Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 44 миллионға жуықтады. Денсаулық сақтау ұйымы індеттің екінші толқыны тез таралып жатыр деп дабыл қақты. Бар-жоғы бір аптада вирус 2 миллион 40 мың адамнан анықталып, жұқтырғандар саны 16%-ға асқан.
Дертке шалдыққандар саны қайта артқан мемлекеттер төтенше жағдай енгізіп, карантин шараларын қатаңдата бастаған. Әсіресе, АҚШ пен Еуропада вирустан төнген қауіп артқан. Осыған байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа аймағы бойынша бюро директоры Ханс Клюге Еуропа елдерінде қабылданып жатқан шектеу шараларын мақұлдады.
АҚШ-тың кей өңірлерінде коменданттық сағат енгізілді. Сонымен қатар демалуға арналған саябақтар мен қоғамдық орындар екі аптаға жабылды. Мұнда 9 миллионға жуық кейс тіркелген. Карантин талаптары айтарлықтай күшейтілмесе де, 3 қарашада өтетін президенттік сайлауға пошта арқылы дауыс беру енгізілген. Жақында Ақ үй басшысы Дональд Трамп та отбасымен коронавирус жұқтырған болатын.
Вирус жұқтыру дерегі бойынша антирекордтізімінде көш бастаған ммлекеттер қатарында Бразилия, Үндістан және Мексика тұр.
Германияда коронавирусты жұқтыру деректері күрт өсті. Осыған байланысты Бавария өңірінің екінші аймағы локдаун енгізді. Аустриямен шекаралас Роттал Ин ауданында барлық мектептер мен балабақшалар жабылды. Жергілікті тұрғындарға тек дәрігерге қаралып, дүкенге шығуға рұқсат. Сондай-ақ спортпен айналысып, үй жануарларын сыртқа шығара алады.
Өткен тәулікте Германияда 11 409 науқас анықталған. Алайда осы аптада ауруды жұқтырғандардың саны күрт арту қаупі бар. Экономика министрі Петер Альтмайердің болжамынша, күніне 20 мыңдай адам вирусты жұқтыруы мүмкін. Осыған байланысты Германияда федералдық өңірлердің басшылары бас қосып, екінші локдаун енгізу мәселесін қарастырмақ. Сауалнама нәтижелеріне қарағанда, ел тұрғындарының жартысы карантин шектеулерінің күшейтілуін қолдап отыр.
Францияда өткен тәулікте 33 мыңнан астам адамға COVID-19 диагнозы қойылды. Қазір көптеген ауруханаларда орын тапшы. Жергілікті билік елде 4 аптаға локдаун енгізуді жоспарлап отыр. Әзірге жаңа шектеу шаралары Сенаттың қарауында. Дауыс беру аяқталғаннан кейін президент Эммануэль Макрон бүгін кешкісін жаңа карантин талаптарын телеүндеу арқылы жария етпек.
Біріккен Корольдікте де вирус жұқтырғандар санының өсуіне байланысты карантин шаралары қатаңдатылды. Лондонда шектеудің екінші деңгейі енгізілді. Жаңа тәртіпке сай бір үйде тұрмайтын адамдардың кездесуіне тыйым салынады; көшеде 6 адамнан артық жиналуға болмайды. Британия билігі қоғамдық көліктердің орнына велосипед, электросамокатты пайдалануға және алыс сапарға шықпауға кеңес берді.
Бельгияда әлем бойынша өңірде жан басына шаққандағы өлім-жітімнің ең жоғары көрсеткіші тіркелген. Осыған орай билік аймақтағы барлық жоғарғы оқу орнын, мәдени және діни ғимараттардың жұмысын уақытша тоқтатты.
Норвегия мен Словакияда індеттің ушығуына байланысты шектеу шаралары қатаңдатылды. Енді Норвегияда бір нысанның ішінде 50-ден астам адамның жиналуына тыйым салынады. Үйге 5 кісіден көп қонақ шақыруға болмайды. Сонымен қатар 31 қазаннан бастап елге келген шетелдік жұмысшылар он күндік карантинге жатқызылатын болды. Ал Словакияда 31 қазан мен 1 қараша аралығында коронавирусқа жалпыұлттық тестілеу өткізіледі.
Италияда жергілікті биліктің шектеу шараларын қатаңдату туралы ережесіне қарсы жергілікті тұрғындар наразылыққа шықты. Турин қаласында жиналған жұрт Үкіметтен барлар мен мейрамханалардың жұмысын жалғастыруын талап етті. Наразылық акция тәртіпсіздікке ұласты. Ашуға бой алдырғандарды полиция көз жасаурататын газбен тарқатпақ болған. Қазір елде 565 мыңға жуық кейс тіркелген.
Ресейде өткен тәулікте 17 347 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Бұл – індет басталғалы бері бір күн ішінде тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Енді ресейліктер қоғамдық көлікте, такси, жеделсаты, саябақ пен өзге де халық көп жиналатын жерде тағуы міндетті. Ал кафе, мейрамхана мен өзге де ойын-сауық мекемелер түнгі 11-ден таңғы 6-ға дейін жұмыс істемейді. Жаңа ереже ертеңнен бастап күшіне енбек.
Иран коронавирус індетіне байланысты қабылданған шектеулердің мерзімін қарашаның жиырмасына дейін ұзартты. Теһранда мектептер, мешіттер, дүкендер мен мейрамханаларды жұмысы тоқтатылды. Індеттің өршуіне байланысты кейбір өңірлерде ауруханаларда орын жетіспейді. Ел аумағында әр төрт минут сайын осы дерттен өлім тіркеліп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері егер халық санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтамаса, күн сайынғы өлімдер саны 600-ге дейін өсуі мүмкін деп ескертті.
Кеше Қазақстанда коронавирус пен пневмнониядан 6 адам қайтыс болған. 422 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Оның басым бөлігі (274) – Covid тесті теріс нәтиже берген, бірақ ауру белгілері бойынша коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға (U07.02) шалдыққандар.
Коронавируспен күрес бойынша құрылған үкіметаралық комиссия 26 қазанда жиын өткізіп, 2-тоқсаннан бастап кейбір мектептерде оқушылар сыныптан оқитынын мәлімдеді. Сонымен қатар 2 қарашадан бастап театрлар мен мешіттер келушілерді қабылдай бастайды. Театр залында көрермендер саны жүзден аспауы тиіс. Ал мешіттер 100 адамға дейін кіргізіп, бес уақыт намаз оқуға рұқсат алды. Бірақ жұма намазға әлі рұқсат етілмейді.
Қазақстан билігі 1 тамыздан бері коронавирус пневмониясына арнайы код беріп, есебін бөлек жариялап келеді. Мысалы, бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 576 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді. Сарапшылар бұған қарсы. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған. Сол себепті жергілікті сарапшылар арасында ресми дерекке күмән келтіріп, ауруға шалдыққандар мен одан қайтыс болғандар саны ресми көрсеткіштен жоғары дейтіндер бар.