АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі жыл сайын Сенат алдында Қытайдың қорғаныс қуаты туралы есеп беріп отыруға міндетті-тін. Жақында ғана Пентагон 2020 жылға арналған есепті жария етті. Онда Қытайдың қазіргі әскери техникалары, армиясының соғыс тәжірибесінен тартып нақты соғыс және қорғаныс қуаты туралы баяндалған.
Қытай қай өңірде және қандай ұрыс күшінің басымдығына ие?
Пентагон жасаған мәлімдемеге сәйкес, Қытай қазір Тынық мұхитының батыс жағалауындағы «Бірінші тізбек аралдар» деп аталатын аймақ ішінде қорғаныс пен шабуыл жасауда күшті басымдыққа ие (A2/AD ұрыс күшіне ие) екені мәлім болды. «Бірінші тізбек аралдар» деп отырғаны Жапон топ аралының оңтүстігіндегі Рюкю тізбек аралынан басталып, Тайуанды қамтып, Филиппин аралдарының тізбегіне дейінгі аймақ. Бұлар Қытайдың Бохай, Хуаңхай, Шығыс қытай теңізі және Оңтүстік қытай теңізі арқылы мұхитқа шығатын жолдары. Қытайдың бұл аймақта күшті қорғаныс және шабуыл қуатына ие болуы ең алдымен Тайуаның қауіпті қатердің ішінде тұрғанын түсіндіреді.
A2/AD ұрыс күшіне ие дегенде құрылымдық килігуге тосқауыл қоя алатынын сипаттайды. соғысқа қатысушы елдің (айталық Қытай мен Тайуан тұрғысынан алғанда) әскери және әскери емес құралдарды пайдалана отырып, көмек бергісі келетін келесі әскери күштерді (айталық АҚШ теңіз күштерін) тежеу, кедергі келтіру немесе кешіктіру мүмкіндігін көрсетеді. Яғни, үшінші жақтың араласуын болдырмауға қабілеттілігі.
Анығында Қытай аймақта қаншалықты нақты соғыс қабілетіне ие? Қытай Халық-азаттық армиясы Тайуанды күшпен басып алуға әрекет етуі мүмкін бе? Ондай жағдайда АҚШ Тайуанға қорғау үшін соғысқа араласа ала ма? Қытай өз мүмкіндігінен пайдалана отырып, АҚШ-ты ұрыстан шеттетіп тастауы мүмкін бе? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде Пентагонның аталған есебіне мен шетелдік ақпарат құралдарына берген әскери мамандардың пікірлеріне сүйене отырып талдау жасап көрелік.
Қытай A2/AD қорғаныс шебін тікелей АҚШ-қа қарсы дайындаған
Тайуан сарапшыларының пікірінше, Қытай әуелден Құрама Штаттарды өзінің басты қарсыласы деп есептеді, сондықтан да Халық-азаттық армиясы АҚШ әскери күштеріне қарсы жүйелі түрде «Бірінші тізбек аралдар» аймағының ішіне A2 / AD қорғаныс шеңберін жасаған. Тағы сол Тайуан сарапшыларының талдауынша, «Бірінші тізбек аралдар» шебі мен A2/AD ұрыс күшінің маңызды болатын себебі: бұл аумақтағы Қытайдың басты қорғаныс қуаты 500-5500 шақырым аумаққа жететін мыңдаған баллистикалық зымырандар және қанатты змырандармен жабдықталған әуе қорғаныс жүйесіне негізделген. Тынық мұхиты аймағында АҚШ ұшақ тасымалдаушы кемелерінің тобына көбірек сүйенетіндіктен, Қытай Халық-азаттық армиясы да дәл осыған қарсы дайындалған.
Енді бұны таратып көрелік, АҚШ-тың бір ұшақ тасымалдаушы кемесінің құны 5 млрд доллар асып жығылады, онда 6000 жауынгер және 100-ге жуық соғыс ұшақтары болады. Америкалық ұшақ тасымалдаушы кеме Қытайдың A2/AD қорғаныс шеңберіне кіретін болса, Қытай тарабы оның 500 есе арзан зымырандар арқылы (шамамен 10 млн АҚШ доллары) жойып жіберу мүмкін. Егер «асимметриялық соғыс» әдісі сәтті болатын болса, бұл АҚШ үшін ауыр шығын алып келеді. Бір ұшақ тасымалдаушы кемедегі адам мен әскери ұшақтардың шығыны шамамен «11 қыркүйек оқиғасының» зардабына тең болуы мүмкін.
Әрине, бұл сөз Қытайдың A2/AD қорғаныс шеңбері ішіндегі қақтығыс ықтималдығы туралы, сондықтан ол екі армияның толық соғыс қабілетін көрсетпейді. Былай айтуға болады, егер Қытай Халық-азаттық армиясы (әскери әуе, теңіз және құрылық қосындарын қамтығанда) Тынық мұхиттың ашық айдынына ұрысқа шығатын болса жеңіліс табатыны сөзсіз. Алайда, Қытайдың теңіз жағалауынан мың шақырым аумақтағы соғыста Халық-азаттық армиясы жеңіле қоймайды деген сөз.
АҚШ теңіз күштері Тайуанды қорғауға батылдық ете ала ма?
Ендігі мәселе, Қытайдың дыбыстан жылдам ұшатын зымырандары АҚШ-тың ұшақ тасымалдаушы кемелеріне қауіп төндіретіні анық болған жағдайда, сондай-ақ, Халық-азаттық армиясы Тайуанға агрессивті ұрыс ашса Құрама Штаттар 1996 жылғыдай Тайуан аралының маңына келуге батылдық ете ала ма? Нью-Йорк қаласында Тайуан бұғазының қауіпсіздігін зерттеу орталығы болса бұған басқаша уәжі бар. Аталған орталық та АҚШ-Тайуан-Қытай арасында болуы ықтимал қақтығыс себебі мен салдарларын зерттеген. Бұл орталық Қытайдың A2/AD қорғаныс шебінің соғыс қуатына күмәнмен қарайды. Олардың пікірінше Қытайдың A2/AD қорғаныс шеңбері қауіпті әрі күшті көрінеді, бірақ жауаптасқан соққылар кезінде олардың да өлім-жітім және қорғаныс шығындары орасан зор болуы мүмкін.
Естеріңізде болса, осыдан бұрын сайтымызда Қытайдың тамыз айының соңындағы теңіз әскери оқу-жаттығуында «Ұшақ тасымалдаушы кемелердің жендеті» деген лақап аты бар Dongfeng-26B және Dongfeng-21 зымырандарын сынақтан өткізгенін жазған едік. Бұл зымыранның бірі 1000 шақырым қашықтыққа дейін ұшып бара алса, енді бірі 4000 шақырымға дейін ұшып бара алатын баллистикалық зымыран. Бұл Қытайдың АҚШ-қа сес көрсеткен әскери қадамы десе де болады. Қытай бұл арқылы АҚШ-қа «Америка мақтанышы саналатын ұшақ тасымалдаушы кемелеріңнен айырыласың» дегені еді.
Дегенмен, АҚШ тарабы да өзінің әскери барлау қызметі мен әскери мамандарының пікіріне сүйене отырып, бұл зымырандардың қуаты мен қабілетіне күмән келтіргені бар. Айталық, жаттығу кезінде Қытай өзінің екі зымыранын көрсетті бірақ, олардың нысанаға дарығаны, күйретіп жібергені туралы анық дерек жоқ. АҚШ тарабы өзінің әскери барлау қызметіне сілтеме жасап, Қытайдың жаттығу барысында 4 зымыран ұшырғанын алға тартқан. «Екеуі анық болса, қалған екеуі қайда? Олар Қытайдың өз территориясында құлады ма, әлде нысанаға жетпей қалды ма?» деген секілді сұрақтар екі елдің әскери қадамдарын аңдып отырған сарапшылар, БАҚ өкілдері арасында желдей ескен. Не дегенмен, сол реткі аңдысу әрекеттері әр екі жақтың әскери қабылеттерін сыртқы әлемге біршама анық көрсеткендей болды.
Қытайдың A2/AD қорғаныс шебі жөнінде Нотр-Дам университетінің профессоры Евгений Гольц те өз пікірін білдірген. Оның айтуынша, Қытайдың аталған қорғаныс күші АҚШ-тың Тайуан бұғазындағы ықтимал қақтығысқа араласу шығынын көбейтеді, алайда, қазіргі таңда АҚШ өзінің Тайуан бұғазындағы қақтығысқа араласуы мен Тайуанды қорғау жөніндегі міндеттемелерін өтеп жатқанын көрсетеді. Былайша, Халық-азаттық армиясы Тайуанды басып алу үшін соғыс ашса, АҚШ соғысқа аралсуға қазірге жағдайда ниетті. Бірақ, кейбір америкалық саясаткерлер соғыс шығынының ауырлығын алға тарта отырып, АҚШ-тың бұл соғысқа араласуын болдырмауға тырысады. Бұл әрине, Гольцтың пікірі.
