Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 69 миллионға жуықтады. Дерттің алдын алу үшін бірқатар елдер вакцинациялауды бастап, карантинді қатаңдатпақ.
Бұған дейін сынақтан сәтті өтіп, коронавирусты емдеуде 90%-дан артық дәлдік көрсеткен вакциналар қатарында Pfizer, BioNTech фармацевтикалық компаниясы жасаған екпе және америкалық Мoderna екпесі бар. Америкалық Pfizer және оның германиялық серіктесі BioNTech компаниясы бірлесіп әзірлеген вакцинаның тиімділігі клиникалық сынақта 90%-дан астам оң нәтиже көрсеткен.
АҚШ-та коронавирустық эпидемия басталғалы бері алғаш рет бір тәулікте үш мыңнан астам өлім жағдайы тіркелді. 10 желтоқсандағы жағдай бойынша АҚШ-та 15 381 450 адам коронавирус жұқтырған. Елде індет салдарынан барлығы 288 мың адам көз жұмған. Алдағы аптадан бастап АҚШ-та вакцинациялау басталады.
Вирустан қатты зардап шеккен Еуропа елдерінің бірі – Ұлыбритания. Пандемия басталғалы мұнда 1,75 миллион дерек тіркеліп, 62 мыңнан астам адам қайтыс болған. Осы аптада Біріккен Корольдікте коронавирус вакцинасын салу басталды. Pfizer компаниясы өндірген вакцинаны алғашқы болып 90 жастағы Маргарет Кинан есімді британдық әйел қабылдады. Елдің Денсаулық сақтау министрі Мэтт Ханкок халықты вакцинациялау келесі аптада басталатынын және екпенің 40 миллион дозасына тапсырыс берілгенін хабарлады.
Германияда 1,2 миллионнан астам кейс тіркеліп, 20 мыңадам ажал құшқан. Елдің Денсаулық сақтау министрі дертке қарсы екпе егу жыл аяғына дейін басталатынын хабарлады. Осы мақсатта ел аумағында екпе жасайтын 400 орталық құрылмақ. Билік өкілдері вакцина тегін болатынын жариялады. Оны сатып алуға, жеткізуге және орталықтарды жабдықтауға барлық шығын мемлекет тарапынан бөлінеді. Егер күн сайын 100 мың екпе жасалатын болса, 15 миллион адамға вакцина егу үшін 5 айдай уақыт кетеді.
Италияда екпе тегін әрі ерікті салынатын болды. Елдің Денсаулық сақтау министрі Италия билігі 202 млн доза сатып алуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл 60 млн-нан астам адам тұратын елге артығымен жетуі тиіс. Сондай-ақ министр Рождество мен Жаңа жылды атап өту кезінде жүріс-тұрысты шектейтін жаңа ережелер әзірленіп жатқанын ескертті.
Украинада карантин тәртібі мен төтенше жағдай режимі көктемге дейін ұзартылды. Мұнымен қатар қаңтардың 8-і мен 24-і аралығында қатаң карантин енгізілмек. Яғни осы мезгілде мейрамханалар мен дәмханалар жабылып, олар тағамды жеткізіп беру жүйесі бойынша қызмет көрсетуге көшеді. Кинотеатрлар, фитнес залдар және сауда орындарын да жабу қарастырылған. Және де кез келген іс-шараны өткізуге тыйым салынады. Қазір Украинада вирусты жұқтырғандар саны 845 мыңнан асқан. Дерттен 14 мың науқас көз жұмды.
Беларусь үкіметі елден шетелге шығуға уақытша тыйым салмақ. Ел билігі мұны коронавируспен байланыстырып отыр. Тыйым 10 күннен кейін күшіне енеді. Шектеулер автожол шекара пункттерінде, теміржол вокзалдарында және өзен порттарында қолданылады. Соңғы мәліметтер бойынша, елде 150 мыңнан астам кейс тіркелген.
Әзірбайжанда вирус жұқтырудың 52%-ы Бакуде тіркелген. Сол себепті Баку мен тағы 4 қала және 11 ауданның тұрғындары желтоқсанның 14-інен бастап көшеге тек смс-рұқсат арқылы шыға алады. Шектеу қаңтардың 18-іне дейін жалғасады. Карантинді қатаңдату вирусты жұқтырғандар санының артуына байланысты қабылданған.
Қазір дертті күн сайын 4 мыңнан аса адам жұқтыруда. Азық-түлік дүкендері мен дәріханалардан басқа мейрамханалар, дәмханалар және өзге де дүкендер жабылады. Бакуге кіру шектеліп, карантин шаралары мен үйде оқшаулануды қадағалау күшейтіледі.
Иран билігі де коронавирустың алдын алу мақсатында вакцинациялауға рұқсат берді. Жергілікті ғалымдар әзірлеген жаңа дәрі 18 бен 50 жас аралығындағы еріктілерге екі мәрте егіледі. Кейін азаматтардың ағзасында анденелердің түзілуі тексеріледі. Бұған дейін елдің Денсаулық сақтау министрі отандық препараттың алдағы көктемге дейін дайын боларына сенім білдірген еді. Жалпы қазір Иранда тағы үш вакцина әзірленіп жатыр. Олар келердің соңына қарай клиникалық сынақтарға жіберілуі тиіс.
Қазақстандағы ахуал да мәз емес. Өткен тәулікте елде коронавирус жұққаны тестпен дәлелденген 777 адам анықталды, 159 адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. ПТР-тест коронавирус барын көрсеткен 7 адам, коронавирус пневмониясынан 2 адам қайтыс болған.
Қазақстан 1 тамыздан бері клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға арнайы код беріп, жалпы пневмонияға шалдыққандардан бөлек есептеп келеді. Содан бері 43 498 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. 4 айдан аса уақыт аралығында 458 адам қайтыс болған. 31 мыңнан астамы жазылған.
ДДСҰ-ның дерегінше, әлемде коронавирусқа қарсы 212 вакцина-кандидат зерттеу жүрігізіп жатыр. Оның тек 48-і клиникалық сынақ сатысында. Бұған Білім және ғылым министрлігінің Биоқауіпсіздік мәселелері жөніндегі ҒЗИ әзірлеп жатқан қазақстандық QazCovid-in екпесі де енген.