Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Ирина Смит QT редакциясының сауалына берген жауабында өңірде «инфекция ошақтары әлі жойылмауы және карантин шараларының сақталмауы» себепті коронавирус бойынша алда келе жатқанын растады.
Облыс аумағында барлығы 8769 адамнан (1 қазандағы дерек) коронавирус, 4776 адамнан (30 қыркүйектегі дерек) коронавирус пневмониясы анықталған. Оның 5 мыңнан астамы сипмтомды, ал қалған 3,7 мыңдайы симптомсыз жағдай. Қазіргі таңда 8385 адам айығып шыққан. Бірақ әкімдік коронавирус пневмониясы, науқастардың ахуалы және орташа жасы, жынысы туралы толық ақпарат бермеген.
Бүгінгі таңда облыс бойынша жұқпалы ауруларға шалдыққан науқастарды қабылдауға арналған, сыйымдылығы 813 төсек-орын болатын 29 стационарлық медициналық мекеме жұмыс атқарып жатыр. Әкімдік басқармасының басшысы ықтимал күзгі толқынға дайындық жасалып жатқанын айтады.
– Қажет болған жағдайда төсек-орын қоры облыс бойынша 5910 төсекке дейін ұлғайтылуы мүмкін. Бұдан басқа, жедел жәрдем қызметін күту уақыты мен жүктемені азайту мақсатында автопарктегі көліктер санын 216-ға көбейтіп жатырмыз. Оның 100-і – бюджет есебінен және 116-сы – БРК лизинг арқылы. Қазір аймақта 120 жедел жәрдем бригадасы бар. Оған қосымша 377 мобильді топ құрылды (114-і қалаларда, 263-і аудандарда), – дейді Смит.
Ресми өкілдің айтуынша, «қазір төсек-орын қорын қажетті жабдықтармен жабдықтау және пациенттерді оттек терапиясымен толық қамту ету үшін барлық инфекциялық және көпбейінді стационарларға орталықтандырылған медициналық газ беру бойынша жұмыс жүріп жатыр».
ШҚО-да 931 медицина қызметкері ауырған. Оның 874-і коронавирусқа, 57-сі коронавирус пневмониясына шалдыққан. 8 қызметкер қайтыс болған, екеуі Өскемен қаласынан. Бірақ жүздеген медқызметкердің небәрі 137-сіне ғана өтемақы төленген.
Шығыс Қазақстан облысының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бастығының міндетін атқарушы Гүлайым Тағаева (Гуляим Тагаева) қыркүйекте коронавирустың 100 мың тұрғынға шаққанда сырқаттанушылық көрсеткіші 36,1-ге жеткенін хабарлады.
Департамент басшысының сөзінше, «аурушандық барлық аудандар бойынша барлық жерде біркелкі».
– Тамыз айынан бастап облыс бойынша сырқаттанушылық төмендей бастады, 27 қыркүйекте 3,7 есеге төмендегені байқалады. Қыркүйек айында өсім тұрақты түрде 0,2%-да болған (тамыз айында орташа 0,8%), – дейді Тағаева.
Қыркүйек айында COVID-19 кейсінің басқа өңірлермен салыстырғанда көптеп тіркелуін «облыс бойынша мамыр айынан бастап, карантин аяқталғаннан кейін, халық шектеу шараларын сақтауды тоқтатқан кезде аурудың көбеюімен» түсіндіреді.
Өткен айдың басынан бері Қазақстанда коронавирус ауруының тәуліктік және апталық көрсеткіші бойынша Шығыс Қазақстан өңірі бірінші орында келеді. Қазақстанда науқастанғандардың ресми есебі 141 мыңнан асқан. Пандемия басталғалы жалпы жиыны вирус жұққандардың 2670-і (КВИ+ / U07.1 – 1 737, КВИ- / U07.2 – 357, ілеспе аурулардан – 576) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 576 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді.