Таулы Қарабақтағы қақтығыстан кейін мыңдаған босқын Арменияны қарай ағылуда. Қазір Арменияның Горис қаласында босқындарға арналған уақыттық тұрақтар ашыла бастаған.
Таулы Қарабақ үшін соғыстың 11-ші күні адам шығыны көбейе түсті. Бір күнде Армения тарабынан 80 әскердің қаза болғаны белгілі болған. Бұны мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының Қорғаныс министрлігі жария еткен. Бірақ, бұл сандарды басқа мәлімет көздері арқылы анықтау қазірше мүмкін емес. Ал, Әзірбайжан тарабы қақтығыс тоқтағаннан кейін ғана соғыс шығыны туралы анық мәлімет беретіндерін мәлімдеді.
Таулы Қарабақ үшін соғыстың қарқыны 7 қазан күні қайта күшейді. Армения Қорғаныс министрлігі атыстың түнімен толастамағанын растады. Осыдан екі күн бұрын ауа райына байланысты Әзірбайжан тарабынан ұшқышсыз ұшақтармен атқылау азайған еді. Бұны Ресей телеарналары Әзірбайжанның соғысты тоқтатуға деген қадамы деп болжап жатқан. Алайда, орыс ақпарат құралдарының бұл болжамы шындыққа сай болмай шықты.
Армения қорғаныс министрі Ованнисян кешегі мәлімдемесінде Армения тарабы бұған дейін айырылып қалған бекіністерін қайтарып алғанын айтқан. Бірақ, нақты қай аймақтарды қайтарып алғанын анық жеткізген жоқ. Әзірбайжан тарабы әскери техникалар мен ұшқышсыз ұшақтарды ауқымды деңгейде пайдаланып жатыр. Осыған қарап Қарабақ үшін қақтығыстағы Баку тарабының басымдығын байқауға болады.
BBC мәліметіне сенсек, Армения тарабына 70 мыңға жуық босқын қашып өткен. Әлеуметтік желілерде әзірбайжан жауынгерлердің өздері қолға келтірген елді мекендерде елінің байрағын тігіп жатқан видеолар көбейді. Алайда, Әзірбайжанның өзге қалаларына Армения тараптан зымыран шабуылдарының болып жатқаны айтылуда.