Сәрсенбіде Пентагон АҚШ қорғаныс министрі Марк Эспердің Үнді-Тынық мұхит аймағына қызметтік сапармен баратынын мәлімдеді. Пентагон басшысы кезекті сапарында Гавайи, Палау және Гуам аралдарындағы әскери күштерді аралайды. Сондай-ақ, жергілікті әскери жетекшілер және шетелдік серіктестерімен кездесулер өткізбек.

Эспер кезекті сапарында қазіргі кезде Құрама Штаттың аймақта ұстанып отырған саясатын, яғни «еркін және ашық Үнді-Тынық аймағы» ұстанымын жүзеге асыру, халықаралық ережелерге сай қауіпсіздік тәртібін нығайтуды басты мақсат еткен. Сондай-ақ, Пентагон басшысы Тынық мұхиты мен Үнді мұхитында жатқан серіктес елдермен Қытайдан төнетін қауіпке қарсы ынтымақтастықты нығайтуды ең басты назарға алмақ.

Құрама Штаттар Қытайды Үнді-Тынық мұхиты аймағына қауіп төндіруші ретінде қарастырады. Соңғы бірнеше жылда АҚШ аймақтағы елдермен қорғаныс ынтымақтастығын барынша дамытып жатыр. Бұған дейін әскери алмасулар болмаған көптеген елдерді өз қатарына тартуда. Бұл Бейжіңнің аймақтағы өсіп келе жатқан қатеріне қарсы шаралардың ең негізгісі саналады.

Қазір, АҚШ пен Қытайдың дипломатия және сауда қатынасына қоса қорғаныс саласындағы қарым-қатынасы да қауіпті деңгейде тұр. Тамыздың бас шенінде Эспер мен Қытай қорғаныс министрі және мемлекеттік кеңесші Вэй Фыңхымен телефон арқылы сөйлескен болатын. Сөйлесу кезінде олар АҚШ-Қытай және екі ел әскери күштерінің қарым-қатынасы туралы талқылаған еді. Эспер Қытайды халықаралық тәртіпті сақтауға көбірек шақырған. Екі ел арасындағы қауіпті қақтығыстың алдын алу үшін тұрақты және нәтижеге бағытталған қорғаныс қарым-қатынасын сақтаудың маңыздылығы туралы ескерткен.

“The Qazaq Times”