Гольцтың сөзінше, қазір Қытай мен АҚШ арасында әскери қыр көрсету, оқу-жаттығу арқылы қорқыту бірін-бірі тоқтатудан қалды. Керісінше, Қытай өзінің A2/AD қорғаныс шебін, оған қоса әсекери қуатын қауырт арттырып жатыр, ал Құрама Штаттарда оған қарсы шаралардың тебінін күшейтті.
Қытай әскери қуаты АҚШ-ты қуып жетуі мүмкін
Пентагон жасаған Қытайдың әскери қуаты туралы соңғы есебіне қарағанда, Қытай Халық-азаттық армиясы АҚШ-тың әскери қуатын қуып жетуге асығуда. Тіпті, кеме жасау, құрлықтағы орта, алыс қашықтықтағы зымырандар және әуе қорғаныс жүйесі секілді салаларда Құрама Штаттардың алдын орап кеткен. Сондай-ақ, АҚШ-тың есебінше Қытай әлемдегі ең үлкен әскери теңіз күштеріне ие. Алдағы он жылда Қытайдың ядролық оқ тұмсықтар қоры қазіргі 200-ден 400-ге дейін жетуі мүмкін, бұл АҚШ-тың 7000-нан астам ядролық арсеналымен салыстырғанда тым аз. Дегенмен, бес жыл ішінде Қытайда АҚШ территориясына қауіп төндіре алатын 200-ден аса баллистикалық зымыран болады. Демек, Қытайдың әскери қуаты бұрынғыдай емес.
Солай дегенмен, жоғарыда атап өткен Тайуан бұғазы қауіпсіздігін зерттеу орталығын Қытайдың күшін шамалауда басқаша көзқарасты алға тартады. Қытайдың мемлекет қуаты, әскери күші және A2/AD қорғаныс күшін қамтыған жалпы нақты соғыс қуаты арқылы АҚШ-қа төтеп беруі екіталай. Себебі, соғыс Қытайдың «ауласында» болған күнде де Құрама Штат аймақта көптеген одақтас күштерге ие. Аустралия, Жапония, Оңтүстік Корея секілді негізгі одақтастарынан тартып, Филиппиин, Вьетнам, Үндістан, Тайуан және Тынық мұхиттағы арал елдері де АҚШ жағында.
Былай қарағанда әскери қуатты дамытуда Қытай АҚШ-тан көп сабақ алған. Тіпті, қару-жарақ техникасы, персоналды ұйымдастыру және компьютерлік жүйелер арқылы басқарудың барлығын дерлік Құрама Штаттан көшірді. Алайда, екі елдің басқару түзімі мен саяси мәдениеті екі түрлі болғандықтан бұларды нақты соғыс жағдайында іске асыруы да екі басқа болады. Былайша түсіндіруге болады: АҚШ кейде шабуыл өнімділігін, соғыс кезіндегі икемділікті күшейту үшін кейбір аса маңызды шешімдерді командирлердің жасауына рұқсат беретін ережесі бар. Ал, Қытай армиясы қатаң тәртіпке бағындырылған, шешім жасау мен оны жүзеге асыруға тұтас жүйе жұмыс істеуі керек болады. Ұрыс уақытында осының бәрі дерлік елдердің жеңіс-жеңілісіне әсер етпек.
Қытай Халық Республикасының төрағасы лауазымындағы Ши Жинпиң әскери, саяси және партия билігі сынды үш билікті өз қолына алған. Қытайдың әскери және саяси мәдениетіне қарай отырып, қандай жағдай болмасын ҚКП басшысы бұл биліктерді жергілікті командирлерге бөліп беру мүмкіндігі жоққа тән. Оның үстіне қазір компартия ішінде «ішкі тазалау» жүріп жатқандықтан, барлық билік орталыққа қарай шоғырлана түседі. Осының өзі нақты соғыс кезінде Халық-азаттық армиясы мен АҚШ армиясының икемділігін бағалауға негіз бола алады.
