АҚШ-тағы президенттік биліктің Дональд Трамптан демократ Джо Байденге өту процесі басталды. Ақ үй барлау қызметінің құпия есебін Байденге беруді мақұлдады.
Осыған байланысты сайлауда жеңіске жеткен Джо Байден өзінің әкімшілігіндегі дипломатия және қауіпсіздік кандидаттарды таныстырды. Олардың қатарында болашақ мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен мен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі президент кеңесшісі Джейк Салливан бар. Олар енді қаңтарда Байден ант берген сәттен кейін қызметіне кіріседі. Сонымен қатар Байден Аврил Хейнсті – ұлттық барлау қызметінің директоры, Алехандро Майоркасты – ішкі қауіпсіздік министрі, Линда Томас-Гринфилдті – АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі, Джейк Салливанды ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесші етуді жоспарлап отыр.
Джо Байден мәлімдемесінде: «АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мен дамуына жауапты жаңа кабинет мүшелерімен таныс болыңыздар. Бұл азаматтар менің ойға алған мақсаттарымды жүзеге асыруға көмектесетініне сенімдімін. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы лауазымына Антони Блинкенді таңдаймын. Ал Ұлттық қауіпсіздік хатшысы ретінде Алехандро Майоркасты көргім келеді. Бұл – өте жауапты қызмет. Ал Ұлттық барлау қызметінің директоры алғаш рет әйел болады. Ол жұмысты Аврил Хайнес атқарады», – деді.
Кеше қазіргі президент Дональд Трамп билік транзитін бастау туралы шешім қабылдады. АҚШ-тың билік алмасу кезіндегі қызметтерді үйлестіретін Жалпы қызметтер агенттігі (GSA) деген құзіретті органы кеше мәлімдеме жасап, Байден командасы билікті өтеріп алу процедурасын бастау үшін қажетті ресурстар мен қызметтерге қол жеткізе алатынын хабарлады. Сондай-ақ, президент Трамп аталған органға өз жұмысын атқаруға тапсырма да берген. Осыдан кейін Байден президенттің қауіпсіздік және барлау жөніндегі күнделікті брифингтеріне, сондай-ақ негізгі шенеуніктерге бұйрық беру құқығына ие болды.