Қазақстанда 3 желтоқсан күні 819 адамнан коронавирус, ал сәрсенбіде 225 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды. Қазіргі таңда 25,5 мыңға жуық (КВИ+ 14 мың, КВИ- 11 440) адам ауырып жатыр.
#Коронавирус Желтоқсанның 3-і коронавирус жұқтырған 639 адам айығып шықса, 7 адам өмірден өткен. Жаңадан тіркелген науқастардың ең көбі – ШҚО (137), Павлодар (106), СҚО мен Ақмола облыстарын (әрқайсында 90), астана (88), Қостанай облысында (85). Қызылорда облысында вирус жұқтырғандар мүлдем анықталмаған.
ДенМин-нің ресми мәліметінше, емделіп жатқан 14 мың науқастың 3560-ы ауруханада. Тағы 10 440 адам амбулаторлық терапияда. Олардың арасында 912 бала емделіп жатыр. Қарашаның соңғы декадасында ауырып жатқан балалар күрт көбейді. 1 қыркүйектен бері ауырған 1741 оқушыға КВИ+, кемінде 1 мың балаға КВИ- диагнозы қойылған. Қазір ауру ошағы ретінде 66 мектеп уақытша карантинде, жабық тұр.
Ахуалы нашар 229 науқастың арасында 34 адамның жағдайы қатты қиындаған. Және 29 сырқат өкпені жасанды желдету аппаратымен тыныстап жатыр.
Республика бойынша барлығы 135 мыңға тарта адам коронавирус инфекциясын жұқтырса, емделіп жазылғандары – 118,5 мыңнан асады. Бұл жалпы науқастардың 90%-ға жуығы. Қазан айының ортасынан бері елде коронавирус қайта екпін ала бастады. Сонымен өоса, президент Тоқаев 16 қараша күнгі мәлімдемесінде солтүстік және шығыс аймақтарда статистиканың кемітіліп-бұрмаланғанын айтқан. Редакция Павлодар облысында 59, Қостанай өңірінде 57, Ақмолада 100, СҚО-да 200, ШҚО-да 300 жағдайдың жасырылғанын анықтаған.
#Коронавирус_пневмониясы Сондай-ақ, сәрсенбі күні коронавирус пневмониясына шалдыққан 225 адам тіркелген. Тағы 64 адам айығып шыққан, тағы 2 адам қайтыс болған. Пневмонияға шалдыққан 42,5 мың адамның 30,7 мыңнан астамы жазылып шыққан.
ДДСҰ туыстас дерттің қаупі бірдей екеніне баса назар аударса да Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пен оның пневмониялық түріне екі түрлі көзқараспен қарайды. Оның анық дәлелі – КВИ+ туралы ақпараттық индикаторлар (аймақтарға таралуы, науқастардың ахуалы, оның ішіндегі стационар мен амбулаторлық бақылаудағылар саны, балалар саны, ӨЖЖА-мен тыныстап жатқандар, айыққандар, жаңа кейстер, қайтқандар) күнделікті жарияланса, ал КВИ- дерегі соңғы үш көрсеткіштен өзге мәлімет берілмейді. Қазір коронавирус пневмониясының аймақтарға таралуы жөніндегі дерегі министр әу баста айтқандай күнделікті не аптасына емес, енді он күнде бір-ақ беріледі. Оның өзінде құжат форматында сайтқа жүктеледі, ведомство ресурстарында ашық әрі түсінікті жарияланбайды.
Қоғамда биылғы 256 мың пневмония жағдайын есепке қоспай, жалпы статистиканы шілдедегі қырғыннан кейін жүргізе бастаған Үкіметтің есебіне күмәнмен қарайтындар көбейген.
#Сөйтсе... Бір жарым айдан бері эпидемия ахуалы ушығып тұрған ШҚО-дағы жұқтырғандар саны 25 мыңнан асты. Екінші қатарда астана (21,5 мың), одан кейін Алматы қаласы (21 мыңға тарта) облыстары орналасқан.
Қазақстанда коронавирус өлімі азаймай тұр. 1 қыркүйектен 1 желтоқсанға дейін, биылғы күзде Қазақстанда 43 мыңдай адам індетке шалдығып, 600 адам қайтыс болған (КВИ+ 26 476 кейс, 447 өлім / КВИ- 16 491 кей, 151 өлім).
Өткен қараша айында 24 мыңнан астам адам ауырған және 230-дай адам өмірден өткен. Бұл қазан айында тіркелген толық жиынтықтан да көп. Ресми дерекке сәйкес, қазан айында 9,5 мыңдай қазақстандық ауырған (4439 адам КВИ+ / 4984 адам КВИ-) және 165 адам өмірден өткен (118 адам КВИ+ / 47 адам КВИ-).