Қазақстан гео-саяси бөліністе әлемдегі ең агрессивті екі державамен шекаралас жатыр. Оңға баққанда бұл екеуі аса бір ауыз жаласқан тату одақ емес-ті. Олай болмағанда қазақтың мүддесі қай тұрғыда сауда түсіп кетерін болжау қиын. Тарих соны дәлелдеген жоқ па?! «Құлжа, Шәуешек келісімдері» қазақ даласын сыртынан-ақ екі бөле салып еді. Ал, бұдан тура 160 жыл ілгері орыс-қытай арасында Қиыр-Шығысқа қатысты келісім жасалып, Ресейдің ту сонау Қиыр-Шығысты иеленуіне осы «Ресей-Қытай Бейжің шарты» негіз болған. Бірақ, ол кездегі Қытай мен бүгінгі Қытай тағы басқа.
Сонымен, «Ресей-Қытай Бейжің шартына» 160 жыл толды. Бүгінгі Бейжің мен Мәскеудің қарым-қатынасы тату әскери одақ құру мүмкіндігінің жоқ екенін көрсетіп отыр. Орыс қоғамындағы басым көп адамдар Қытайды әлі де үлкен қауіп ретінде қарайды. Бұның өзі біздің қоғамдағы синафобияның арғы тегі қайда жатқанын көрсетсе керек. Ал, болашақта Қиыр-Шығысты Қытайдың тартып алуына мүмкіндік бермеу үшін Ресей сыртқы саясатын өзгертіп Батыспен одақтасу керек деп санайтын саясаткерлері де бар. Әрине, мұндай көзқарастағылар Ресейдің қазіргі билігінде емес, шетелдерге кетуге мәжбүр болған оппозиция өкілдерінің арасында.
Ресейдегі Қытай туралы көзқарас
Екі күн бұрын аяқталған «Еркін Ресей форумына» қатысқан шетелдерде тұратын ресейлік оппозиционерлердің аузынан осындай пікірлер айтылды. Олар қазіргі таңда Ресей үшін басты қауіп Батыс елдері емес, Қытай деп санайды. Себебі, бүгінде Ресеймен иық тірестіре алатын державалар арасында Ресей территориясынан өзінің бұрынғы есесін іздейтін ел тек – Қытай. Сондықтан да Путин биліктен кетіп, Ресей қоғамы демократияланып жатса Қытайдың қаупіне қарсы НАТО-мен де одақтасу керек деген сөздер айтылды.
Бұндай ойдағылар негізінен батысшыл либералдар болса да және олардың көпшілігі Путин мен Кремльді сынаушылар болса да, Ресейдің өз ішінде Қытайды үлкен қауіп деп санайтындар жетерлік. Дегенмен, президент Путин өзінің саяси түсі қалың сөздерінің бірінде Қытаймен әскери одақ құру мүмкіндігін жоққа шығармайтынын айтқан болатын. Алайда, оның бұл сөзіне Қытай үкіметі мен қоғамы жағынан онша бір қызу ілтипат байқалмады.
Қытайдағы асқынған ұлтшылдық және «есе қайтару» психологиясы
Естеріңізде болса, Ресей қорғаныс министрі Шойгу қыркүйекте Қиыр-Шығыстағы әскери мүмкіндіктерін арттыру мақсатында жұмыс істеп жатқандарын жеткізген еді. Шойгудың тосын мәлімдемесі бірқатар елдің БАҚ-ында талқыланды және оны Қиыр-Шығыстағы жағдайдың қиындай түскенін білдіреді деп жатқандар көп болды. Айталық, шығыста қытай мен орыс арасын бөліп тұрған Хилоңжияң (Хэйлунцзян) өзенінің терістік бетіндегі Хабаровскіде наразылықтың болуы осы аймақтың Мәскеу билігіне деген наразылығын айғақтады.
Әрине, Ресейдің Қиыр-Шығыстағы әскери мүмкіндіктерді арттыруына бір ғана Хабаровскіде жағдай себеп болып отырған жоқ. Соңғы кезде Қытай қоғамында, әсіресе әлеуметтік желіде Қиыр-Шығысты Қытайдың тарихи иелігі деп санайтындар, үкіметті Ресей алдында дәрменсіздік танытып отыр деп айыптайтындар көбейді. Қытай қоғамындағы асқынған ұлтшылдықтың қаупін Батыс елдері осыдан талай жыл бұрын болжап біліп еді. Ондағы асқынған ұлтшылдық қазір өз ішіндегі аз санды ұлттарға шоқпар болып тиюде. Егер бұған «тәк-тәк» болмаса, Қытайдағы үрдіс ел шекарасынан алқып шығып, Ресейдің Қиыр-Шығысына, Моңғолияның тұтас территориясына, біздің Балқашымызға дейін көз алартары сөзсіз.
Биыл жазда Қытайда Қиыр-Шығысқа деген «намыс» көбірек оянғандай болды. 2 шілдеде Примория өлкесінің орталығы Владивосток қаласының құрылуына 160 жыл толуына орай Қытайдағы Ресей елшілігі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына шағын мәлімдеме шығарып, қаланың 160 жасын атады. Онда Владивосток қаласының негізі 1860 жылдары осы қалада салына бастаған әскери бекіністердің негізінде қаланғаны жазылған. Міне осы сөздер Қытайдағы асқынған ұлтшылдардың өре түрегелуіне әсер етіп, шамына от тастапты. Қытайлық желі қолданушылар Ресей елшілігінің мемориалын қытай халқын қорлау деп қабылдапты. Олар «160 жыл бұрын Ресей Владивостокты алу үшін Қытайға теңсіз шарт қойған....», «қала тарихын сол уақыттан бастау – қытай халқының жүрегіне тұз құю», «біз ұлттық намысты ұмытпауымыз керек» деген секілді сөздермен әлеуметтік желіде дауыл тудырғандай болды. Ең қызығы бұған Қытайдағы кейбір танымал БАҚ өкілдері мен блогерлері де қосылды. Қытайдың Global Times бас редакторы Ху Шижин тіпті Ресей елшілігінің еске алу мәлімдемесіне жауап ретінде мақала да жазды.
Асқынған ұлтшылдық Қытайдың қоғамдық санасының дағдылы болмысына айналып бара жатқанын Ресей барлау қызметі білмей отырған жоқ. Қазіргі Қытай ұлтшылдары (көзі ашығы/көр соқыры болсын) Чиң патшалығы кезіндегі жартылай отарлық дәуірді сынап, сол кездегі дәрменсіздіктен көптеген территорияларынан айырылдық деп санайды. Соған қоса, Қытай бүгінгідей экономика, әскери, саяси жақтан қуаттанған тұста осы кеткен есені қайтару керек деген ұстанымды насихаттайды. Олар билікте адам құқығын менсінбейтін, аз ұлттардың өмір сүру, өз сенімі, өз тілінде жасау құқығын аяқасты ететін жүйенің отыруына пейіл, Қытайдағы көптеген ауыл-қыстақ тұрғындарының кедейлікте өмір сүруіне, өзінен әлде қайда әлсіз елдердің азаматтары игіліктенген заманауи мүмкіндіктерден пайдаланбауға пейіл, тек «Ұлы Қытай мүддесін» қайтарып берсе болғаны деп санайтындар. Бір күні қоғамдағы белгілі бір топтың көзқарасы ертең мемлекеттің ұстанымына айналмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Оның үстіне қазіргі Қытай басшысы жолға қойған «Қытай арманы» саясатының астарында не жатқанын ешкім толық саралай алған ешкім жоқ.
Қиыр-Шығыстағы белгісіздік
Орыс деректерінде Қиыр-Шығыс қақтғыссыз, тек ұзақ уақыттық күш-жігер мен ақыл-парасаттың арқасында қолға келгені туралы сол кездегі әскери шенділердің Мәскеуге жазған хаттарында айтылады. Дегенмен, Қиыр-Шығыс мәселесі орыс-қытай арасында сыздап жатқан ескі жара деуге болады. Бейжіңде, Айгунде жасалған келісімшарттардан кейін патшалық Ресей кезінен тартып Қиыр-Шығыста ілтипат ретінде кейбір жер атаулары сақталып тұрғанды. Алайда, 1960-70 жылдардағы Кеңес-Қытай арасындағы жанжалдардан кейін Владивостоктағы «Бейжің», «Қытай» деген көше аттары толықтай орысшаланды, өзге де жер атаулары өзгертілді.
Орыс тегеурінің астындағы Ібір-Сібір даласы қазба байлыққа толы, жер бетіндегі ең алып орманды, таулы дала. Қиыр-Шығыс та табиғи байлықпен қатар Тынық мұхитқа шектесіп жатқан қайталанбас мүмкіндіктерімен әйгілі. Ондағы мұзсыз және терең сулы порттар Ресейдің өзге теңізге шектескен тұстарында кездесе бермейді. Бір сөзбен айтқанда Ресейдің баға жетпес байлықтарының бірі. Дегенмен, соңғы жылдары Қытайдың артып келе жатқан қуаты Қиыр-Шығысты инфрақұрылым, экономикалық мүмкіндіктер жағынан артта қалдырды. Қытай қуаты артқан сайын Қиыр-Шығыс мәселесі орыс-қытай арасында сезімтал мәселеге айнала түсті.
Анығында, осы қиырдағы шет жұрт үшін орыс пен қытайдың ұқсамаған көзқарасы мен психологиясы Мәскеу мен Бейжің арасында сенімсіздік тудырды десе болады. Мәскеу тараптан Қиыр-Шығыстағы белсенділікті жандандыру бағытында бірқатар бағдарламалар қабылданды, көптеген қадамдар жасалды. Бірақ, оның нәтижесі айтарлықтай болған жоқ. Мәскеу бағдарламалары Қиыр-Шығыстағы туу көрсеткішінің кемуін, ондағы халықтардың шет өлкелерге қоныс аударуын тоқтата алмай отыр. Үкіметтің үгіт-насихаттары ондағы асқына түскен синофобияны жеңе алмай жатқаны да бар.
Бұған дейін Батыс қысымы арта түссе, Қытай мен Ресей арасында әскери одақ құрылуы мүмкні деген болжамдар айтылып та келген. Бірақ, болашағы бейбәлім Қиыр-Шығыс орыс пен қытай арасында өсіп шыққан жараға айналды. Бұл жара барған сайын үлкейіп, екі елдің сенімін күн санап қаусатып бара жатыр. Бұл Ресей-Қытай арасындағы сенімді әскери одақ құрылуы мүмкін деген болжамдарды жоққа шығарды.