Қытайдың билік жүйесінде үлкен саяси үрдістің басталып жатқаны байқалады. Бұл саяси үрдіс партия ішіндегі тәртіпті нығайту, партия билігін орнықтыруға бағытталған.

ҚКП жетекшілері жоғары билік өкілдерінен тартып, жергілікті полиция, судья, прокурорлары мен қауіпсіздік қызметі шенеуніктеріне дейін Мау Зыдоңның (Мао Цзэдунның) саяси тазарту турасындағы теорияларын үйренуге тапсырма берген. ҚКП-ның бұрынғы жетекшісінің әдістері партияға адал еместерді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және билікті асыра пайдалану әрекеттеріне қарсы күрестің негізгі ұстанымы етпек.

Тіпті бұл үшін Мау Зыдоңның 1940 жылдары жүргізген «Ян-ан саяси түзету қозғалысын» үлгі ету керектігі айтылған. Мау бұл ретификация қозғалысы арқылы партия ішіндегі басқаруды нығайтқан болатын. Кезекті саяси науқанға қатысты пәрменді тапсырмаларда «сүйектегі уды қырып тастау», «жеке адалдықты тастап, күдікті әріптестерді де әшкерлеу» сынды өткір сөздер де қолданылған.

Тәуелсіз сарапшылар Қытай билігі ішіндегі бұл өзгеріс екі жылдан кейінгі билік алмасудың алдында жасалып жатқан «ішкі тазалау» әрекеті деп қарайды. 2013 жылы билікке келген Ши Жинпиң (Си Цзинпинь) өз өкілетті мерзімінің екінші кезеңінде. Бірақ, бір жыл бұрын Қытай басшысы партия жарғысы мен конституциялық өзгерістер енгізіп, мемлекет төрағасы, партия жетекшісінің тек екі кезек билік жүргізу сынды шектеуді алып тастаған болатын. Ал, кезекті саяси қозғалыста Мау Зыдоңмен қатар Ши Жинпиңның де саяси көзқарастары мен теориялық еңбектері қоса насихатталып жатуы қазіргі Қытай басшысының ұзақ мерзімдік билікте қалуына дайындық деуге болады.

Ши Жинпиң билікке келгеннен бері сыбайлас жемқорлыққа және партия тәртібі мен мемлекет заңын бұзушы шенеуніктерге қарсы күресті күшейтті. Нәтижесінде мыңдаған шенеуніктер сотталды, қамалды, қудаланды, тіпті өлім жазасына кесілді. Оған қоса саяси қарсыластарын да тазалады деген де пікірлер бар.

 

“The Qazaq Times”