Егер АҚШ-тағы сайлаудың нәтижесі осы күйінде қалар болса, Ақ үй басшысы болып Байден келмек. Трамптың президенттігі кезінде ұлттық қауіпсіздікке байланысты Құрама Штаттар Қытайдың инвестицияларын қайта қарауды күшейткені белгілі. Осы тұста сарапшылар Байден билігі кезінде АҚШ-тағы Қытай инвестициясының жай-күйі қалай болады дегенге бас қатырып жатыр.
«Байден Трамптың істегенін істей алмайды»
Әлемде нарықтық экономика басты орында тұрғандықтан, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты инвестиция ағымы белгілейді. Сондықтан да АҚШ-Қытай қатынасын бағалауда екі елдің инвестиция алмасымын бақылау да маңызды. Басым көп сарапшылар Қытай инвестициясын қайта бағалау АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне саятындықтан Байден келсе де Қытай инвестицияларына қатаң қарау жалғасады деп болжап отыр. Ішкерілей қарастырып көрелік.
The Wall Street Journal басылымының өткен айдағы мәліметінше, Қытайдың Америка Құрама Штаттарына салған инвестициясы қазір не бары 4,7 млрд долларды құрайды. Демек, 2016 жылдан бері 90 пайыз кеміген. Бұл тікелей Трамп саясатының нәтижесі, ол президент болғаннан бері қытайлық компаниялардың америкалық технологияларды сатып алуына шектеу қойды, бұған қоса қаржылық бақылауды күшейтіп, Қытай кәсіпорындарының қаржы жинауын қиындатты.
The New York Times басылымында жарияланған Стивен Ли Майерстің сараптамасында Байден саясатта өзін барынша ұтымды ұстай алатын саясаткер екенін айта келіп, ол президент болып жатса, АҚШ-Қытай қатынасы Трамп тұсындағыдан біршама жақсарып, екі ел арасындағы диалог қыза түседі деп болжаған екен. Бірақ, Қытай инвестициясына деген қатаң бақылау Байден кезінде де босаңси қоймайтынын басым көп сарапшылар айтады. Трамп жолға қойған саясаттардың ықпалі әле де ұзақ уақытқа жалғаспақ.
Қытайдың Құрама Штаттарындағы инвестицияларын бақылап отырған сарапшылардың бірі Жулиан Эванс-Причард (Julian Evans-Pritchard)бұл жөнінде біршама ұғынықты пікірін білдіріпті. VOA радиосына берген сұхбатында ол Байден Қытаймен мәмілені тең ортада ұстауға тырысады, бірақ, Қытайға қатысты АҚШ-тың ұстанымдары өзгерді, оны орнына келтіру мүмкін емес депті.
Трамптың батыл қадамдар жасап тұрған тұста ол президент ретінде АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне қатысты операцияларына жауап беретін CFIUS деп аталатын комитетке барынша еркіндік берді. Нәтижесінде, аталған комитет Конгреске берген есебінде Қытаймен инвестициялық байланыстарға қатысты 140 келісімді қайта қарағаны мәлім болды. Әдетте басқа елдермен әр жылы бірнеше мәмілелік келісімдер ғана қаралып келген. CFIUS нысанаға алған мәмілелер арасында миллиардтаған долларлық инвестиция ағынын АҚШ-қа алып барған қытайлық ірі компаниялар да бар. «Тик-ток» желісіне деген қысымда осы комитеттің шешімдері себеп болды. Бұл әрекеттермен Трамп әкімшілігі АҚШ-тағы қытайлық инвестициялардың тамырына уақытша болса да балта шапты. Мәселені осы қырынан қарағанда, тамыры буылған Қытай инвестициясы Құрама Штаттарда қайта өркен жаю үшін қысқа не ұзақ уақыт керек, не Уашингтонның түбегейлі қолдауы керек.
Мәселе неде?
Мәселе мынада, Трамп саясатының негізінде ғана емес, Құрама Штаттардың ұлттық мүддесіне жауап беретін комитеттердің ұстанымы негізінде онда жұмыс істейтін қытайлық компаниялар ұлттық мүддеге қатер төндіруші ретінде қарастырыла бастады. Бұл Қытай компанияларының АҚШ-та жұмыс істеуіне деген қысымды арттырды, олар енді осы қысым астында қауқарсыз жұмыс істеуге мәжбүр немесе Америка нарығынан жылыстап шығып кетпек.
Осы арада мана сөзін келтіре кеткен Причардтың тағы бір ұтымды пікірін келтіре кетейік: «Америкалық саясаткерлер арасында Қытайдың күшейюі АҚШ-қа қауіп төндіреді деп санайтындар көбейіп келеді. Олардың көбірек алаңдайтыны зияткерлік меншік құқығы мен технология алмасуы және осының бәрін қамтыған ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Бұлар Уашингтон үшін Қытаймен жұмыс істеудегі тәуекелдің құнын арттырып жіберді», – депті Эванс-Причард.
