Қазақстанда 8 желтоқсан күні 729 адамнан коронавирус, ал дүйсенбіде 215 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды. Қазіргі таңда 25,7 мың (КВИ+ 13 986, КВИ- 11 742) адам ауырып жатыр.
#Коронавирус Желтоқсанның 8-і коронавирус жұқтырған 944 адам айығып шықса, 9 адам өмірден өткен. Жаңадан тіркелген науқастардың ең көбі – астана (106), Павлодар (98), ШҚО (95), Қостанай (74), СҚО (70), СҚО (68) облыстарында. Республиканың барлық өңірінен анықталған.
ДенМин-нің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 13 986 науқастың 3747-сі ауруханада. Тағы 10 239 адам амбулаторлық терапияда. Олардың арасында 1003 бала емделіп жатыр. Қарашаның соңғы декадасынан бері ауырып жатқан балалар күрт көбейді. 1 қыркүйектен бері ауырған кемінде 2539 оқушыға коронавирус диагнозы қойылған.
Ахуалы нашар 231 науқастың арасында 33 адамның жағдайы қатты қиындаған. Және 38 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Республика бойынша барлығы 138 мыңнан астам адам коронавирус инфекциясын жұқтырса, емделіп жазылғандары – 122 мыңнан асады. Бұл жалпы науқастардың 90%-ға жуығы. Қазан айының ортасынан бері елде коронавирус қайта екпін ала бастады. Сонымен қоса, президент Тоқаев 16 қараша күнгі мәлімдемесінде солтүстік және шығыс аймақтарда статистиканың кемітіліп-бұрмаланғанын айтқан. Редакция Павлодар облысында 59, Қостанай өңірінде 57, Ақмолада 100, СҚО-да 200, ШҚО-да 300 жағдайдың жасырылғанын анықтаған.
#Коронавирус_пневмониясы Сондай-ақ, дүйсенбі күні коронавирус пневмониясына шалдыққан 215 адам тіркелген. 109 адам емделіп шыққан. Пневмонияға шалдыққан 43 мың адамның 31 мыңы айыққан.
ДДСҰ туыстас дерттің қаупі бірдей екеніне баса назар аударса да Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пен оның пневмониялық түріне екі түрлі көзқараспен қарайды. Оның анық дәлелі – КВИ+ туралы ақпараттық индикаторлар (аймақтарға таралуы, науқастардың ахуалы, оның ішіндегі стационар мен амбулаторлық бақылаудағылар саны, балалар саны, ӨЖЖА-мен тыныстап жатқандар, айыққандар, жаңа кейстер, қайтқандар) күнделікті жарияланса, ал КВИ- дерегі соңғы үш көрсеткіштен өзге мәлімет берілмейді. Қазір коронавирус пневмониясының аймақтарға таралуы жөніндегі дерегі министр әу баста айтқандай күнделікті не аптасына емес, енді он күнде бір-ақ беріледі. Оның өзінде құжат форматында сайтқа жүктеледі, ведомство ресурстарында ашық әрі түсінікті жарияланбайды.
Қоғамда биылғы 256 мың пневмония жағдайын есепке қоспай, жалпы статистиканы шілдедегі қырғыннан кейін жүргізе бастаған Үкіметтің есебіне күмәнмен қарайтындар көбейген.
#Сөйтсе... Бір жарым айдан бері эпидемия ахуалы ушығып тұрған ШҚО-дағы жұқтырғандар саны 25 мыңнан асты. Екінші қатарда астана (22 мың), одан кейін Алматы қаласы (21 мың) облыстары орналасқан.Қазақстанда коронавирус өлімі азаймай тұр. 1 қыркүйектен 1 желтоқсанға дейін, биылғы күзде Қазақстанда 43 мыңдай адам індетке шалдығып, 600 адам қайтыс болған (КВИ+ 26 476 кейс, 447 өлім / КВИ- 16 491 кей, 151 өлім).
Өткен қараша айында 24 мыңнан астам адам ауырған және 230-дай адам өмірден өткен. Бұл қазан айында тіркелген толық жиынтықтан да көп. Ресми дерекке сәйкес, қазан айында 9,5 мыңдай қазақстандық ауырған (4439 адам КВИ+ / 4984 адам КВИ-) және 165 адам өмірден өткен (118 адам КВИ+ / 47 адам КВИ-).