28 қыркүйекте елде 58 адамнан COVID-19 инфекциясы, 10 адамнан коронавирус пневмониясы анықталды. Бір күнде 4 адам қайтыс болған. Қазақстанда науқастанғандардың ресми есебі 140 333-ке жетті.
Жарты айдан бері Шығыс Қазақстан облысы ковид таралуы бойынша бірінші қатарда тұр. Дүйсенбі өңірде да 21 коронавирус жағдайы анықталған. Басқа аймақтарда тәулік ішінде тіркелген кейстер саны оннан аспайды. Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл, Ақтөбе облыстарында ешбір жағдай тіркелмеген.
Қыркүйектің 28-сі күнгі Үкімет дерегінше, 3 кісі коронавирустан қайтқан. Өткен күні дертінен айыққан 69 адам ауруханадан шықты. Емделіп жатқан 3,3 мың адамның 1906-сы ауруханаларда, ал 1394 науқас амбулаторлық бақылауда. Олардың 46-сы өскіншек бала. Сондай-ақ, жағдайы ауыр 92 науқас бар. Оның 12-сі тым ауыр хәлде жатыр. 21 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
Ковидтің асқынған түрі коронавирус пневмониясына шалдыққан бір адамның жағдайы оңалмай, өмірден өткен. Бірақ Денсаулық сақтау министрлігі аурудың күнделікті кейстерін аймақтар бойынша жарияламайды. Әйтпесе, екі дерттің этиология-клиникасы бір, ДДСҰ екеуін бірге қарастыруға нұсқайды. Дегенмен ведомство екі диагнозды алалап қарайды. Коронавирус пневмониясына шалдыққандар туралы билік тұщымды ақпарат бермейді. Ешбір ресми ресурста коронавирус сияқты ауырғандардың саны, аймақтардағы үлесі, клиникалық жағдайы, жас құрамы индиктарорлары туралы мүлдем жарияланбайды.
1 тамыздан бері коронавирус пневмониясына шалдыққан 32,5 мың адамның 27 мыңнан астамы жазылған. 13 наурыздан бері билік мойындаған 107 833 науқастың 102 805-і айыққан.
ДДСҰ мәліметінше, Қазақстанда ауырғандардың саны 140 мыңнан асқан. Дегенмен Үкімет коронавирус пен оның пневмониясын екі бөлек есептеп келеді.
Пандемия басталғалы жалпы жиыны вирус жұққандардың 2 655-і (КВИ+ / U07.1 – 1 728, КВИ- / U07.2 – 351, ілеспе аурулардан – 576) қайтыс болған. Алайда Қазақстан билігі бойынан коронавирус табылса да, басқа аурулардың себебінен қайтыс болды делінген 576 адамды жалпы статистикаға қосып есептемейді. Сарапшылар бұған қарсы. Олардың айтуынша, коронавирустың жанама әсерінен қайтқандардың жартысынан астамының себебі қан айналымы жүйесінің аурулары болғандықтан, оған инфекция дерт қоздырушы фактор ретінде өлімге әкеп соқтырған.
Коронавирус дерегінде, тіпті коронавирус пневмониясынан қайтқандардың санында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Бірақ коронавирусты күнделікті тіркеу тәжірибесі қалыптасқан Қазақстан үкіметі пневмонияға шалдыққандарды есепке алуда «демала қояды». Сенбі мен жексенбі күнгі айырма – 6 есе. Ресми дерекке қарағанда, 26 қыркүйек 229, 27-сі күні 38, ал 28-і 10 науқас анықталған. Осыған қарап министрлік дерегі бір емес, екі күнге кешігіп түзілетін тәрізді. Бұл туралы редакция сұрататын болады. Себебі жексенбідегі мәліметтің кемуі ауруханалардың жұмыс күнгі режимде болмауы сияқты техникалық мәселеден болса, дүйсенбі тіпті азая қоюы екіталай. Күзгі толқынға «тас-түйін, 100% дайын» екенін сүйіншілей хабарлаған министрлік коронавирус пневмониясы туралы ақпарды кем-шетін жариялайды. Президент Тоқаевтың тапсырмасы аясында «ащы да болса шындықты айтып, ақпаратты біріздендіруі» тиіс Алексей Цой мен оның көмекшісі Бағдат Қожахметов екі ай бұрын құрылған Ақпарат-медиа орталығының жұмысын әлі күнге дейін жолға қоя алмай отыр. Тіпті ДенМин өткір сұрақтар қоятын төртінші билік саналатын дәстүрлі БАҚ-тан гөрі әлеуметтік желіде танымал блогерлермен әріптестікті бірінші орынға қоятынын жасырмайды.