Кеше Конгрестің Сенат және Өкілдер палатасының біріккен отырысында 50 штаттың атынан келген дауыс берушілер алқасы президенттік сайлаудың қорытындысын жариялау керек болатын. Алайда АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамптың жақтастары Вашингтондағы Капитолийдегі полиция қоршауынан өтіп, Конгресс ғимаратына басып кірді. Джозеф Байденді жеңімпаз деп тануға наразы топ АҚШ парламентінің қарашадағы президент сайлауының нәтижесін куәландыруға арналған ортақ отырысын тоқтатып тастады.
Нәтижесінде дауыстарды санау кейінге қалдырылып, Конгресс мүшелері эвакуацияланды. Мыңдаған адам наразылыққа шыққандықтан, елде коменданттық сағат енгізілді. Вирджиния губернаторы Ұлттық гвардияның 200 әскерін жұмылдыруды тапсырды. Ал Вашингтон мэрі Муриэль Боузер Ұлттық гвардия бөлімшелерін Конгресс ғимаратына жіберуді сұрады. Демонстранттардың шеруіне дейін Ақүйдің қазіргі басшысы Дональд Трамп ресми мәлімдеме жасаған. Ол нәтижелерді мойындаудан бас тартып, «әділетсіз сайлау» өткенін айтты.
Аталған жағдайға байланысты мәлімдеме жасаған АҚШ президенті Трамп: «Құрметті отандастар, бұл сайлаудың әділетсіз өткені рас, бірақ дәл қазір бізге тыныштық қажет. Бізге бейбіт өмір керек. Сол себепті барлықтарыңыздан сұрайтыным, тәртіпсіздіктерді доғарып, үйлеріңізге қайтыңыздар. Сіздердің дәл қазір қандай сезімде екендеріңізді білемін. Бірақ тәртіпсіздік арқылы ешнәрсе өзгермейді», – дейді.
Facebook пен YouTube өздерінде жарияланған Трамптың видеосын өшіріп тастады. Facebook әкімшілігі Трамп аккаунты 24 сағатқа бұғатталғанын хабарлады. Twitter әкімшілігі Трамп сәрсенбіде жариялаған үш твитін жоймайынша, оның аккаунтына 12 сағат шектеу қоятынын айтты. Instagram желісі де Трамптың аккаунтын 24 сағатқа бұғаттады.
Нью-Йорк штатының билігі Ұлттық гвардияның 1 мың мүшесін Вашингтонға жіберді. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері тәртіпсіздіктер салдарынан Вашингтонда енгізілген коменданттық сағатты бұзған 30 адамды ұстады. Қақтығыс кезінде төрт адам қаза тапты. Полиция наразыларға көз жасаурататын газ қолдануға мәжбүр болды.
Күтпеген жағдайдан кейін демократ Джозеф Байден: «Капитолиде болып жатқан тәртіпсіздіктер АҚШ-тың шынайы көрінісі емес. Біз осыншалықты төмен деңгейге түскеніміз бе? Дәл қазір біздің демократиямыз үшін қауіп-қатер төніп тұр. Бұл жай ғана хаос, бұл қылмыс. Дәл қазір бізге бүкіл әлем қарап отыр. Біздің демократиямыз осындай төмен деңгейге жетті. Бірақ біз бұл қиындықтан да өтеміз. Біздің келесі төрт жылдағы жұмысымыз да осыған бағытталады», – деді.
Бүгін Вашингтон мэрі төтенше жағдай режимін 15 күнге ұзартатынын мәлімдеді. АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы Аризонадағы президент сайлауының нәтижелерін мақұлдауға қарсы наразылықты қабылдамады. АҚШ Өкілдер палатасы президенттік сайлау нәтижелері бойынша пікірталасты қайта бастады.
Трамптың жақтастары 10-нан астам штатта (Аризона, Вашингтон, Висконсин, Гавайи, Джорджия, Калифорния, Канзас, Колорадо, Невада, Нью-Мексико, Огайо, Оклахома, Орегон, Оңтүстік Каролина және Юта) қолдауға шықты.
Қазір президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі Роберт О ' Брайен Вашингтондағы тәртіпсіздіктер аясында отставкаға кетуді қарастыруда.
Вашингтондағы наразылықтар кезінде Токиодағы акциялар бағамы 1990 жылмен салыстырғанда ең жоғары деңгейге көтерілді. «Nikkei»-дің негізгі индексі 27 519,5 пункт белгісіне дейін өсті.
3 қарашада өткен президент сайлауында ресми нәтиже бойынша 306-232 (электорлар дауысы) есебімен Джо Байден жеңіске жеткен. Бірақ Трамп сайлау нәтижесін мойындаудан бас тартып, «соңына дейін берілмейтінін» айтты.
Кеше республикалықтар мен демократтардың Конгрестегі орындар үшін бәсекесі аяқталуы тиіс еді. Сенатта демократтық партияның басымдыққа ие болуы үшін кем дегенде екі дауысты алуы тиіс. Егер демократтар жеңіске жетсе, елдің келесі вице-президенті Камала Харис қосымша дауысымен демократтарға басымдық бере алады. Ал республикандықтар бір дауыспен-ақ жеңіске жете алады. Егер Сенат республикалықтардың еншісінде кетсе, Байден әкімшілігінің уәде еткен бағдарламаларын жүзеге асыруда қиындықтар туындауы мүмкін.