Кейбір даулы мәселелерге қарамастан Жозеф Байден АҚШ-тың 46-шы президенті ретінде атала бастады. Трамптың нәтижеге қарсы Жоғары сотқа арызданып жатқан әрекеттерінен өнім болмаса, Байден Ақ үйдің басшысы болмақ. Алдағы үкіметті кім жетектесе де оның алдында бірқатар ауыр міндеттер тұр. Жаңа тәж эпидемиясы, тосын экономикалық құлдырау, өткір әлеуметтік қайшылықтар және сайлаушылар арасындағы терең саяси келіспеушіліктер жағдайында АҚШ сыртқы саясатының, оның ішінде Қытаймен қатынастарының ең өзекті мәселесі қандай болуы мүмкін?
Президенттің кім болғанына тәуелсіз, АҚШ үкіметінің басты міндеті Қытаймен екі жақты қарым-қатынас болмаса керек. Қытай тақырыбын екінші немесе үшінші орынға қоя тұрып, ел ішіндегі терең саяси қайшылықтарды ретке келтіру міндеті тұр. Көптеген сарапшылар АҚШ үкіметінің көзалдағы міндеті «Америкалық болмысты» яғни «Америкалық демократиялық жүйені дамыту» кезек күттірмейді деп санайды.
Кезекті сайлау, АҚШ-тағы асқынған саяси бөліністі көрсеткендей болды. Демократия мен әділет ұғымдары арасында да белгілі деңгейде қайшылықтар көріне бастады, терең теориялық түсінік беруді қажет ететін сұрақтар да туындады. Қытаймен әлемнің көшбасшылық таласына тұс келіп тұрған кезде, АҚШ қоғамындағы бұл жағдай саясаткерлерді алаңдатып отыр.
АҚШ-тың Қытайдағы бұрынғы елшісі Винстор Лорд Байден әкімшілігіне мынадай үш үлкен үмітті артқан екен: Біріншіден, америкалық демократиялық жүйені жақсартып, терең саяси бөлініп-жарылуды тоқтату, америкалықтарды біріктіру. Екіншіден, Қытаймен бәсекеге түсе алу үшін болашаққа инвестиция салу, кейбір мәселелер бойынша келісімге де келу, айталық инфрақұрылым, білім, энергетика, дамыған ғылым мен технологиялар, жасанды интеллект, 5G және т.б. Үшіншіден, одақтастармен ынтымақтастықты нығайту. Лорд АҚШ өз одақтастарымен ынтымақтастығы бекем болғанда ғана Қытайды келісімге көндіруге болады. Ол сондай-ақ, Трамп кезінде шығып кеткен Транс-Тынық мұхиты сауда келісіміне қайта қосылуды ұсынған.
Винстон Лорд Құрама Штаттардың барлық халықаралық келісімдер мен ұйымдарға қайтып оралуын үміт етеді. Бұл Құрама Штаттардың халықаралық көшбасшылық орнын қалпына келтіреді деп санайды. АҚШ бұл орнын қалпына келтірмей жатып, Қытайға қарсы күресуге болмайтынын, содан кейін ғана «Қытайға қарсы біріккен майдан» құруы керек деп санайды.