Бұдан екі жарым қасырдай бұрынғы еліміздің геосаяси жағдайын Мағжан ақын «алыстан орыс-қытай ауыр салмақ, жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ» деп аса дәл айтып беріп еді. Қазір де жағдай бұдан алабөтен алыс емес. «Үрді мен күрді арасындағы» лаңының салқынын айтпаған күнде де, жақында жемқор жүйе жан алқымнан алса, алыстан орыс пен қытайдың ауыр салмағынан арылған жоқпыз. Дегенмен, бұл салмақ қазаққа тең түспегені шын, Қазақ даласы жақынғы тарихында орыстың тегеурінін көбірек көрді. Бірақ, қазіргі жаһандық ауқымды өзгерістерге ілесе, Ресейдің қуаты кеміп, Қытайдың қаупі арта түскендей.
Биылғы жыл барлық елдер үшін жайлы болған жоқ, солай да Ресей үшін тіпті де ауыр болды. Жаһандық індеттен тыс, ел іші мен өзі ықпал етіп отырған посткеңестік аймақта да ұпайын жоғалтатын оқиғалар болды. Атап-атап айтқанда, Беларусьтегі әлі басылмай келе жатқан наразылық Ресеймен ымыралас жүйенің тағдырын қиындатты. Еуропадағы өзіне бәсекелестермен арада қалқан болып, айтқанына көніп келе жатқан Беларусь жұртындағы толқу Мәскеуге де соққы.
Ал, Қарабақтағы соғыс пен келісім 200 жылдан астам уақыт тек қана орыстың басым ықпалындағы аймақта Түркияны жаңа ойыншы етіп кіргізді. Ресей өзін Оңтүстік Кавказда әлі де негізгі бақылаушы ретінде көрсету мақсатында онда бақылаушы әскери күштерін орналастырды. Алайда, «бір қазанған екі қошқардың басы сыймайды», Түркияның бұл аймақта тағы бір ойыншы ретінде кіруі бәрі бірдей Кремльдің ұйқысын тыныш етпейді.
Қырғызстандағы жағдайда тікелей және үлкен әсерін көрсетпе се де, соның өзі Орталық Азиядағы Мәскеу назарының әлсіреп бара жатқанын байқатты. Оның үстіне Қытайдың «қарыз дипломатиясына» белшеден батқан қырғыз жұртына немкеттілікке салыну Ресей үшін азды-көпті жоғалтудың басы десе болады. Бұлар аз болғандай Молдовада да батысшыл саясаткер билік басына келді. Ол келе салып басты саяси мақсаты Еуропа Одағымен жақындасу екенін ашық білдірді.
Дәл осылардан бір кем емес Ресейдің ішкі қайшылықтары мен қиыншылықтары да қозданып жатқанын байқатқан Қиыр-Шығыс пен Хабаровсктегі жағдайға да куә болдық. Мәскеуден алыс жатқан Қиыр-Шығыс іргесіндегі Қытайдың экономикалық ықпалына жұтылып, Мәскеудің уысынан сусып бара жатқандай. Бір есептен, Қиыр-Шығысты алып қоя ма деген қауіп, орыс-қытайдың ымырасына мүмкіндік бермей, арасын алшақтатып барады.
Өткен аптада НАТО Ресейден көрі Қытай қатері туралы көбірек айтты. Оның негізі де жоқ емес, бұл күнде күні еңкейген Ресейден көрі, экономикалық әскери әлеуметі артып бара жатқан Қытайдың қатері туралы Батыс елдері көбірек алаңдайды. Бұл бізге де қатысты. Дегенмен, «жыланды үш кертсе де кесерткілік», Ресейдің тағдырына ерте бал ашуға және болмайды. Өз тарабымыздан тек осы екі елдің дамуы мен құлдырауына қатысты факторларды қадағалап отыру ләзім.