Арменияның территориялық тұтастығы Иран үшін аса маңызды. Бұндай мәлімдемені Иран СІМ басшысы Махмұд Жевад Зариф Армениядағы сапары кезінде жасады. Ол Иран Арменияның және өңірдегі өзге де елдердің тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығының сақталуын қолдайтынын жеткізген.
Теһран (Тегеран) өңірлік стратегиялық қадамдарын алға жылжытуға әрекет етуде. Бұл ретте Иран сыртқы істер министрі Зариф осы мақсатта бірқатар көрші елдерге сапар үстінде. Әзірбайжан мен Ресей сапарынан кейін Зариф Арменияда болды, алдағы сапар жоспарында Грузия мен Түркия тұр.
Баку сапарында Зариф: «Бауырлас әзірбайжандардың өз территорияларын қайтарып алғанын құттықтаймыз», – деп мәлімдеген болатын. Ал, Ереван сапарында: «Арменияның территориялық тұтастығы – Иранның қызыл сызығы», – деген пікірін айтты. Ол сондай-ақ, Арменияны Иранның маңызды көршісі деп бағалаған.
Иран Арменияның төртінші экономикалық серіктесі саналады. Алайда, Әзірбайжан да Иран үшін аса жоғары стратегиляық маңызға ие көршісі. Оңтүстік Кавказда Теһранның стратегиялық мүдделері көп. Бұл аймақта Ресейден тыс Түркия мен Иран өзінің ықпалын арттырғысы келеді. Таулы Қарабақ қақтығысынан кейін аймақта Ресейдің ықпалы біршама әлсіреп, Түркия өзінің бірқатар мақсаттарына қол жеткізе алды. Иран Таулы Қарабақ жанжалы кезінде жіберіп алған мүмкіндіктерінің орнын толтыруға әрекет етуде.