АҚШ президентінінің қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілері Қытайға қарсы күрестің тәсілдері туралы да талқылай бастағаны мәлім. Айталық, осы аптада Трамптың қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі болған Х. Р. МакМастер Тайбейде (Тайпэй) өткен қауіпсіздік форуымында АҚШ пен Қытайдың қазіргі әскери аңдысуын «Су-Ли-Фа» ойына ұқсатты. «Қытай бұл ойында «қайшы» шығарса, Құрама Штаттар оған қарсы «тасты» қолдануды білуі керек. Қарсыласты жеңу үшін АҚШ әскери күштері әртүрлі қару-жарақ пен технологиялық мүмкіндіктерге ие болып, оларды әртүрлі соққылармен күресу үшін бірыңғай тәртіпте қолдануы керек, сонымен қатар генералдарды әртүрлі жерді, ауа-райын және басқа да артықшылықтарды тиімді пайдалануға икемді күресуге үйрету керек», – деген МакМастер. Трамп кеңесшісінің пікіріне қарағанда, АҚШ асимметриялық соғыс аз болған сайын басым түседі, өйткені АҚШ Қытаймен бәсекелесу үшін тек қару мен жұмыс күшінің масштабына сүйенетін болса, бұл тым ақымақтық болмақ.
Алайда, Тайуан бұғазының қауіпсіздігін зерттеу орталығы өз есебінде: «АҚШ-та бірлескен операцияларды жүргізудің күшті мүмкіндіктері болғанымен, оның әлі де шешілмеген әлсіз жақтары бар. Бірлескен операциялар мыңдаған қаруды үйлестіріп, ондаған жауынгерлік бөлімдерді бірлесіп басқаруды қажет етеді, бұл өте қиын. АҚШ армиясы бірлескен ауқымды операцияларды бұйрықтармен, тәртіптермен, байланыс, бақылау, барлаумен және C4ISR мен компьютерлер арқылы жүзеге асырады. Ал, Қытай компартиясы кибер-шабуылды күштеп дамытқаны белгілі. Бұл ұрыс кезіндегі Құрама Штат күштерінің басқару тәртібін бұза алады деген сөз. Осыған қарай отырып, Тайуан бұғазындағы соғысқа араласқан жағдайда нәтижесінің қалай болатынын нақты айту қиынға соғады», – деген.
Тайуанның өз күшін де ескеру керек
Тайуан (Тайвань) бұғазының айналасында болуы ықтимал соғыста Тайуанның өз күшін де ескеру керек. Қытай АҚШ-тың шабуылына қарсы A2/AD қорғаныс шебін дамытуы, Тайуанды да осыған ұқсас қорғаныс жүйесін қалыптастыруға итермелеген. Тайуан президенті 8 қыркүйекте ел орталығында өткен Азия-Тынық мұхиты аймағы қауіпсіздік форумында «Тайвань асимметриялық ұрыс қуатын арттыруға ұмтылатындығын» ашық айтты.
Тайуан АҚШ-тан ең жаңа типтегі F-16V соғыс ұшақтарымен қатар, «Патриод» атты зымырандарын сатып алды. Бұған қоса Тайуан өзінің кеме және әскери көліктерді жасау саласын жедел дамытуды қолға алуда. Дегенмен, Тайуан өзінің әскери теңіз және әуе күштерін, зымырандарын және алыс аралықта артиллериялық соққы беру қабілетін, өзге де соғыс техникаларын тек Тайуан бұғазындағы соғыс қатерінен қорғану үшін дайындаған. Бұлар Халық-азаттық армиясының теңізден өтіп аралды басып алуға мүмкіндік бермейді деген үміт десе де болады.
Дегенмен, United Daily News басылымы жақындағы хабарына қарағанда, Тайуанның Ұлттық қорғаныс министрлігі де жақында «ҚКП-ның әскери қуаты туралы есепті» жария еткен. Онда Қытай тарабы жасанды жер серіктерді және басқа да құрылымдарды пайдалана отырып, Тайуанның әскери динамикасын, соғыс алаңын барлаудың толық дайындығын, әуе қорғаныс жүйесінен тартып, өнеркәсіп көздеріне шабуыл мүмкіндіктеріне дейін толық біліп болғаны айтылған. Соған сай, үшінші жақ әскери күштердің килігуін болдырмау және Тайуанның қарсылық қуатын басуды жіті жоспарлап болуы мүмкін деген болжамдар бар.
Тайуан бұғазындағы соғыыс қалай болуы мүмкін...
