Ұлыбританияда тіркелген коронавирустың жаңа штамы 60 елде анықталды. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Женевада жарияланған апталық эпидемиологиялық бюллетенінде хабарлады.

«12 қаңтардан бастап коронавирустың өзгерген түрі тағы 10 мемлекетте тіркелді. Ал Оңтүстік Африкадан шыққан вирус тағы үш елде анықталды және олардың жалпы саны 23-ке жетті. Бразилияда P. 1 деп аталатын коронавирустың бір түрі табылып, B. 1.1.28 мутациясының тағы бір жағдайы тіркелді. Алайда, бұл вирустардың қнашалықты жұқпалы екендігі туралы жеткілікті ақпарат жоқ. ДДСҰ сарапшысы Мария ван Керкхов 8 қаңтарда Женевада өткен брифингте Ұлыбританияда анықталған коронавирустың жаңа штамы әдеттегі нұсқаға қарағанда тез таралатынын растады.

Бұған дейін халықаралық ұйым «коронавирустың жаңа нұсқалары пайда болуы мүмкін» деген. Себебі вирус үнемі өзгеріп, мутацияға ұшырап отырады.

ДДСҰ-ның төтенше жағдай жөніндегі комитеті 14 қаңтардағы отырысында барлық мемлекетті мутацияланған вирустың геномдық реттілігі туралы ғылыми зерттеулерді арттырып, қолда бар ақпаратпен бөлісуге шақырды.

Ұлыбритания мен Оңтүстік Африкада коронавирустың жаңа штамдары желтоқсанда белгілі болды. Ғалымдардың пікірінше, жаңа коронавирустың екеуі де жұқпалы және агрессивті. Дегенмен, бұл штамдар өзара байланысты емес.

Сонымен қатар, коронавирустың жаңа түрі кәдімгісіне қарағанда 50-70% жылдам таралатыны белгілі болды. Вирус мутациясы Ұлыбританияда шапшаң жайылып барады, соның салдарынан аталған елде кейінгі күндері бір тәулікте 50 мыңнан астам науқас тіркеліп жүр. Бұл бұрын-соңды тіркелмеген жоғары көрсеткіш. Билік қайтадан жаппай локдаун енгізуге мәжбүр болған.

Ұлыбританияда Covid-тің өзгергені жайлы ақпарат алғаш рет желтоқсан ортасында айтыла бастаған. Инфекционистердің пікірінше, жаңа штамм коронавирусты жеңе алмаған иммунитеті әлсіз науқас ағзасында жетіліп, дамыған болуы мүмкін.

"The Qazaq Times"