Коронавирустың әлемге әкелген дағыдарысынан тек нәтижелі вакцина ғана алып шығады. Бұндай мәлімдемені кеше Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жасады. Бүгінде Жер шарының 38 млн шамасындағы тұрғыны вирус жұқтырып, оның 1,1 миллионы көз жұмды, 70 мың адам ауыр халде жатыр.

Эксперттер індеттің күз айларында қайта өршитінін болжаған, болжамдары дұрыс келіп жатқандай. Қазір әлемнің бірқатар елінде вирустың таралуы қайта күшейді. Бұған жаңа оқу жылының басталуы мен қоғамдық қарым-қатынастардың қайта жандануы секілді себептер болды. Оған қарсы карантин шараларын енгізу тап қазір әлемнің қай-қайсы үкіметі үшін қиын болып отыр. Себебі, экономика жыл бойы ауыр соққы алып келді.

Lancet журналы жақында коронавирус туралы жаңа зерттеу мақаланы жария етті. Онда адамдардың вирусқа қайталай шалдығу қаупінің күшті екенін дәлелдеген зерттеулер бар. Белгілі болғандай, бір рет коронавирусқа шалдыққан адам екінші рет те жұғымдалуы мүмкін. Тіпті, екінші ретінде науқастардың жағдайы тым ауыр болған. Бұл коронавирусқа болған адам иммунитетінің тұрақтылығына деген күмәнді күшейтті. Бір сөзбен айтқанда, бір рет коронавирусқа шалдыққан адам оны қайталай жұқтырмайды дегенге еш кепілдік жоқ.

Қоғамдық қозғалыстардың шектелген кезінде кейбір сарапшылар жағынан карантин шарасының қажеті жоқ деген пікірлер де айтылған. Олардың ойынша вирустың таралуына мейлінше жол беріп, адамдар ауырып сақайып шықса вирус толығымен тоқтайды. Бірақ, жаңа зерттеу нәтижелері бұл пікірдің қауіпке бастайтынын білдірсе керек. ДДСҰ болса ұжымдық иммунитет қалыптастыру дегенді сорақы қадам деп ескертті.

Қазір Жер бетінде жеті миллиардтан аса адам жасап жатса, ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін оның тең жартысынан астамы вирус жұқтырып және оны жеңіп шыққан болуы керек. Алайда, қауіпті індет адамзаттың 0,5 пайзына жетпеді. Соның өзінде 1,1 млн адамның жанын алды. Әлемде жеті адамның бесеуінде иммунитет бар кезеңге жетеміз десе бұл қарқынмен 30 миллионға жуық адам көз жұмбақ.

“The Qazaq Times”