Омбы қаласының №1 жедел жәрдем ауруханасының басшылығы қастандықпен уланған саясаткер Алексей Навальныйды Германия клиникасына алып кетуге рұқсат бермей жатыр. Оппозиция бағытындағы саясаткердің баспасөз хатшысы Кира Ярмыш ресейлік дәрігерлер оның «бойынан қауіпті у табылғанын, қазіргі жағдайы тұрақсыз екенін айтып», басқа жаққа ауыстыруға рұқсат етпегенін хабарлады.
«Бас дәрігер Навальныйдың жолға жарамайтынын айтты. Хәлі тұрақсыз. Оны әкетуге туыстарының шешімі жеткіліксіз», – деп жазды Ярмыш Твиттер парағында.
Бұған дейін Германия және Франция басшылары Ангела Меркель мен Эммануэль Макрон Навальныйға жоғары деңгейде медициналық көмек көрсетуге дайын екенін хабарлаған. Сондай-ақ немістің DРА агенттігі бүгін таңға қарай Ом қаласына ес-түссіз жатқан саясаткерді Берлинге жеткізуге арнайы ұшақ жіберілгені жөнінде мәлімет таратты.
Ресей уланған оппозиционері Навальныйды Германияға эвакуациялауға рұқсат етпей жатыр. Ярмыш бұл ұшақтың Ресейге келе жатқанын растады:
«Алексейді эвакуациялауға арналған ұшақ бір сағатта қонуы керек. Навальныйды алып кетуге шектеу, бұл – дәрігерлер мен алдамшы биліктің белсенді өміріне жасап жатқан қастандығы», – деп жазды ол.
Ярмыштың айтуынша, бірер сағат бұрын медицина қызметкерлері Навальныйды әкетуге, тасымалдауға рұқсат беріп, артынан айнып қалған. Ол шешімнің аяқ астынан бұлай құбылуына Кремльдің тікелей қатысы бар деп санайды.
Билік әрекетін үнемі өткір әрі ашық сынға алатын Навальный «емделіп жатқан» Омбы қаласында қазіргі таңда оның әйелі Юлия және інісі Олег бар. Олар таңертең ФБК («Коррупцияға қарсы күрес қоры» – QT) директоры Иван Ждановпен бірге БАҚ өкілдеріне арнайы мәлімдеме жасады.
https://twitter.com/Kira_Yarmysh/status/1296681869099008000?ref_src=twsrc%5Etfw%7Ctwcamp%5Etweetembed%7Ctwterm%5E1296681869099008000%7Ctwgr%5E&ref_url=https%3A%2F%2Ftvrain.ru%2Fnews%2Fzhdanov_v_organizme_navalnogo_nashli_veschestvo_opasnoe_dlja_okruzhajuschih_ego_nazvanie_ne_govorjat-514724%2F
Ждановтың айтуына қарағанда, Алексейдің бойынан табылған удың нақты не екені тергеу құпиясы ретінде әзірге белгісіз. Диагнозы да қойылмаған. Дәрігерлер оған саясаткердің маңында арнайы қорғаныш киіммен ғана жүруге болатынын айтыпты. Бүгін Навальный жақтастары дәрігерлермен жиын өткізбек.
Күні кеше, 20 тамыз, бейсенбі күні ертеңгілік Томск қаласынан Мәскеуге бет алған оппозиционер саясаткер Алексей Навальный бортта жағдайы нашарлап, ұшақ дереу Омбы қаласына қонуға тура келген. Содан бері ол комада жатыр. «Интерфакс» ақпарат көзінің хабарлауынша, ауыр хәлде жатқан Алексейдің болжалды диагнозы – белгісіз психодислептикалық заттан (галлюцинация тудыратын – QT) уланған болуы ықтимал. Аурухананың бас дәрігері оның жансақтау бөлімінде ӨЖЖА құрылғысында жатқанын хабарлады.
Осы оқиғадан кейін кешкісін Навальныйды қолдау мақсатында Мәскеу, Петербург, Новосибирск, Төменгі Новгород қалаларында ондаған адам наразылық өткізген. БАҚ өкілдері таратқан ақпарат бойынша, олардың көбін полиция ұстап әкеткен.