Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 пандемиясының екінші жылы біріншісіне қарағанда ауыр болуы мүмкін деген болжам жасады. Соңғы екі аптада ауру жұқтыру статистикасы рекордтық көрсеткішке жеткен.
ДДСҰ төтенше жағдайлар жөніндегі директоры Майкл Райан: «Коронавирус пандемиясы екінші жылға ауды. Аурудың таралу динамикасын ескерсек, биылғы жағдай былтырдан да ауыр болуы мүмкін. Әсіресе, Еуропа мен Солтүстік Америкадағы жағдай күрделі. Ауа райының қолайсыздығынан індет ел арасында тез тарай бастады», – дейді.
20 желтоқсанда коронавирустың мутацияға ұшыраған түрі Ұлыбританияда тіркеліп, дерт үдеді. Бұл вирус әлдеқайда тез таралады дейді ғалымдар. Желтоқсанның басында-ақ Лондонда вирустың осы түрін жұқтырғандардың үлесі дертке шалдыққандардың 60%-на жеткен.
Ресми мәліметтер бойынша, вирус адамдар арасында 70%-ға тез тарайды. Бірақ қауіптілігі жағынан бұрынғы түрінен ерекшеленбейді. Жаңа штамм алдыңғы коронавирусқа қарағанда адамдарға тез жұғатыны анықталған. Әлемнің көптеген елі корольдікпен әуе қатынасын тоқтатып, бұл елдерден келген адамдарды қатаң тексеруге кірісті .
Әзірге «Британдық» вирус нақты осы елде өзгеріске ұшыраған ба, ол да белгісіз. Оның осы елде иммунитеті әлсіз, вируспен күресуге дәрменсіз науқастың ағзасында пайда болғанын немесе болмаса сырттан келгенін әлі ешкім анықтаған жоқ.
Коронавирустың өзгерген түрі қазірге дейін 20-дан астам елде тіркелді. Оның ішінде Дания, Италия, Ресей мен Австралия бар. Вирус жұқтырған адамдардың барлығы таяуда ғана Ұлыбританиядан оралған. Ал Германияда вирус табылған отбасы Африкада саяхатта болған.
Қазір әлемде дертке шалдыққандардың жалпы саны 92,3 миллионға жетті. 2 миллионға жуық адам ажал құшқан. ДДСҰ хабарламасында вирустың өзгерген түрінен келетін қауіптің жоғары екендігі айтылады.