Associated Press мәліметінше, Дональд Трамп әкімшілігі Конгресте АҚШ-тың Ресейдегі екі бас консулдығын жабу туралы сөз қозғады. Алдағы күндері Владивосток пен Екатеринбургтегі консулдықтар жабылуы мүмкін. Бұл – Американың Ресейдегі соңғы екі консулдығы. Санкт-Петербургте орналасқан ғимарат 2018 жылы жабылған.
Консулдықтарды жабу туралы ақпараттан кейін 3 күн өткен соң, АҚШ тарихындағы ең ірі кибершабуыл – Sunburst орын алды. Сарапшылардың пайымдауынша, қауіпті кибершабуыл Ресей тарапынан жасалған. Мемлекеттік хатшы Майк Помпео мен Сенаторлар да Кремльді айыптап, қатаң шара қолданатынын хабарлады.
Өткен аптада АҚШ Мемлекеттік департаменті заң шығарушыларға Владивостоктағы консулдықты біржола жауып, Екатеринбургтегі консулдықтың жұмысын уақытша тоқтату керектігін айтқан. Ресми құжат 10 желтоқсанда АҚШ Конгресіне жіберілген.
Хабарламада консулдықтардың жабылуы Ресей билігінің 2017 жылы елде жұмыс істеуге рұқсат етілген америкалық дипломаттар санына енгізген шектеулерімен байланысты екендігі айтылған. Сонымен қатарБ бұл қадамдар «Ресейдің 2017 жылы қызметкерлерді шектеуге және нәтижесінде дипломатиялық визалардың тоқтап қалуына байланысты Ресейдегі АҚШ өкілдіктерінің Кадрлық проблемаларын» жауап делінген.
Дипломатиялық қақтығыс
2016 жылдың желтоқсанында Мәскеу мен Вашингтон арасында дипломатиялық қақтығыс басталды. Сол кездегі президент Барак Обама 35 ресейлік дипломатты және олардың отбасы мүшелерін АҚШ-тан шығару туралы шешім қабылдады.
2017 жылдың шілдесінде Ресей АҚШ-тан дипломатиялық миссия қызметкерлерінің санын 755 адамнан 455 адамға дейін қысқартуды, ал Вашингтон Сан-Францискодағы Ресей консулдығын жабуды талап етті.
2018 жылы наурызда 60 ресейлік дипломаттар қуылып, Скрипальдің улануына байланысты Сиэттлдегі Ресей консулдығы жабылды.
Кремль өкілі Дмитрий Песковтың мәлімдеуінше, Екатеринбург пен Владивостоктағы АҚШ Бас консулдықтарының жабылуы Ресей-Америка қатынастарына ешқандай әсер етпейді. Бұл шара «коронавирустың кең таралуына байланысты болуы да мүмкін». Песков: «Консулдықтардың негізгі қызметі – консулдық және визалық қызметтер көрсету. Сондықтан дипломатиялық байланысқа соншалықты әсері жоқ», – дейді.
Алайда Трамптың Ресейдегі консулдықтарды жабу туралы мәлімдемесінен кейін Америкада орын алған ірі кибершабуыл Ресей тарапынан мақсатты түрде жасалды деген гипотеза бар.
21 желтоқсанда АҚШ Ұлттық барлау департаменті, ФБР, инфрақұрылымдық және киберқауіпсіздік агенттігі федералды үкіметтің компьютерлік желілеріне қатты шабуыл жасағанын хабарлаған. Мемлекеттік хатшы Майк Помпео да кибершабуылдарға Мәскеудің қатысы бар екенін айтты. Ал президент Дональд Трамп бұл жағдайға Қытайдың қатысы болуы да мүмкін дейді. Осыған байланысты АҚШ сенаторлары мемлекеттік органдарға жасалған кибершабуылға байланысты Уашингтоннан Мәскеуге қарсы шара қабылдауды талап етті.