2020 жылғы Қазақстанның экономикасы әлсіреп, жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көрсеткіші 2,6%-ға кеміген.  

Сейсенбі таңда әдеттегідей үкімет отырысы өтті.

«2020 жылы нақты сектор экономикалық драйвер болды. Ондағы өсу 2% көрсетті. Былтыр қызмет көрсету динамикасы минус 5,6%-пен аяқталды. Салдарынан, ЖІӨ өсу қарқыны минус 2,6%-ке кеміді», – деді ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Оның айтуынша, нақты сектор салаларының көбінде және жекелеген қызмет түрлерінде өсу байқалады. Олар: құрылыс (11,2%-ке өсу), ақпарат және байланыс (8,6%), ауыл шаруашылығы (5,6%), өңдеу өнеркәсібі (3,9%) және білім беру(2,3%)салалары. Сонымен қоса, кейбір салалардағы теріс көрсеткіштерге қарамастан, жыл соңына қарай көлік, сауда, ғылыми-техникалық қызмет, жылжымайтын мүлік пен операциялар және кен өндіру өнеркәсібінде жағдай оңала бастаған көрінеді.

«Экономика құрылымы сапа жағынан оң бағытта өзгерді. Өнеркәсіптің жалпы көлеміндегі өңдеудің үлесі 9,4 проценттік тармаққа артты, яғни 2019 жылғы 39,4%-тен 2020 жылы 48,8%-ке дейін. Жеңіл өнеркәсіптің, автомобиль жасаудың жәнедайын металл бұйымдарының екі есеге артқаны байқалады. Өңделген, дайын тауарлардың экспорты ұлғайды. Өндірістің өсімінің арқасында жалпы тұтынудағы қазақстандық тауарлардың үлесі 4,7 проценттік тармаққа көбейді. Электрондық сауда үлесі 6 проценттік тармаққа, қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі 2 есеге және кен өндірісін есепке алмағанда инвестиция қоры 14,8%-ке өсті»,  – деп толықтырды министрлік басшысы.

Сарапшылар мен көзіқарақты азаматтар былтырғы экономика қорытындысы туралы Қазақстан үкіметінің тарихындағы ең төменгі көрсеткіш екенін айтады.

Пандемиядан ілгері Руслан Дәленов 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму туралы 2020 жылға Қазақстанның ЖІӨ-нің нақты өсімі 4%-тен асады деп болжаған еді.

Экономика оқулықтарында ЖІӨ-ге «есепті мерзім ішінде елде өндірілген түпкі тауар мен қызметтің жиынтық нарықтық құны» деген анықтама беріледі. Түсініктірек айтқанда, ЖІӨ белгілі бір уақыт аралығында (жыл/тоқсан, мәселен, 2020 жылы – QT) елде өндірілген барлық тауар мен қызметті сатып алуға қажетті қаржы көлемін білдіреді. Бұл жөнінде кеңірек танысқыңыз келсе, «ЖІӨ және оны қалай есептейді?» деген материалды оқуға болады.

"The Qazaq Times"