Уашингтон да, Бейжің де теріс айналды
АҚШ пен Қытайдың қазіргі қайшылығына баға берген саясат сарапшылары, экономика эксперттері жетерлік. Солардың дені кейінгі кезде қайшылықтың екі бақытта екенін мойындай бастады. Былайша айтқанда, тараптар ортадағы келіспеушіліктерді шешуге ұмтылып отырған жоқ. Керісінше, әр тарап өзіне ғана тиімді әрекеттерді жасауда. Қытай жетекшілері қазір «ерегес саясатына» көшкендей. Бұл рет АҚШ-тағы президент сайлауына селқос қарайтынын Қытай басшылары ашық білдірді, сондай-ақ, Байденді америкалық ақпарат құралдары «жеңімпаз», «келесі президент» деп жазып жатқанымен, Қытай тарабы ресми құттықтаған жоқ және әлі де байсалдылық танытқан болып отыр (шын мәнісінде олай емес). Қытай жетекшілері бұл позицияларымен кім билікке келсе де АҚШ-тың саясаты өзгермейді деген қорытындыға келгенін аңғартты.
Қытай қазір өзінің дамуына қатысты мүдделерін қорғаудың стратегиялық қадамдарын жүзеге асыруға тырысып жатыр. Жақында ҚКП ОК пленаралық сессиясында Қытай басшысы ішкі нарықты кеңейту мәселесін баса айтты. Осының өзі Қытайдың алдағы жылдарда сыртқы нарыққа тәуелділікті азайту бағытында қадамдар жасайтынын аңғартты. Сәйкесінше, бұл Қытайда жақын арада АҚШ-пен мәмілесін жақсартуға күш салып кетпейтінін байқатса керек.
АҚШ-тағы инвестициясының қысқаруы Қытайға қалай әсер етті?
Талдаулар көрсеткендей, АҚШ-тағы инвестициясының ауқымды қысқаруынан көрі тауарларына тарифтерді жоғарлату Қытай экономикасына кері әсерін тез көрсетті. Үйтгені Қытайдың көптеген елдермен экономикалық байланысы негізінен қысқа мерзімдік тауар айналымына негізделген. Ал, инвестициясының қысқаруы бұл болашақта Қытай экономикасына біртіндеп әрі ұзақ мерзімдік әсерін тигізеді. Әсіресе, Қытай технологиялық инвестициясының мүмкіндіктерін шектейді.
Бұлай айту оңай, бірақ оның Қытай экономикасына кері әсер ету механизмі қалай деген сұраұ туары анық. Бұл жөніндегі экономика эксперттерінің сөзін түсінікті етіп жеткізсек, былай – ұзақ мерзімді перспективада Трамп саясатының кедергілері Қытайдың шетелдік технологиялар мен әдіс-тәсілдерін, тәжірибелерін алуын қиындата түседі. Нәтижесінде, Қытайдың технологиялық дамуы тұйықталып, жаңа өндіріс, ауылшаруашылық, тіпті қорғаныс саласындағы тәжірибелері де ескіре бастайды. Сондай-ақ, бұл Қытайдың ірі компанияларының әбден толысқан шағында жаһандық ірі компаниялардың арасынан орын табуына мүмкіндік бермейді. Егер Қытайлық компаниялар әлем экономикасы, қаржы-финанс жүйесі тоғысқан АҚШ-тан орын иелей алмаса, бұл жалпы Қытайдың экономикалық маңызды көзін жауып тастаумен бірдей болады.
Эксперттердің сөзінше, Қытай капиталының қысқарып кетуі АҚШ үшін онша көп әсер ете қоймайды. Себебі, АҚШ технологиялық прогресі қарқынды, оның үстіне бұл салада сыртқа тәуелді емес. Құрама Штат экономикасы пандемия әсерінен бір сүрініп кеткенімен, 2017 жылдан бері көптеген бағытта өсуге сұранып тұрғанын байқатып, инвесторларды баурап отыр. Қытайда да өзіне тән мүмкіндіктер мен ерекшеліктер бар, бірақ ол өз алдына әңгіме.
Байден қайтпек?
Байден мен Трамп «анау айтқандай» қарама-қайшы ойдағы адам емес, екеуінің Қытайға қатысты кейбір тұстардағы ойы бірдей. Айталық, Байден де Трампқа ұқсас Қытайды зияткерлік меншік құқығына құрмет етпеді, технология жаңалықтарын ұрлады, әділетсіз сауда жасады деп сынаған. Мәселе, екеунің әрекет ету тәсілдері ұқсамайды десе болады. Байден Трамптың қытайлық тауарларға деген тарифтік саясатын дұрыс емес деп қарайды, ол тек АҚШ-та ғана емес өз одақтастарымызбен бірдей уақытта әрекет еткенде өнімді болады деп санайды.
Не десе де, жаһандық індеттен кейін буылып тұрған инвестиция ағынын еліне бұруға Байден де көбірек мүдделі, бірақ қытайлық инвестицияны емес. Бұл бостықты толтыруға Жапония, Оңтүстік Корея, Еуропа секілді нұсқалары бар.