Қытай мен Үндістан шекарасында тағы да жанжал болды. Бұл рет шекара аймағында оқ атылды, бірақ қаза болғандар туралы мәлімет жоқ.
Кеше, 8 қыркүйек Қытайдың Батыс әскери қолбасшылық штафыны ресми мәлімдеме таратып: «Үнді сарбаздары дүйсенбі күні шекараны заңсыз кесіп өтіп, батыс шекарадағы Бангуң көлінің оңтүстік жағалауындағы Шынпау таулы аймағына кірді. Қытай шекара күзетіне қауіпті әрекеттер тудырғандықтан, шекара күзеті қарсы шара қабылдауға мәжбүр болды», – деген. Алайда, Үндістан сарбаздарына қарсы Қытай тарабы қандай шаралар қабылдағаны анық айтылмаған. Сондай-ақ, мәлімдемеде Үндістанды ауыр әскери арандатушылық жасады деп айыптаған.
Қытай тарабының мәлімдемесінен кейін Үндістан Қорғаныс министрлігі де мәлімдеме жасады. Онда Қытайдың Батыс әскери қолбасшылық штабы жасаған мәлімдеме ішкі және халықаралық қоғамдық пікірді бұрмалау үшін жасалған делінген. Үнді Қорғаныс министрлігі өз мәлімдемесінде сарбаздарының аталған шекара сызығынан мүлде өтпегенін және Қытай шекарашыларына қауіп тудыратын әрекеттерге бармағанын айтқан.
Үндістан тарабының ресми мәлімдемесінде, 7 қыркүйек күні Қытай әскерлері үнді шекара қарауылдары орналасқан жерге жақын келмек болғаны, мақсаттарына жете алмағандықтан қорқыту мақсатында аспанға оқ атқаны айтылған. «Үнді сарбаздары байыптылық танытып, қақтығысты болдырмауға тырысты. Алайда, Үндістан армиясы өз территориясын берік қорғайтынын анық көрсете алды», – делінген Үндістан Қорғаныс министрлігінің мәлімдемесінде.
Маусым айында үнді-қытай шекарашылары арасында қақтығыс болып, үндістандыұ 20 сарбаз қаза тапқан. Қытай тарабы қаза болғандар санын жария етпеген. Бұл Қытай мен Үндістан арасындағы соңғы 50 жылдағы ең үлкен қанды қақтығыс саналады.
4 қыркүйек күні екі елдің қорғаныс министрлері Мәскеудің ара ағайындық етуімен үстел басында кездескен еді. Алайда, ешқандай жетістікке қол жеткізе алмады. Қытай қорғаныс министрі Вей Фыңхы Ладах шекара аймағындағы дау-жанжалдың барлық жауапкершілікті Үндістанға артты. Сондай-ақ Қытай тарабы келіссөз үшін бір сүйем жер де жоғалтпайды деген позициясын білдірді.
Халықаралық ықпалды ақпарат құралдары да Үндістан мен Қытайыдың қазіргі жанжалына назар аударып отыр. Әскери сарапшылардың пікірінше, екі елдің шекарадағы қақытғыс қаупін болжау мүлде қиын. Кез-келген уақытта ауқымды қақтығыстар болып кету мүмкнідігі жоғары. Тараптардың қатал шешімдері екі елді де өздері қаламайтын соғысқа алып кіруі мүмкін деп болжайды.