Жаһандық індет жайлаған 2020 жыл да тарих парағына сырылуға бір аптадан аса уақыт қалды. Әр жылы әлемдік процеске өзіндік әсерін берген елеулі оқиғалар орын алып отырады. Ал, биыл елеулі оқиғалардың көбін жаһандық індет көлегейлеп кеткендей болды. Бірақ, індетпен қоса тарихқа жазылатын биылғы тышқан жылғы жаһандық маңызды оқиғалардың бірқатарын тізе кетелік.

Аустралиядағы өрттен зардап шеккен коала. Фото: instagram.com/wildlifepla

Аустралиядағы орман өрті. Жыл басында пандемиямен қатар әлем елдерінің назарын аударған бір оқиға Аустралия тарихындағы ең ірі орман өрті болды. Салдарынан миллионнан астам жабайы жануарлар өлді; 27,2 млн гектар аумақтағы орман күлге айналды. Аустралиядағы орман өртінен кейін адамдардың жаһандық климат өзгерістеріне деген түсініктері өзгере бастады.

АҚШ. Жорж Флойдтың өлімі. Афро-америкалық Жорж Флойд полиция қолынан қаза тауып, бұл АҚШ қоғамындағы әлеуметтік бөліністі ашық көрсеткен оқиға болып қалды. Осыдан кейін «Қаралардың өмірі де маңызды» деген қоғамдық қозғалыстар АҚШ-тың жер жерінде өтті. Расизмге қарсы наразылық шаралары әлемнің әр елдерінде болды.

Адам құқықтары азаматтық фронты ұйымдастырған шерудегі наразылар. Гонконг, Қытай. 8 желтоқсан 2019 ж. Фото: REUTERS / Danish Siddiqui

Гонконгтағы наразылық. Қытайдың жаңа заңы. 2019 жылдан бері Гонконг тұрғындары әлемдегі ең массалық наразылық шараларын ұйымдастырумен танымал болып келді. Миллиондаған адам бірнеше ай бойы Гонконг көшелерінде Бейжің билігіне деген наразылықтарын білдірген. Алайда, 2020 жылы қабыл алынған Ұлттық қауіпсіздік туралы заң Гонконг белсенділерінің қудалануына алып келді. Қазір Гонконгта Қытай коммунистік жүйесінің бақылауы күшейді.

Ливан. Бейруттағы жарылыс. Ливан орталық қаласнда портта жойқын жарылыс болып, пандемия мен дағдарыстан ес жия алмай жатқан елге ауыр соққы болып тиді. Мыңдаған тонна аммоний нитраты сақталған порт қоймасындағы жарылыстан кемінде 200 адам қаза тауып, 300 мың адам баспанасыз қалды. Сарапшылар Бейруттағы жарылысты ядролық қарудан тыс тарихтағы ең зардапты жоқын жарылыс деп бағалады.

АҚШ-тағы сайлау әлем назарын аударып отыр. Фото: SKY News

АҚШ-тағы президент сайлауы. 2020 жылғы президент сайлау АҚШ тарихындағы ең тартысты президент сайлаудың бірі болды. Дауыс берушілер саны жағынан да АҚШ тарихында жаңа рекорд қойды. Соған қарамастан бірер ай бойы кімнің жеңімпаз болғаны анық болмады. Дауыстарды санау да үлкен талас тудырды. Президент Трамп сайлауда дауыс бұрмалау болғанын айтты және оның командасы осы айып бойынша сотқа жүгінген. Алайда, Сайлау алқасының соңғы нәтижесі бойынша Жо Байденнің жеңіске жеткені анық болды.

Таулы Қарабақ үшін шайқастың 11-ші күні сұрапыл жүрілді. Фото: BBC,.

Таулы Қарабақ соғысы.  Биыл 30 жылдан бері Арменияның бақылауында қалып келген даулы аймақ Таулы Қарабақта Әзірбайжан мен Армения арасында соғыс әлем назарын аударды. Қыркүйекте басталған ұрыста Әзірбайжан өзінің басым күшке ие екенін көрсетті. Таулы Қарабақтың көптеген аймағын қайтарып алып, Арменияны келісімге келуге мәжбүр етті. Ресейдің ара ағайындығымен өңірде оқ атыспау туралы бейбіт келісім жасалды. Онда Таулы Қарабақтың басым көп аймағы Әзірбайжанға қайтарылатыны, аймақтағы тұрақтылықты қорғауға Ресей жасағы орналасатынын белгілі болған.

Мұсылмандар мен президент Макронның мәмілесі. Жыл соңына қарай Франция президенті Эммануэль Макронға қарсы бірқатар мұсылман елдерінде наразылық шаралары болды. Олар президент Макронның исламға қаратқан көзқарасын сынады. Осыдан бұрын Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын сабақ үстінде көрсеткен мұғалім Францияда исламшыл экстремист жағынан өлтірілді. Президент Макрон болса оның өлімінен кейін Францияның құндылығын қорғау мақсатында елдегі исламға реформа жасайтынын білдірген болатын.

2020 жылы осы және өзге де тарихи оқиғалар орын алды. Пандемиямен қатар бұл оқиғалар да әлем келбетіне өзінің әсерін берді. Алдағы бір апта да бұлардың деңгейіндегі оқиғалар болмаса жылдың басты оқиғалары ретінде қорытындылауға болады.

“The Qazaq Times”