2007 жылы тіркелген Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы алдағы мәжіліс және мәслихат сайлауына бойкот жариялауға шешім қабылдады. Осылайша мәжіліс сайлауына бес партия қатысатын болды. Жетінші сайланымдағы депутаттар ескі партиялардан сайланбақ.
Бүгінгі жиын 13 қарашада өтуі тиіс болған. Алайда партия төрағасы Асхат Рахымжановтың бастамасымен XVI съез жұма, қарашаның 27-сіне ауыстырылған.
22 қазан Рахымжанов «Сайлау арқылы мемлекетті басқару құқығы жүзеге асырылады, сондықтан кез-келген саяси партиялар сияқты ЖСДП да бұл процестерге қатысуы керек» дегеніне қарамастан, шешім күрт өзгерді.
Ресми тіркелген алты партияның арасындағы «жалғыз өткір оппозициямыз» деп санайтын ЖСДП жетекшісі Рахымжанов астана төріндегі жиында көктемде өзгерген сайлау туралы заңнан саяси ахуал жақсармағанын алға тартып, бойкот жариялауға шақырды. Тіпті бақылаудан да бас тартуған үндеді.
Сөз алған спикерлердің қатарында партия төрағасының орынбасары Талғат Әлиев, президиум мүшесі, экономист Айдар Әлібаев, Алматы қалалық филиалының төрағасы Тазабек Сәмбетбай «үмітсіз сайлауға қатыспаған жөн» деп үгіттеп бақты. Съезде партияның сайлауға үш мәрте (2007, 2012 және 2016 жылдары) қатысса да ешқандай нәтиже бермегені айтылды. 100 мыңнан астам мүшесі бар делінетін партия былтырғы президент сайлауына да бойкот жариялаған.
Нәтижесінде делегаттардың 5-еуі қалыс қалып, 32-сі бойкот десіп, 3-еуі қарсы дауыс берді. Басым дауыстың есебінен келесі жылғы 10 қаңтарға белгіленген Парламент мәжілісі мен мәслихаттар сайлауына қатыспауға шешім шығарылды.
Бұған дейін, өткен аптада Францияда тұратын, Қазақстан билігінің қуығынындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жақтастарын ЖСДП-ға өтуге, дауыс беруге шақырған. Ол осы арқылы билік әрекетін әшкерелеуді көздейтінін мәлімдеген. Партия басшысы бұған 18 қараша күні «арандату» деп баға берген.
Астана сотының шешімімен «экстремистік» деп танылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын Еуропарламент «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған. Құқық қорғаушылар ҚДТ-ға қатысты шыққан сот үкімдерінің қисынды екеніне күмән келтіреді. Осыған дейін елде «ҚДТ-мен байланысы үшін» ондаған белсенді қылмыстық жауапкершілікке тартылған.