«The Qazaq Times» ақпараттық, қоғамдық-саяси порталының қазақтілді БАҚ қатарында, әсіресе еліміздегі санаулы ғана тәуелсіз басылымдар сапында қызмет етіп келе жатқанына үш жыл толды. Тағы да қайталап айтар болсақ өз ұстанымымызға сай ешкімнің тапсырмасын орындамадық және рейтинг жарысына да түспедік. Қазақ халқына, қазақ мемлекетіне әлемнің әр түкпірінде болып жатқан түрлі қоғамдық-саяси, әлеуметтік жағдайларды еш бұрмалаусыз қаз-қалпында жеткізуге күш салдық. Биыл да ел ішіндегі қоғамдық-саяси жағдайды жіті қадағалауға тырыстық.

Жыл басында болған бес сәбидің қайғылы қазасынан бастап күні кеше ғана орын алған әуе апатына дейін, билік транзиті және мерзімінен бұрын өткізілген президент сайлауы сондай-ақ Алматы қаласында орын алған митингілер, бейбіт тұрғындар мен құзырлы органдар арасындағы түрлі қарым-қатынас жөнінде де, азаматтық қоғамның алғашқы отын тұтандырған жас буын ұйымдастырған іс-шараларды барынша қалың қауымға жеткізуге күш салдық.

Өткен күндердің естелігінде қалатын 2019 жылы да журналистеріміз әлемнің әр қиырындағы елеулі оқиғаларды, ауқымды мәселелерді қазақ қоғамына жеткізіп, олардың жаһандық ұлы көште келе жатқан Қазақстан сынды елімізге тигізетін оң немесе теріс ықпалдары туралы, ел ішіндегі әлеуметтік, қоғамдық-саяси ахуалдар жөнінде журналистік ойларын жеткізіп отырды.

Айталық, АҚШ-Қытай қарым қатынасы, Корей түбегіндегі дағдарыс және бейбітшілік процесі, сауда соғысы, Гонконг дағдарысы, Үнді-Тынық мұхит көшбасшылығына талас, АҚШ-Иран дағдарсы, Идлиб дағдарсы, Ауғанстан жағдайы, жаһандық жылыну және климат өзгерістері жайлы Естай Божан назарына ұстаған болса (https://qazaqtimes.com/en/author/4);

АҚШ санкциялары, Трамп импичменті, Ұлыбританиядағы Brexit, Германиядағы миграциялық мәселелер, Франциядағы «сары жейделілер» ереуілі, Ресей-Украина байланысы, «арал дауы», Түркияның Сүриядағы әскери операциясы, Мексикадағы «мигранттар керуені», Венесуэла дағдарысы, жаһандану жағдайындағы Жапония сияқты халықаралық саяси ахуалдарды Арай Жұматай сараптап жазды. (https://qazaqtimes.com/author/20)

Жер-жаһан жағдаяттарына қоса, жыл басынан басталған көп балалы аналардың қоғамдық резонанс тудыруы, елді отыз жылға таяу билеген Назарбаевтың биліктен кетуі, мерзімнен бұрынғы президент сайлауы сынды ел ішінің де басты әлеуметтік-саяси ахуалын қалыс қалдырмауға күш салдық. Қауіпсіздік кеңесі, «Жаңа Қазақстан», Қытай қазақтары мәселесі, Арыстағы апат,  Ішкі істер министрлігінің реформасы, Халық құрылтайы, партия құруды көздейтін «Respublika», «Оян, Қазақстан» азаматтық қозғалысы, «Жастар жылы», елдегі саяси сеңнің сәл де болса жібігенін айғақтайтындай енді құрылып жатқан демократиялық партия, президент Тоқаев саясатындағы бастамалар мен кемшіліктер сынды өзекті мәселелерге порталымыздың журналистері Есдәулет Қызырбекұлы(https://qazaqtimes.com/author/9) және Асан Анарбайұлы үздіксіз назар салып отырды (https://qazaqtimes.com/author/27).

«The Qazaq Times» порталының құрылғанына 3 жыл толуына орай, осыған дейін бізге сенім артқан тұрақты оқырмандарымызға алғысымызды білдіреміз. Әрі, алдағы уақытта да жаһандық және ел ішінің жағдайларына бірге назар аударамыз деп сенеміз.

“TheQazaqTimes”