аудандық соты Алексей Навальныйдың «Ив Роше» ісі бойынша алған шартты жазасын түрме жазасына алмастырды. Тергеу изоляторы мен үйқамақтағы мерзімін есептегенде оппозиционер колонияда 2 жыл 8 ай отырады.
Сотқа Еуропаның 20 шақты мемлекетінің дипломаттары қатысты. Кеше таңертеңнен бастап көшелер жабылып, Навальныйды қолдауға келген 350 жақтасы ұсталды.
Үкім шыққаннан кейін батыс елдері Ресей билігінің бұл әрекетін «еркіндік құқығы мен заң үстемдігіне жасалған ауыр соққы» деп сынға алып, Навальныйды бостауды талап етті.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен өзінің Twitter-дегі парақшасында: «АҚШ Ресейдің Алексей Навальныйға қатысты әрекетіне қатты алаңдаулы. Біз тағы да оны дереу шартсыз босатуға шақырамыз, сонымен бірге өз құқықтарын жүзеге асырғаны үшін заңсыз ұсталғандардың барлығы да босатылуы тиіс», – деп жазды.
Бұған дейін бірқатар халықаралық ұйымдар мен АҚШ Кремльдің Навлальныйға қарсы әрекетін қатаң сынға алған. Amnesty International ұйымы мен Еурокеңес өкілдері де Ресей билігін қатаң айыптап отыр. «Алексей Навальный саяси белсенділікке деген құқығынан және сөз еркіндігі құқығынан айырылды. Amnesty International оны ар-ұждан тұтқыны деп қарастырады және оны ешқандай шартсыз дереу босатуды талап етеді» делінген ұйымның баспасөз хабарламасында.
2014 жылы Алексей Навальный мен оның ағасы Олег «Ив Роше» ісінде алаяқтық пен қаржы жымқыру үшін кінәлі деп танылды. Олег Навальный үш жарым жылға жалпы режимдегі колонияға, Алексей үш жарым жылға шартты түрде сотталды. Оның сынақ мерзімі былтыр 30 желтоқсанда аяқталды.
Биыл 20 тамызда Томск қаласынан Мәскеуге бет алған оппозиционер саясаткер Алексей Навальный бортта жағдайы нашарлап, ұшақ дереу Омбы қаласына қонуға тура келген. Кейін жедел жәрдеммен оппозиционерді Омбыдағы ауруханаға жеткізген. Кейін Германия Навальныйды Берлиндегі ауруханаға әкету үшін арнайы санавиация жіберген. Басында Омбы дәрігерлері Навальныйды орнынан қозғауға болмайды деп оны Германияға жіберуден бас тартқан. Кейін омбылық дәрілерлер Навальныйды ауруханадан әкетуге рұқсат беріп, Навальный 22 тамызда Берлинге жеткізілген.
17 қаңтарда Навальный Берлиннен оралғаннан кейін бірден Шереметьево әуежайында ұсталды. Оны Химки полиция бөліміне алып кетті және келесі күні сот отырысы өтті. Сот оппозиционердің қамалу мерзімін 30 күнге ұзартып, «Матросская тишина» тергеу изоляторына жіберді.
23 және 31 қаңтарда Ресейдің көптеген қалаларында Навальныйды қолдау мақсатында наразылық акциялары өтті. «ІІО-Инфо» есебі бойынша бірінші акцияда 4 мыңнан астам, ал екінші акцияда 5,5 мыңнан астам адам ұсталған. Полиция наразыларды күшпен таратып, соққыға жықты.