Қытай Халық-азаттық армиясы Тайуанға шапқыншлық соғысты бастаған жағдайда не болуы мүмкін? Кім не істеу мүмкін? Тараптар қандай шабуыл, қорғаныс тәсілдерін жасауы мүмкін? Тайуан және Конгонгтың ықпалды басылымдары қазір осы тақырыптарды қаузап жатыр. Сарапшылардың пікірінше, егер АҚШ-тың әскери көмегі бұғатталып қалса немесе кешіктірілсе және Тайуан тарабы өзінің зымыран, дрон немесе алыс аралықты артиллериялық күштері арқылы Қытайдың A2/AD қорғаныс шебіне соққы беріп үлгірмеген жағдайда Қытай әскери күштерінің алғашқы зымыран шабуылдарынан кейін Тайуанның маңызды әскери базалары, инфрақұрылымы, әуежайлардың ұшу алаңдары немесе зымырандарды ұшыру алаңдары жойылуы мүмкін. Бұдан кейін коммунистік партияның қарулы күштері әуе күштерінің басымды арқылы жеңіске қол жеткізуі де бек мүмкін. Бұл сондай-ақ, Тайуанның теңіздегі көп қабатты қорғаныс шебін де бұзады.
Нотр-Дам университетінің профессоры Евгений Гольц болса Тайуанға мынандай ұсыныс айтады: Тайуан қорғаныс шебі мен ұрыс икемділігін сақтаудан тыс, қарсыласын алжастыратын позицияларды орналастыруы керек. Сондай-ақ, радиолокациялық ұшыру станциялары мен шабуылдан зақымдалған жүйені тез қалпына келтіру үшін қосымша A2 / AD жүйелерін немесе жабдықтарын резервтеуді де ойға алғаны дұрыс. Бұған қоса, Халық-азаттық армиясының Тайуанның қорғаныс қуатын күйретудің алдын алу үшін жер бедерін, ғаламтор желісінің және ұрыс режимін басқару технологиясының мүмкіндіктерін толық пайдалануы тиіс.
Қорғаныс шығындары мен қорғаныс қуатының айырмашылығы, зымырандар, әуе және теңіз күштерінің саны мен қуаты жағынан Тайуан Қытай Халық-азаттық армиясына пар келмейтіні анық. Сондықтан да, Тайуан теңіз және әуедегі қарсыласу қуатынан айырылған жағдайда ұрыс алаңы Тайуан аралының батыс жағалауы болады. Одан кейінгі жағдай Қытай қарулы күштерінің аралды қаншалықты игергеніне және Тайуанның құрлықтағы күштерінің қаншалықты тосқауыл бола алатынына байланысты.
Сондықтан да, америкалық қорғаныс сала мамандары Тайуанды қысқар аралықты соғысқа, яғни аралдағы шешуші шайқасқа да толық дайындықта болуға кеңес беруде. Былайша айтқанда, аралдың батыс жағалауынан тартып, таулы аймақтардағы және көшелерге дейінгі қарсылық әрекеттерін жоспарлап, алып айдаһардың жемді оңай жұта алмайтынына көзін жеткізу аса маңызды деген пікірде.
Қытай Тайуан аралын толық бақылауға алуға дайын ба?
Тайуанның Ұлттық қорғаныс министрлігінің есебіне қарағанда, «Халық-азаттық армиясы қазіргі уақытта көлік құралдары шектеулі болғандықтан және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне байланысты кең ауқымды десант операцияларын жүргізуге әлі толықтай қабілетсіз». Жауынгерлермен тікелей аралды басып алуға толық дайындығы жоқ деген бағасына келіспейтін сарапшылар бар. Олардың айтуынша, Қытай Тайуан аралының батысындағы бірнеше маңызды порттарды басып алу арқылы мыңдаған әскерлерді сол порттар арқылы құрлыққа жайылта алады. Оған қоса әскерлерді тасу үшін әскери кемелерден тыс жүк кемелері мен тасымал ұшақтарды да пайдалануы мүмкін деп есептейді.
Бұғаздың екі жағалауындағы әскери күштерді салыстыра келе қазір Тайуанның қауіпті жағдайда тұрғанын бағалауға болады. Үш тараптағы мұндай қадамдар өңірдегі қақтығыс қаупінің қаншалықты деңгейде екенін көрсетеді. Олардың әскери жауаптасуынан бұрын, оғанға дейінгі әрекеттері соғыс қатерін біртіндеп жақындата түсетіні байқалады. АҚШ пен Қытай арасындағы бәсеке бір ғана әскери салаларды қамтымайтынын ескерген жөн. Инвестиция, сауда қарым-қатынастары, өндіріс, жаңа технология секілді қазіргі әлемдік ықпалды салалардың бәрінде жүруде. Осындай шешуші кезеңде Бейжің билігінің Тайуанға ұрыс ашып, коммунистік партияның Қытайдағы билігін тәуекелге тігуге батылы да жете қоймауы мүмкін.